Спорт • 30 Мамыр, 2022

Ақтауда айқасады

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

11 маусымда Ақтауда Adal Promotions промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен кәсіпқой бокс кеші өтетіні белгілі. Сол жарыстың ­басты жекпе-жегінде орта ауыр салмақта күш сынасып жүрген қазақтың қайсар ұлы Бекзат Нұрдәулетов аргентиналық Дурваль Паласиомен шаршы алаңға шығады.

Ақтауда айқасады

Бекзаттың әуесқойлар рингінде елеулі табыстарға қол жеткізгені баршаға мәлім. Марат Жақиевтай білікті маманнан тәлім-тәрбие алған 24 жастағы Маңғыстау облысын­да­ғы Жаңаөзен қаласының тумасы 2006 жылы жастар арасындағы әлем бірін­шілігінде қола медальды иелегеннен кейін көпшілік назарына ілікті. 2009 жылы Ресейдің Екатерин­бург қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатында қандасымыз жасындай жарқылдап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Әсіресе ол Хулио де ла Крусты ұтқанда шат­танбаған қазақ қалмады-ау! Тіпті Нұр­дәулетов Рио Олимпиадасының жеңім­пазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы, Панамерика ойындарының үш дүркін жеңімпазы деген атағы бар даңқты кубалық бокс­шыны есең­гіретіп те тастады. 

Бекзат 2021 жылы Токио Олим­пиадасына қатысты. Өкінішке қарай, жапон жерінде оның жолы болмады. 2020 жылдың күзінде ол Атырауда кәсіпқойлар арасындағы тұсаукесер кездесуін өткізіп, танзаниялық Ибра­гим Маджогынды екінші раундта ұрып жықты. Одан кейін нигериялық Ка­биру Товалави мен өзбекстандық Фа­рух Жураевты ұпай санымен ұт­ты. Биыл 5 ақпанда Ақтауда өткен турнирде нидерландтық Чисо Квасиді тоғызыншы раундта есінен тандырған Нұрдәулетов WBO Youth нұсқасы бо­йынша әлем чемпионы атанды. 

Бекзаттың келесі қарсыласы да осал емес. «Бомбалаушы» деген лақап атпен танылған аргентиналық Дурваль Паласио осы күнге дейін 11 кездесу өткізіп, соның тоғызын өз пайдасына шешкен. Алты бәсекеде айқын басымдық танытты.

Ақтаудағы бокс кешіндегі Бек­ман Сойлыбаев пен Мейірім Нұр­сұл­тановтың да жекпе-жектері көпші­ліктің қызығушылығын тудырады деген ойдамыз. 31 жастағы Бекман (13-1, 5 KO) өзінен он жас үлкен мексикалық Томас Рохаспен айқасады. Ацтектер елі өкілінің жүріп өткен жолына таңданбау мүмкін емес. Кәсіпқой рингтегі өзінің тұсаукесер кездесуін Рохас осыдан ширек ғасырдан аса уақыт бұрын өткізген екен. Сол кезден бері рингке 74 рет көтерілді. 52 мәрте жеңіске жетіп, 34 қарсыласын нокаутқа жіберді. 19 рет жеңіліп, бір бәсекені тең аяқтады. Бір айта кетерлігі, дәл сол жарыс өтетін күні Томас 42 жасқа толады. Ал ешкімнен жеңіліп көрмеген 28 жастағы Мейірім Нұрсұлтанов (16-0, 9 КО)  аргентиналық Себастьян Орасио Папескимен айқасады. Оның көрсеткіші – 21 жекпе-жек, 18 жеңіс (6 нокаут) және 3 жеңіліс.