Референдум-2022 • 26 Мамыр, 2022

Тарихи сәттен шет қалмайық

348 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа Қазақстанды жамау-жамау болған, суперпрезиденттік конституциямен құра алмайтынымыз айдан анық. Сондықтан да Президенттің Ата Заңымыздың 33 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы конституциялық реформасын толығымен қолдаймыз.

Тарихи сәттен шет қалмайық

Бəріміз жұмылып Жаңа Қазақ­стан­ды құруға бет ал­дық. Қ.Тоқаев Қазақстан Прези­ден­ті болып сай­лан­ғаннан бастап өзінің басты ұс­та­нымы əділеттілік екенін, онсыз қоғам ешқашан дамымайтынын айтып келеді.

Қоғам əділеттілік салтанат құр­­­­­ғанда ғана жаңарады, дамиды. Сыбайлас жемқорлық, ұлт­тық байлықтың теңдей жəне əділ бө­лін­­беуі, азаматтардың құқық­та­рының қорғалмауы, заңдардың толыққанды орындалмауы билік саясатының әділеттілігіне байланысты. Ел дамуы қоғамдағы келісім мен ынтымаққа, ауызбіршілікке тікелей байланыста болса, ол тек əділеттілік бар жерде ғана бола­ды. Өйткені әділеттілік – тəуел­сіз­діктің темірқазығы. Биыл 5 маусымда өтетін республикалық ре­ферендумның күн тәртібіне қо­йыл­­ған Конституциялық рефор­ма­ның түйіні де түптеп келгенде әді­лет­тіліктің салтанат құруына ба­ғыт­талған.

Конституциялық реформа – Пре­зи­денттің саяси реформалар бағ­дарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды саяси іс-шара. Конституциядағы өзгертулер мен толықтырулар жобасы Қазақстан халқының көке­йінде жүрген сұрақтарға жауап береді жəне бүкіл қоғамның мүд­десі үшін жүзеге асырылады.

Осы күнге дейінгі Ата Заңы­мыз­­ға енгізілген өзгерістер ха­лық­­­тың қатысуынсыз парламент ар­қылы өткізіліп келді. Ха­лық­­тың пікірі ескерілмеді. Ол өзгеріс­тердің барлығы президент билі­гін нығайтуға, күшей­ту­ге бағыт­тал­ды. Ал ендігі қабыл­данатын Конституцияның ерекшеліктері су­перпрезидентік басқарудан пре­зи­денттік республикаға көшу­ге, парламент пен мәслихат­тар­дың өкілеттіктерін көтеруге, ел басқаруда халықтың қатысу мүм­­кіндігін кеңейтуге, елдегі саяси күштердің белсенділігі мен бәсеке­лес­тігін арт­ты­ру­ға­, қоғам­да әділет­тіліктің орнатылуына, Жаңа Қазақстан құрудың құ­қықтық негізін қалауға, адамдар құқық­та­рын қорғауды жетіл­ді­руге бағытталған. Бір сөзбен айт­­қан­да, Конституциядағы өз­гер­­­тулердің көздегені – мемле­ке­ті­мізді жетілдіру, жаң­ғырту жəне нығайту. Мемле­ке­ті­міз­дің да­муының жаңа кезеңінде, Жаңа Қа­зақстанды құруға бағыт­тал­ған, еліміз үшін осындай аса ма­ңызды тарихи шешімдерді Прези­дент бүкілхалықтық тал­қы­­лауға салып, көпшіліктің ше­ші­­міне сүйеніп қабылдауды ұсы­­нып отыр. Конституциялық түзе­тулер жобасының бүкіл­ха­лықтық жаппай дауыс беру ар­қы­лы қабылдануы біздің демо­к­ра­­тиялық қағидаттарды берік ұста­на­тынымызды білдіреді.

Алдағы референдумды хал­қы­мыздың басым көпші­лігі қол­дайды. Алайда Конститу­ция­ның қазіргі жəне жаңа нұсқа­ла­ры­­ның айырмашылығын тү­сі­ну, ұсынылып отырған өзгер­ту­лер мен түзетулердің байыбына бару күнделікті тыныс-тір­ші­лі­гімен жүрген қарапайым жұрт­қа қиындық туғызатыны рас. Сон­дық­тан да референдум, онда қо­йылған мәселелер туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, еліміздің дамуына бағыт­талған стратегияның мəнін жет­кі­зуге барынша күш салуымыз керек.

Бүкілхалықтық референдум өткі­зілетін күнге аз уақыт қалды. Сондықтан осы қысқа мерзімді барынша тиімді пайдаланған жөн. Алайда ел арасындағы кез­де­сулерде, әлеуметтік желі­лер­де айтылып жүрген сөздерді, пікір­­лерді тыңдасаң, көп азамат әлі де референдум мен Ата Заңымызға ұсынылған өзгеріс­тер­ді толық түсіне қоймағанын байқаймыз. Олар конституциялық өзгерістердің мазмұнын жете түсіне алмауда. Сондықтан БАҚ арқылы беріліп жатқан референдум туралы ақпараттық хабарламалармен бірге, тікелей эфирлерде, газет беттерінде, әлеуметтік желілерде «Сұраққа жауап», «Ашық алаң», «Пікірталас» сияқты іс-шаралар көбірек өткізілсе дұрыс болар еді. Конституциядағы өзгеріс ен­гізілген әр баптың ескі және жаңа редакциясына талдау жасап, ұсынылып жатқан баптардың артықшылықтары, ол қоғамға қандай өзгеріс әкеледі, елді да­мы­туға, халықтың жағдайын жақ­сартуға қалай әсер ететіндігі тура­лы көпшілік түсінетіндей мағ­лұ­маттар берілгені жөн. Парламент пен мәслихат депутаттары, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар референдум туралы, референдумға қойылған мәселелер туралы Президент, Парламент сайлауы кезіндегідей әр таңдаушыға жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізгендері жөн. Түсіндіру жұ­мыс­тарына студенттерді де пай­да­ланған дұрыс. Әрбір қазақстан­дық осындай тарихи сəтте, ше­шу­ші кезеңде ел болашағын ай­қындауға тікелей атсалысуы қа­жет. Референдумда əр аза­мат­­тың дауысы маңызды. Біз рефе­рендумға қатысу арқылы елі­міз­дің бірлігі мен ынтымағын ны­ғайтуға, өзіміздің заңмен қор­ға­луым­ызға, сапалы өмір сүруімізге, жем­қор­лықтың жойылуына, мем­ле­кет­тік қызметтің ашық, қолжетімді болуы­на, еліміздің жарқын бола­ша­­ғы­на дауыс береміз.

Еліміз үшін ең басты мақсат – хал­­қымыздың әл-ауқа­ты­ның артуы. Экономикалық жетістік­те­рімізді әр қазақстандық сезінуге тиіс. Оған қол жеткізу үшін үздіксіз дамып, үнемі өрлеп, өр­кен­деуіміз керек. Қазақстан – де­мократиялық мемлекет. Осы­н­дай жауапты ке­зең­де ре­фе­рендумға қатысу аза­мат­тар­дың тек өзін-өзі құрмет­теуі ғана емес, жалпы Қазақ­стан­­ның болашағы алдындағы, ұр­пақ алдындағы жауапкершілігін көр­се­теді. Сондықтан референ­дум­ға белсенді түрде қатысып, өз таң­дауларын жасау – әр қазақ­стан­дық­тың азаматтық міндеті.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері