Абай атындағы ұлттық опера және балет театрында өткен Қазақстанның І мәдениет форумының кіріспе сөзін алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысушыларға ауқымды жиынның ұйымдастырылу мақсатын аз-кем түсіндіріп өтті. «Кез келген мемлекеттің өркениетті елге айналуының басты факторының бірі – сол ұлттың мәдениеті. Ұлттық рухын жоғалтқан елдің ертеңі жоқ. Жаңа Қазақстан деп аталатын маңызды кезеңде мемлекеттің идеологиясына тигізетін мәдениеттің ықпалын сөз еткен форум тақырыбы «Ұлт рухы – ұрпақ мұраты» деп аталуы да сол себептен. «Жаңа бетбұрыс саяси тұрғыдан ғана жаңару емес. Ол ұлттың мәдениетінен руханиятына дейінгі, әлеуметінен әдебиетіне дейінгі мәселені қамтиды. «Өнер – адам бойындағы қабілеттің ең биік көрінісі» деген сөз бар, сол ұлы қабілетті игілік пен ізгілік арнасына бұра алатын да сіздер. Сіздер ғана тарихымызды тасқа қашап, сіздер ғана ұлт музыкасы мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын ғасырдан-ғасырға жалғап келесіздер. Сол себепті де зиялы қауымды ұлттың ұяты, рух иесі деп бағалап жатамыз. Кез келген халықтың болмысы мен бітімін, тілі мен дінін айшықтағанда саясаткерін емес, алдымен ақыны мен жазушысын еске алады. Ағылшын тілін Черчилль мен Елизаветаның тілі деп ешкім айтпайды, ұлы Шекспирдің тілі, француз тілін Напалеонның тілі емес, Гюго мен Дюманың тілі деп таниды. Біз де ұлтымыздың шежіресін Қазтуған мен Шалкиіздің, Абай мен Ахметтің тілінде жазуды білеміз. Осындай рухтың қайнары – өздеріңізде», деді министр Д.Абаев.
Дәурен Әскербекұлы осыны терең түсінгендіктен де, министр ретінде мәдениет саласының қызметкерлеріне барынша жағдай жасауды міндет деп санайтынын айтты. Осы тұрғыда сала басшысы министрліктің қолынан бәрі келе бермейтінін де ашық мойындап, қолынан келетін шаруаны ғана жасауға уәде ететінін жеткізді. Сол себепті Мәдениет министрлігі жауапкершілігін мойнына ала алатын мына басымдықтарды айқындап, көпшілікке ұсынады.
Бірінші, отандық көркем туындылардың сұранысқа ие болуы мен бәсекеге қабілеттілігі. Отандастарының өз фильмін көріп, өз авторларын оқуы өте маңызды. Басқаша айтқанда, халықтың мәдени капиталын көтеру аса өзекті. Министрдің айтуынша, адамның ар-ұятын екі нәрсе ғана сақтап тұрады: бірі – білім, екіншісі – мәдениет. Егер дәл қазір мәдени қадамдарға мән берілмейтін болса, ертеңгі жарқын болашақты елестету қиын. Сондықтан да кітап оқитын қоғам қалыптастыру – министрліктің басты міндеті. Кітапханаға бас сұқпайтын қоғамнан қандай да болсын қатыгездікті күтуге болатынын ескерткен Дәурен Әскербекұлы: «Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастасаң, қару-жарақ пен ақша ғана қалады», деген сөз бар. Осы орайда барлығыңызды ашық кітап жәрмеңкесіне шақырамын. Нақты қадам ғана нақты нәтижеге жеткізеді», деді.
Екінші басымдық – маман даярлау мәселесі. Көп дүниенің кілті – кадрда. Бұл орайда жоғары оқу орындарындағы сапалы білім мәселесі сөз болды. Болашақ музыканттар, режиссерлер, актерлер мен суретшілердің бүгінгі білімі қандай деңгейде болса, ертеңгі мәдениетіміздің дәрежесі де сондай болмақ. Адам қаншалықты талантты болса да, ол талантты біліммен ұштамай, нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Д.Абаев Мәдениет министрі болып тағайындалғаннан кейін барлық өнер ошағын аралап шығып, бәріне ортақ бір мәселені аңдаған: барлық мекемеде жатақхана жетіспейді, жабдықтар ескірген, жалақы төмен. Бүгінде сол сеңнің шеті сөгілген. Министрлікке қарасты жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың жалақысы көтерілген. Сонымен бірге, музыкалық училищелер мен колледждерге жаңа жабдықтар, музыкалық аспаптар, кітаптар мен аппаратуралар алу үшін арнайы шаралар жоспарланып отыр.
Үшінші басымдық – мәдени мекемелердегі жұмыс сапасы. Республика аумағында мәдениет үйлерін, театрлар мен музейлерді есепке алғанда 7000-нан астам өнер ошағы бар. Оларды жөндеу, жабдықтау бойынша министрлік жоспары әкімдіктермен бірге әзірлену үстінде. Мысалы, биылдың өзінде 300-ге жуық нысан салынып, қайта жөндеуден өткізіледі. Бұл ретте министр ауылдық аймақтарға көбірек көңіл бөлінетінін атап өтті. Бұл нысандарды басқару жұмысы да – аса өзекті мәселенің бірі. Салынған мекеме қаңырап бос тұрмауы қажет, ешкім бас сұқпайтын мәдени мекеменің қажеті бар ма? Сауатты менеджмент жүйесін қалыптастыру дәл осындай мәселеден туындайды.
Төртінші басымдық – кино саласынан бастап кітап шығару ісіне дейінгі қаржыландыру мәселесінің әділ және ашық болуын қадағалау. «Мемлекеттік конкурсқа қатысқым келмейді» дейтін мәдениет қайраткері жетерлік. Өйткені олардың беті қайтқан, босқа уақыт шығындау деп санайды.
Министрдің айтуынша, Президент реформасы саяси құрылымның парадигмасын өзгерту үшін ғана емес, ол қоғамның жауапкершілігі мен еркіндігі арасындағы тепе-теңдігін тереңдете түседі. Бұл – күрделі үдеріс. Ел бірлігін нығайтуда мәдениет қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің алар орны айрықша.
Дәурен Абаевтың ресми баяндамасынан кейінгі сөз кезегі сахнаға жайғасқан сегіз спикерге берілді. Руханияттың сегіз саласы бойынша ой саралауға келген спикерлердің қоғамдағы қызметі мен көзқарасы әр алуан. «Өмірде менің көзім анық жеткен ақиқат мынау, мәдениетті жасайтын – адам, ал адамды жасайтын – мәдениет» деп алғашқы сөз тізгінін алған Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет қаңтардағы қанды оқиғадан кейін бұрынғыша өмір сүре алмайтынымызды, ұлтымыздың ең негізгі белгісі ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтетін жеке заңнаманың болмауын күйіне жеткізді. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап жатқан кезде ЮНЕСКО тарапынан Шымкент қаласының 2200, Түркістан қаласының 1500, Тараз қаласының 2000 жылдығы арнайы қаулымен бекітілгенін еске салған ақын: «Ендеше, еліміздің тарихы жас, қалаларының кәрі болғаны орынды ма?» деген сауал тастады. «Жаңа Қазақстан тарихын Ботай мәдениетінен бастаймыз ба, әлде Шымкент тарихымен шектелеміз бе? Ботай мәдениеті – біздің төл тарихымыз, біреуге беретін жеріміз жоқ, тарихымыз да жоқ. Сол себепті Жаңа Қазақстанды Ботаймен байланысты 3700 жылдық жаңа тарихпен атап өту қажет деп білемін. Туған тарихымыздың түп-тамырын күл-қоқыстан аршып, жаңа ұрпаққа ұсынайық», деді.
Ақын, аудармашы Бақыт Қайырбек барлық мәдениет қызметкерін «шырақшы» санайтынын айтты. Саналы адам өзіне қоятын салмақты сауалдың бәріне өнер, мәдениет арқылы жауап алатыны шындық. Нақ осы шығармашылық адамдарының жұмысы нәтижесінде адам өз өмірінің мәнін терең, жарқын әрі толық сезіне алады. Егер шығармашылық адамының тағдыры туынды жазудан тұратын болса, ол – шырақшы. Олар рухани алаудың шырағын ешқашан сөндірмей, мәңгі күзетте тұрады.
Руханияттың жайы қозғалған жерде бірге айтылатын күрмеуі қиын мәселе – кітап шығару ісі. Миллиондап ақша шашатын Қазақстандағы баспа қызметін 1-2 мың еуро жұмсап қана шешетін Сербия елінің тәжірибесімен байланыстыра қарастырған мәдениеттанушы, аудармашы Зира Наурызбаева бұл саланы бүге-шігесіне дейін жетік білетінін аңғартты. Себебі өзі жазушы, өзі маркетолог, өзі есепші З.Наурызбаева кітап шығару ісіндегі қитұрқылықпен бұрыннан таныс болғандықтан, бар шындықты жайып салды. «Шығармасы шетел оқырманына қызықты бола ма?» деп сауалдың басын ашып алмай, «Қазақ әдебиетін шетелде танытамыз» деп қазынадан мол қаржыны бөлдіріп алғандар баспа іздеп, аудармашы іздеп, оларды елге қонаққа шақырып, қыдыртып әлекке түсетініне қынжылыс білдірді. «Жемқорлыққа жол берілмесін» деп бәрін ереже, заң бойынша жасап, тексеріп, қадағалағанның өзінде өткен жылдары есімі елге белгілі үлкен қаламгердің испан тіліне аударылған кітабы гугл тәржіма болып шықты. Дайын бюджетпен, шенеуніктермен тіл табысып кітап шығаратындар қалыптастырған тамыр-таныстыққа негізделген ескі жолды сүріп тастамай, бұл жүйеде елеулі өзгеріс болмақ емес.
Форумда үлкен мәселе қозғағандардың бірі – Қанат Айтбаев. Әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеннің әкесі соңғы жылдары баласының продюсері бола жүріп бетпе-бет келген мәдениет төңірегіндегі сын көтермейтін мәселелердің біразын санамалап шықты. Өзін блогер санайтындардың да, кәсіби тілшілердің де рейтинг үшін жағымсыз ақпаратты астын сызып тұрып, айшықтап, алақайлап насихаттап жататынына қынжылыс танытты. Жаман нәрсенің таралып кетуінен қауіптеніп, «мал құлағы саңырау» деп, баланың бойына сіңбегенін қадағалап, естіген бойда ескерусіз қалдыруға тырысатын қазақы мінез адам танымастай өзгерген қазір. Себебі адам жаман, ұятты әңгімені алғаш естігенде шошып кетеді, екінші рет естігенде құлағы үйрене бастайды, үшінші естігенде бойы үйренеді, төртінші естігенде ол қоғамның қалыпты жағдайына айналады. Осыған тыйым керек. Жаманаттың таралмауына барынша көңіл бөлген абзал. Сондай-ақ Қ.Айтбаев youtube арналарындағы кейіпкерлері былапыт сөйлейтін, қатыгездік пен жауыздықты қарадүрсін суреттеген жеке студияның фильмдерін бақылау қажеттігіне, қазақтың татулығы мен туыстығына қызмет етіп отырған той қуанышының тағылымы биік бірыңғай форматын әзірлеуге назар аудартты. Шетелден келіп қазақ сахнасында өнер көрсететін әртістер біздің санамызға қандай ақпаратты құйып жатыр? «Құрылыс нысанын салғанда да, архитектуралық бақылау, геодезиялық бақылау, техникалық бақылау, санэпидемиялық бақылау деген талап-ереже негізінде салынады. Ендеше, қоғамдық сананы бақылау деген ұғым бізде неге жоқ? Қоғамдық сана – өскелең ұрпақтың тәрбиесі, руханияттың діңгегі болуға тиіс. Мәдениетті ұрпақ өскен жердің қоғамы көркем, ал көркем қоғам жасауға сіз бен біз атсалысып жүрміз бе?» Әнші, продюсер қойған бұл сұрақ – мәдениеттің басты мәселесі.
Форумда кинорежиссер Ермек Тұрсынов қысқа мерзімде өзгерген ұлт болмысы, комедиялық фильм түсіруге әуес білімсіз жастар туралы, Канн фестивалінің жеңімпазы, актриса Самал Есләмова киноның көркем құндылығын арттыру, өнертанушы Ольга Батурина буын сабақтастығының бейнелеу өнеріндегі әсерін есепке ала отырып, жас ұрпақтың өзінің төл, жаңа образын қалыптастыруы, жаңашыл бағыттағы режиссер Фархад Молдағали драма режиссерлерін шетелдік шеберлік сабақтары мен тағылымдамадан өткізу, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали ұлттық өнерді насихаттайтын орталық ашу туралы ой-ұсыныстарын ортаға салды.
Бүкілқазақстандық І мәдениет форумында айтылған әңгіме, қозғалған мәселе, екшелген ұсыныстар аз болған жоқ. Министрліктің қолынан бәрі келе бермейтінін бірден басын ашып айтқан министр осының бәрін мұқият тыңдап алып, қорытынды сөзін былайша түйіндеді:
– Алдағы уақытта балалардың атына арнайы карта ашылады. Үкімет ол картаға ақша бөледі. Бірақ бала ол картадағы ақшаны жұмсай алмайды. Ол ақша музейге, театрға барғанда ғана пайдаға асады. Бұл – жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жасалатын игі қадам.
Бұл алаңда той туралы айтылды. Той – қазақтың феномені. Ол зерттелуі керек. Оның жақсы-жаман жағы бірдей болғанымен, той – елді біріктіретін күш. Министрлік тарапынан қарауға дайынбыз. Ал кешегі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болған келеңсіздік – мәдениет форумында талқылауға тұрмайтын нәрсе, өйткені мәдениетсіздік көрсеткен жас жігіттердің әрекеті тәрбие мәселесіне көбірек келеді.
Сондай-ақ министр мәдениет пен өнер саласындағы қызметкерлер үшін жыл соңында ұлттық сыйлық тағайындалатынын, ұлттық мәртебесі бар мекемелерде жалақы мөлшері көтерілетінін хабарлады.
Форумның екінші бөлімінде мәдениет саласында ұзақ жыл қызмет етіп, еңбегі сіңген 47 өнер өкілі «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды. Алғаш рет ұйымдастырылған мәдениет форумы алдағы жылы да жалғасын тауып, дәстүрге айналатынына сенім білдірді.
АЛМАТЫ