Қазақстан • 31 Мамыр, 2022

Құмда қалған қайраткер

2313 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қалың шеңгел бетімізді осқылап, алға басқан қадамымыз өнбей келеді. Соқпақ ну жынысқа келіп тірелгенде жолбасшымыз, жергілікті өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы «Жігіттер, әрі қарай жол жоқ, кері қайттық» деп дауыстады. Тарау жолдың біріне түсіп, діттеген жерімізге жақындап қалғанда жайылған су жолымызды кесті. Тәуекел деп тарта бермек едік, батпаққа тобықтан батып, кері бұрылдық. Бұл – кезінде қалың елге билік айтып, Сырдың белгілі азаматтарының бірі болған қайраткер Мұңайтпас Лапиннің басына зиярат етуге барғанда көргеніміз еді.

Құмда қалған қайраткер

«Қызыл террордың» алғашқы құрбаны

Бұл сапардың ұйымдастырушысы – облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы. Облыстық музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау мен Ақмешіт филиалының ғылыми қыз­меткері Гүлзира Әубәкір, осы өлкенің өткені мен тарихи тұлғаларын түгендеп жүрген жергілікті өлкетанушы Жұма­бай Байзақтың бастауымен елін өнер-білімге сүйреп, құм арасынан еуропа­лық үлгідегі мектеп ашқан Лапы баласы Мұңайтпастың есімін жаңғырту мақсатында жолға шыққанбыз. «Қызыл террордың» алғашқы құрбаны болған Мұңайтпас Лапин 1918 жылы Қызылорда ревкомының төрағасы Гержодтың қолы­нан қаза табады. Қанішерлігіне қарай қазақтар Кәріжұт деп атаған әпербақан төраға қайраткердің Сейдалы, Әлиасқар, Әлиәкпар атты ұлдарын да оққа байлайды. Тарихшылар Лапиндер әулетінің қазақ қоғамына ықпалы туралы әлі де толыққанды зерттеп, қайраткердің шын бағасын беруіміз керек деген пікірді айтады.

Лапының әулиеге ат атап, Қорасанға қой атап жүріп тілеп алған жалғыз ұлы Мұңайтпас өжет әрі өз заманының ал­ғыр ойлы азаматы болып өседі. Ұзақ жыл осы өңірде болыс болған оның 19 баласы болған деседі. Революцияға дейін қазақ даласындағы санаулы ғана болған еуропалық мектептің бірін ашқан осы Мұңайтпас Лапин. Балаларының материалдық байлықты місе тұтып, ас ішіп, аяқ босатқанына мәз ауқаттылар қатарында қалып қоймауын қадағалаған болыс оларды Алмания, Ресейде оқытты. Уақытында ештеңеден кемдік көрмеген, төрт құбыласы тең болған қайраткердің ұл-қыздары да алғыр болып жетіледі.

Лапиндер мен Қожықовтар

Балаларының үлкені Сейдалысы қа­сында қалып, әке шаруашылығына ие болса, 1868 жылы Перовск уезі, Кеңтүп болысының 4-ауылында дүниеге келген Серәлісі әуелі ауыл молдасынан білім алып, кейін Ташкенттегі мұғалімдер семи­нариясын, 1891 жылы Санк-Петербург университетінің заң факультетін бітіре­ді. Түркістан өлкесінде түрлі әкімші­лік орындарда қызмет ете жүріп, сәулет өне­рі мен оның сырын зерттеумен жүйелі түрде айналысуға ден қояды. Араб, парсы тілдеріне жетік ол – Гөр Әмір, Регистан, Шаһи-Зинда кешендеріндегі, Көкілташ медресесі мен басқа да архитектуралық ескерткіштердегі араб жазуларын оқып, орысшаға аударған тұңғыш ғалым. Осы арқылы талай ғасырдың жүзін көрген ғимараттардың тұрғызылған уақытын анықтады. Регистан ансамбліндегі Шер-Дор, Тілла-Қари медреселерін әйгілі қазақ қайраткері Жалаңтөс баһадүрдің салдырғанын алғаш тапқан да осы Серәлі Лапин еді. Самарқанда қайтыс болған Серәлі бай-бағландар мен қайраткерлер ғана жерленетін Шаһи-Зинда қорымында жатыр. Қызылорда қаласында Серәлі атын иеленген көше мен орта мектеп бар.

«Хан мектебі» деп аталатын Мұ­ңайт­­пас ашқан еуропалық үлгіде білім беретін оқу орнының алғашқы мұғалім­дерінің қатарында XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы ұлт зия­лысының бірі, Алаш қозғалысының мү­шесі, көр­некті ұлт қайраткері Қоңыр­қожа Қожықов болды. Оның мұғалім­дер мен шәкірттер үшін араб-парсы әліпбиі негізіндегі «Әліппесі» Түркістан генерал-губернаторлығы оқу бөлімінің рұқсатымен жарыққа шығып, оқу құралы өлкедегі ағарту ісін ілгерілетуге септігін тигізген. Мұңайтпастың үлкен қызы Ләтипа осы Қоңырқұлжамен отбасы құрады. Еке­уінің төрт ұлы қазақтың өнері мен мәде­ниет өрістеткен азаматтар болып ержетті.

Түркістан Орталық атқару комите­тінің құрамына кірген Қоңырқожа ­Қожы­қов Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қо­жа­нов, Сейітқали Меңдешовтермен қатар аштыққа ұшырағандарды құт­қа­ру, қоныстандырумен айналысады. ­Осы қабағат тірліктен қолы қалт еткенде уақыт тауып, «Қазақстан тарихының» І-ІІІ бө­лімін жазып бітіреді. Отыз сегіз­дің оқпанына жұтылған ол 58 жасында ­айдауда жүріп көз жұмады.

Ләтипа Мұңайтпасова-Қожықова сахнаның әрлеуші-декораторы, ұлттық киім үлгілерін тігуші маман ретінде белгілі болды. Ләтипаның Үкімет тапсырмасымен Рузвельтке сый ретінде арнап тіккен ұлттық киімдері АҚШ-тың 32-президенті музейіндегі құнды экспонаттың біріне айналыпты.

Үлкен ұлы Қожахмет Қожықовтың есімі ұлттық графика өнерінің тұма бас­тауында тұр. Одан кейінгі Құлахмет қазақтың тұңғыш театр суретшісі, график, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері. Соғыстан алған жарақаты жанына батса да өнерін тастамаған Нұрах­мет ғажайып мүсіндер сомдап, артына мол мұра қалдырды. Ал 1923 жылы дүниеге келген Сұлтанахмет Қожықов – Мәскеудегі ВГИК түлегі. Басқа еңбегін былай қойғанда ұлттық кинотуындылар қатарына «Қыз Жібектей» шын мәніндегі көркем фильмді қосқан режиссер.

Мұңайтпастың тағы бір қызы Күлән­дәм белгілі қайраткер Сұлтанбек Қожа­новтың жары, лагерь азабын арқа­ла­ған аяулы жан. Бір перзенті Жағыппар Мұңайтпасұлы Қызылордадан ашылған театр өнерінің еңсе тіктеуіне өлшеусіз үлес қосқан меценат.

Гержодтың қолынан ажал құшқан Сейдалы Мұңайтпасұлының бір ұлы Ғани­­дың әйелі сахна саңлағы, әйгілі актриса Сәбира Майқанова. Серәлі Лапин­нің Смольныйдағы қыздар инсти­ту­тын­­да оқыған Рабиғасы 1913 жылы белгілі ­­қо­­ғам қайраткері Санжар Аспандияровпен тұрмыс құрады.

Қазақтың мәдениеті мен өнері осы екі әулеттің алдында қарыздар десек, ақи­қаттың ауылынан аса алыс қона қой­маспыз. Ал біз осы ардақтылар алдын­дағы парыз-міндетіміздің бір ширегін орындасақ, қазіргідей қайраткер басына жете алмай жігеріміз құм болар ма еді...

– Ағайындары қолдан келген қареке­тін жасап-ақ жатыр. Қоғалыкөл ауылында Мұңайтпас атамыздың ықпалы­мен салынған Бәлдік мешітін қайта жаң­ғыртуды да ойластырып отыр, – дейді Жұмабай Байзақ. – Жергілікті биліктегі азаматтар соның құжаттарын реттеуге қолқабыс тигізсе деген тілегіміз бар. Мүм­кін оны музейге айналдырып, осы маңайда кезінде сән-салтанаты жарасқан мекен болған Баршынкент, Қорғанша, Мыңшоқы секілді шаһарлардан табылған жәдігерлерді топтастырсақ құба-құп болар еді.

Енді кешігуге болмайды

Қол созым жердегі зиратқа жете алмай ошарылып бір топ адам тұрмыз. Бізге жолбасшылық жасап жүрген өлкетанушы Жұмабай Байзақ шыдамады білем, осы маңда қой бағып жүрген қойшының атын сұрап мініп, қалың шеңгелдің арасына сүңгіп кетті.

Қайраткердің басына белгі өткен ғасырдың 60-жылдары қойылыпты. Бұл жерде Мұңайтпаспен қатар інісі Сейіт­қан, балалары Әлиәкпар, Жағыппар жа­тыр екен. Мың құбылған саясаттан үріккен ел әуелгіде келіні Хадиша қойған көктасқа жақындауға қорыққан секілді. Тек ел ақсақалдары ғана осы маң­да белгілі адамның қабірі барын ке­йін­гілерге ескертіп айтып жүрген екен. Туысы Ишанбек Оңғарбаев осыдан 4 жыл бұрын облыста «Қожықовтар қол­таң­басы» атты іс-шара өткенде оған кел­­гендердің біразы осы қабір басына жи­нал­ғанын айтады. Трактормен тегіс­телген жолдың ол кездегі қалпы «әлһам шүкір» дейтіндей болған екен. Содан кейін баба басына ешкім ат ізін салмаған секілді.

– Осыдан 2 жыл бұрын ағайындар қаржы жиып, басына белгі қоюға талап қылып едік. Пандемияның кесірінен тыпыр ете алмай қалдық қой. Қазір соған дайындалып жатырмыз. Мына жерді заңдастыру да аз жұмыс болмайтын сияқ­ты. Соған қолында билігі бар азаматтар көмек көрсетер деген ойдамыз, – дейді Ишанбек ақсақал.

Облыстық музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың айтуынша, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр ба­сында осы атырапта Лапы баласы Мұңайт­пастың алдына түсер тұлға аз болған. «Қазақстанның киелі жерлері география­сы» жобасы аясындағы бұл сапардың мақсаты – кезінде сотсыз, тергеусіз атылып кеткен қайраткерді саяси-қуғын сүргін құрбандары қатарына қосу.

– Біз Мұңайтпастың, оның әулеті­нің тарихын әлі де жете зерттеуіміз керек. Жаңағы біз жете алмаған қорымда Мұңайтпасқа қарасты 20 шақты адамның сүйегі жатыр. Осы жерге үлкен белгі қойып, ұлтын өнер-білімге сүйреген тұлғаның атын жаңғыртатын кез әлде­қашан жетті. «Қызыл террордың» қарауына алғаш ілінген оның есімін қуғын-сүргін құрбандары қатарында атап, басына белгі орнатқанымыз жөн. Облыс орталығының іргесіндегі қай­раткер зиратының дәл қазіргі қалпы біздің елдігімізге сын, – дейді тарихшы.

Қос әулеттен шыққан азаматтардың еңбегін санамалаған тарихшы 1913 жылы Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына байланысты Санкт-Петербургте ашылған мешіт Бұқар әмірлігі делегациясы құрамында патша қабылдауында болған Серәлі Лапиннің ұсынысымен салынғанын айтады.

Сүт пісірім уақыттан кейін өлке­тану­шы Жұмабай Байзақ оралды. Ұялы телефонға Мұңайтпас Лапиннің құлпы­тасын түсіріп алыпты. 1966 жылы қо­йылған белгі ортасынан қақ жарылып, су шайып бір жағына жантая бас­таған екен. «Енді кешігуге болмай­ды. Тез арада қолға алмасақ, ертең сан соғып қалуымыз мүмкін. Дәл осы тұр­ған жеріміз Мұңайтпастың үлкен ұлы Сейда­лының қыстауы болған. Ең қиыны, осындай әулеттің іздеусіз, сұраусыз кетіп бара жатқандығы», дейді өлкетанушы.

Қайтар жолда Бесарық ауылына со­ғып, осындағы қоғамдық музей жұмы­сын көрдік. Өлкетанушы Жұмабай Бай­зақ қызметте жүргенде жинастырған жәді­­гер­лерін осында қойыпты. Музейде Лапин­дер мен Қожықовтарға арналған бұрыш та бар екен.

Туған жер тарихын түгелдеп жүрген осындай азаматтар ұйытқы болған бас­тама қолдау тауып, құмда қалған қайрат­кердің әзіз есімі елге қайта оралып, рухына лайықты құрмет көрсетілеріне сенгің келеді.

 

Қызылорда облысы