Аймақтар • 30 Мамыр, 2022

Алматы метросында жаңа екі бекет ашылды

402 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» метро станциялары іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы метросында жаңа екі бекет ашылды

Алматы әкімінің айтуынша, олар қазір қызмет көрсетіп тұрған тоғыз станцияның жалғасы ретінде қала орталығын шеткі аудандармен байланыстырады.

Екі жаңа бекет іске қосылғалы метро желісінің жалпы ұзындығы 3,1 шақырымға ұзарып, 13,4 шақырымды құрайды. Желі бойына 7-10 минут сайын жүретін төрт вагонды 15 электр пойызын жіберу жоспарланған. Метро күніне 85 мың жолаушыға дейін тасымалдай алады.

«Бауыржан Момышұлы» станциясы Абай даңғылы бойында Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Таяз орналасқан, екі вестибюль мен алты кіреберісі бар. Станцияда алты жеделсаты мен он бес эсколатор орнатылған. Платформа ұзындығы 108 метр Алматы метро желісінің он бірінші станциясы әзірге соңғы станция болып саналады.

Станция үлкен тұрғын алабының ортасында орналасқан. Қабырғалар мен тіреуіштерді безендіру үшін ашық реңкті маржан-сұр түсті ағаш тектес керамикалық панельдер, ал еденді қаптауға - ашық сұр түсті табиғи гранит пайдаланылған.

Болашақта «Қалқаман» станциясы құрылысын аяқтап, метроны батыс бағытта «Барлық» базарына дейін дамыту жоспарланған.