Мексиканың оңтүстігіне ұйытқып соққан дауылдың екпіні сағатына 160 шақырымнан асады. Осының әсерінен бірқатар штатта дүлей желмен келген жауыннан кей елді мекенді су басып жатыр. Әзірге жапа шеккендер туралы ақпарат жоқ. Елде 200-ден аса арнайы паналау орны ашылған.
Метеорологтар дауыл үшінші категорияға дейін күшеюі мүмкін деп отыр. Циклонның жақындауына байланысты Мексиканың алты аймағының 967 муниципалитетінде дабылды ескерту жарияланып, Оахакадағы мектептер уақытша жабылды. Болжам бойынша жағалаудағы кейбір аудандарда 150 мм-ге дейін жауын-шашын күтіледі. Оның салдары су тасқынына, көшкінге және селге әкелуі мүмкін. Билік аймақ тұрғындарын қажетті сақтық шараларын қабылдауға және азаматтық қорғаныс күштерінің ескертулерін орындауға шақырды.
АҚШ-тың Дауылдарды бақылау жөніндегі ұлттық орталығы бұл Мексиканың Тынық мұхиты жағалауына 1949 жылдан бері соғып тұрған алапат дауыл деп баға беріп отыр.
Салтанат Кенжебай