Үкімет “Ел бірлігі доктринасын” іске асыру жолдарын талқылады
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда Қазақстанның “Ел бірлігі доктринасын” іске асыру жөніндегі 2010 жылға арналған іс-шаралар жоспары талқыланды.
Күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндама жасады. 2008 жылғы 23 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Ел бірлігі доктринасын” әзірлеуге тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде “Біз Қазақстан қоғамының әрі қарай дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын “Ел бірлігі доктринасын” әзірлеуіміз керек. Бұл құжаттың негізгі қағидаттары 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына енуі тиіс” деп атап көрсетті.
Доктринаның алғашқы нұсқасы 2009 жылдың қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында тұңғыш рет таныстырылды. Осы сессияда Елбасы аталған құжатты мұқият талқылауды, қоғамдық сараптау жүргізуді және оны жетілдіру үшін арнайы жұмыс комиссиясын құруды тапсырған еді. Баяндамашы атап көрсеткендей, доктринаның алғашқы жобасы баспасөзде жарияланғаннан кейін еліміздегі әртүрлі қоғамдық ұйымдар, жалпы жұртшылық тарапынан үлкен қызығушылық туып, барынша кең талқыланды. Осы талқылаулардың нәтижесінде арнайы құрылған жұмыс тобы азаматтардан келіп түскен 500-ден астам ұсыныстарды жинақтады. Сонымен бірге, құжатты әзірлеу барысында түрлі қоғамдық ұйымдардың да ұсыныстары назарға алынды. Доктринаның жетілдірілген нұсқасы биылғы жылдың 19 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында қаралды. Кеңес мүшелері жобаны талқылау барысында бұл құжаттың Елбасының “Қазақстан-2030” Стратегиясында басымдық берілген тәуелсіздік, тұрақтылық, патриотизм және бәсекеге қабілеттілік тұжырымдарымен тікелей үндесіп, интеллектуалды ұлт жөніндегі шешімге сабақтасатындығын атап көрсете келіп, бір ауыздан мақұлдап, Елбасының қарауына ұсынды. Бүгінде, бұл маңызды құжат Елбасы тарапынан мақұлданды.
Мәдениет министрі Үкіметтің тапсырмасына сәйкес министрлік Қазақстанның “Ел бірлігі доктринасын” іске асыру жөніндегі 2010 жылға арналған іс-шаралар жоспарын жасағандығын атап өтті. Оған барлық министрліктер мен ведомстволардың өкілдері кеңінен тартылған. Іс-шаралар жоспары доктринаның негізгі қағидаттарына сәйкес келетін үш тараудан тұрады. Бірінші тарау “Бір ел – бір тағдыр” деп аталады. Бұл тарауға байланысты белгіленген іс-шаралар ел бірлігін және қазақстандық патриотизмді нығайтуға бағытталған. Сонымен бірге, доктринаны қолдауға арналған ақпараттық медиажоспар әзірленген. Бірқатар институттық шаралар белгіленіп, ақсақалдар кеңесі, діни тақырыптарды жариялауға арналған әдістемелік кеңес құрылатын болды. Этносаралық қатынастар мәселелері бойынша үздік сарапшы-журналистер клубының, діни лидерлер кеңесі қызметінің тұжырымдамасы әзірленді. Белгіленген іс-шараларға сәйкес халық бірлігіне қауіп төндіретін кез келген құбылыстардың алдын алу және сауықтыру жұмыстары күшейтілетін болады. Осы орайда ЮНЕСКО, Өркениет алянсы, Еуропа кеңесі, Ислам Конференциясы Ұйымы, Араб мемлекеттерінің лигасы сияқты халықаралық ұйымдармен дінаралық, этносаралық және мәдениетаралық үндестікті дамыту мақсатында кешенді шаралар жоспарланған.
Екінші тарау “Тегі басқа – теңдігі бір” деп аталады. Бұл орайда атқарылатын іс-шаралар алдымен өмірдің барлық саласындағы әрбір қазақстандық азаматтарға өзін-өзі таныту үшін бірдей мүмкіндік қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызды бағдарламалар кешенін жасауды және оны жүзеге асыруды көздейді. Бұл іс-шаралар аясында 2009-2012 жылдарға арналған адам құқығы саласындағы ұлттық жоспар, 2010-2014 жылдар аралығындағы Қазақстанды индустрияландыру картасы, 2004-2010 жылдарға арналған ауылды аймақтарды дамыту мақсатындағы мемлекеттік бағдарлама, “Нұрлы көш” бағдарламасы одан әрі кешенді түрде іс-жүзіне асырылатын болады.
“Ұлт рухының дамуы” атты үшінші тарауда рухани, ұлттық бірліктің басты факторы мәдениет, тіл, дәстүр болып табылатындығы ерекше ескерілді. Осыған байланысты белгіленген іс-шараларға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, “Мәдени мұра” ұлттық стратегиялық жобасының нәтижелерін насихаттау, ұлттық мәдени бірлестіктердің мемлекеттік және этнос тілдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдары қызметін кеңінен пайдалану жөніндегі мәселелер өзек болған.
Биыл мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы жасалуда, деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Осыған байланысты жаңадан қазақ тілінде хабар тарататын телеарналар құрылады, қазақ тілді басылымдар мен интернетресурстарының бәсекеге қабілеттігін арттыру жөнінде кешенді шаралар жүзеге асырылатын болады. Осы орайда доктринада “Қазақ тілін меңгеруге шешуші басымдық беріледі. Мемлекеттік тіл рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы” деп атап көрсетілген, деді Мәдениет министрі. Үкімет мүшелері ұсынылған іс-шаралар жоспарын бірауыздан бекітті.
Отырысты Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қорытындылап, жоспарды жасауға барлық министрліктердің қатысқандығын, доктринаны іс жүзіне асыру жөніндегі іс-шаралар еліміздің 2010 жылғы даму стратегиясымен толық сәйкес келетіндігін атап көрсетті. Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша жасалған доктрина ел бірлігіне қызмет етеді. Сондықтан әрбір министрлік, әрбір министр бұл құжатта көрсетілген шараларды мінсіз орындауға міндетті. Осыған байланысты Үкімет мүшелері арнайы есеп беріп отырады. Шараның орындалуы тікелей менің бақылауымда болады, деді Премьер-Министр сөзінің қорытындысында.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.