![Өркенді өзгерістерден шет қалмайық](/media/2022/05/30/zha-a-aza-stan-fota-1.png)
Нақтырақ айтқанда, тиісті Жарлыққа қол қойылып, соған сәйкес алдымыздағы маусым айында ел картасында жаңа облыстар пайда болады. Олардың қатарында орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысы да бар.
Аталған өңір тұрғындарының бұл шешімді көптен күткені рас. Әкімшілік құрылым мен аумақтық бөлініс әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуді көздейді. Осы орайда менің ойымша, бұл өзгерістерге тиісті аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, жүк айналымы логистикасын жетілдіру, еңбек ресурстарының ішкі көші-қон ағынын оңтайландыру, демографиялық үдерістерге оң ықпал ету сынды шарапатты шаруалар мықты негіз бола алады.
Жаңадан құрылған облыстар сияқты Ұлытау өңірі үшін де бұл Жаңа Қазақстанның ерекше драйвері бола алатын тарихи мүмкіндік деп те айтуға болады. Осы істе экономиканы құрайтын өндірістік әлеует қана емес, әлеуметтік-мәдени сала да өзінің үлкен маңызға ие болатынын ескерген жөн.
Мысалы, Ұлытау өңірі туристік кластердің екінші тынысын аша алады деп сеніммен айтуға болады. Техникалық мүмкіндіктермен қамтамасыз етілген, Жезқазғанның шетсіз-шексіз даласымен үндескен Жошы хан тарихи-мәдени орталығының әлемдік туризмнің бір пұшпағы болуға мүмкіндігі зор.
Ал ғарыш айлағы ше?! Ғылыми және тарихи туризм үшін қаншама мүмкіндіктерді әзірге бүркеп тұр десеңізші?! Бұған қоса дәл осындай мүмкіндіктің Абай облысындағы Абай мен Шәкәрім кешенінде де бар екенін айтуға болар еді.
Әлбетте, жаңа облыстардың басшылары мен тұрғындары үшін өңірде нені қалай дамыту керегі айқындалған болуы керек деген ойдамыз. Дегенмен біздің азаматтар сол өңірлердегі отандастарымыздың бастамаларына қызығушылық танытып, ауызбіршілігін білдіріп, үнемі қолдап отырулары керек. Идеялармен бөлісіп, жаңа облыстардың құрылысына тікелей ат салысып, олар көтеретін қабырғалардың нық болуына қолұшын созған абзал. Бұл – біздің бәрімізге қатысты қасиетті борыш.
Вилен МОЛОТОВ-ЛУЧАНСКИЙ,
профессор, медицина ғылымдарының докторы,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі
ҚАРАҒАНДЫ