Білім • 31 Мамыр, 2022

Жазғы мектепте оқу басталды

306 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқыту – маңызды, бекіту одан да маңызды. Пандемия кезінде оқушылар қашықтан оқимыз деп кейбір тақырыптарды өткізіп алған еді. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі жазғы мектептердің жұмысын ұйымдастырды. Қазірдің өзінде 2 млн-ға жуық бала жазғы мектептерде білімін шыңдап жүр.

Жазғы мектепте оқу басталды

17 маусымға дейін жалғасады

Жазғы мектептегі білім беру процесі әдеттегідей партада емес, оқушыларға қызықты форматта өтеді. Бұл туралы Мек­тепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова: «Пандемия оқу үдерісіне жақсы әсер етпегенін және мектеп оқу­­шы­ларының кей тақырыптарды то­лық меңгермегенін жақсы білеміз. Басқа елдерде бұл мәселені шешу үшін оқу жылын ұзартады. Ал біз жазғы мек­тептер жұмысын ұйымдастырдық. Жазғы мектептерде икемді оқу кестесі ұйымдастырылған. Ондағы сабақтар әдеттегі форматта емес, мұражайларға және экскурсияларға бару түрінде де өте­ді. Бұл ретте жазғы мектепте оқушы­лар­ға баға қойылмайтынын, сонымен қатар үй тапсырмасы берілмейтінін айта кеткен жөн», деді.

Г.Кәрімованың айтуынша, 26 мамырда жұмысын бастаған жазғы мектептер 17 маусымға дейін жалғасады. Жазғы мектептер пандемиядан туған білім сала­сын­дағы олқылықтардың орнын тол­тыруға ғана емес, білім сапасын арттыру мақсатында да ұйымдастырылып отыр.

«Жаз мезгіліндегі оқу мүмкіндігінше қызықты әрі мазмұнды болу үшін барлық жағдай жасалған. Кейбір балалардың репетиторлармен ақылы курстарға барып, қосымша білім алатыны белгілі. Осы ретте жазғы мектеп – оқушы мен ата-анаға берілген тамаша мүмкіндік. Оның үстіне мұғалімдер өз оқушыларының күшті және әлсіз жағын жақсы біледі. Жазғы мектеп барлық 1-8 және 10-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Дегенмен түрлі жағдайларға байланысты жазғы мектепке қатысты соңғы шешімді ата-аналар мен мектеп оқушылары өздері қабылдайды. Бұл жерде бірінші кезекте баланың мүддесін, оның болашағын ойлау керек. Сондықтан түпкілікті шешім ата-ананың қолында екеніне қарамастан, біз өз тарапымыздан оқушыларға жазғы мектепке баруға кеңес береміз. Өйткені бұл, ең алдымен, балаларға қажет», деді Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы.

Министрліктің мәлімдеуінше, 2 млн-ға жуық бала осы мүмкіндікті пайдаланып, жазғы мектептерде білімін шыңдап жатыр.

Әлеуметтік санаттағыларға тегін

Иә, Білім және ғылым министрлігі жазғы мектепке баруға кеңес береді. Алайда міндеттемейді. Сол себепті ка­ни­кулдағы қосымша білімнен қалыс қалатындар да бар болар. Десек те, өз ер­кімен қуана қатысып жүргендер де жетерлік.

Негізі еліміздегі барлық мемлекеттік орта білім беру ұйымында жазғы мектептер ақысыз оқытады. Ал М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы оқушыларға арнап ақылы шығармашылық жазғы мектеп ұйымдастырды. Бірақ оған тегін баратын балалар да бар. Аталған оқушылар сарайы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айымкүл Жабаева ақылы мектепте ақысыз оқып жүрген 70 бала бар екенін жеткізді.

«Осы жылы жазғы мектепті ұйым­дастыруда үш ауысым жоспарланып отыр. Бірінші ауысым 30 мамыр мен 10 маусым, екінші ауысым 13-24 маусым аралығында, ал үшінші ауысым 27 маусым мен 8 шілде аралығында болады. Бірінші ауысымға 160-қа жуық бала тіркелді. Оның ішінде көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдан және балалар үйінен келген 70 оқушы бар. Бұл балалардың оқуын «Ақниет» қоғамдық қоры төлеп берді. Аталған үш санатқа жатпайтын оқушыларды ата-аналары өздері ақылы оқытады. 10 күндік оқу ақысы 20 мың теңге тұрады. Жазғы мектебімізге 6-10 жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз», деп түсіндірді А.Жабаева.

Оқушылар сарайы өкілінің айтуынша, шығармашылық бағыттағы жазғы мектепте сағат 9.00-13.00 аралығында үш сабақ өтеді. Сабақ шахмат, сурет салу, хореография, вокал, бассейнде жүзу, ағылшын, роботтехника, қолөнер, пластилинмен жұмыс істеу сынды қызықты үйірмелер тәртібінде өтеді. Жазылған баланың бәрі жас шамасына қарай топтарға бөлінеді. 15-16 оқушыдан тұратын әр топ оқу ұзақтығы 10 күнге созылатын мектепте бекітілген сабақ кестесі бойынша осы үйірмелерге қатысады.

Ата-анаға да, балаға да тиімді

«Үйірме сабақтарынан басқа спорт залында жарыстар өтеді. Жеңімпаздарға ынталандыру есебінде дипломдар береміз. Оқушылар сарайы алаңында әртүрлі ойындар, квестер өткізіледі. Мәселен, алғашқы сабақ күнінде сахнада Хәрри Поттер туралы қойылымды тамашалады. Бұл балаларды ерекше қызықтырды. Біз жазғы мектепті биыл сегізінші жыл қатарынан ұйымдастырып отырмыз. Ата-аналар тарапынан жағымды пікірлер естиміз. Бірнеше жыл қатарынан келіп жүрген балалар бар. Бірінші ауысымға жазылған оқушылардың 40-50%-ы келесі ауысымға да жазылады. Кейде ата-аналар балаларын бірнеше үйірмеге қатарынан беріп шаршатады, ал біздің үйірме баланың қызығушылығы қандай бағытта екенін анықтап, ата-анаға нақты қай үйірмеге беретінін білуге көмектеседі. Мұны біз практикадан көріп отырмыз. Айталық, жазғы мектепке келген балаларды қыркүйек айында тағы келіп, нақты бір үйірмеге жаздырып жатады», деді оқушылар сарайының өкілі.

Расымен, жазғы мектептер оқушы­ларға ғана емес, олардың ата-аналарына да бала тәрбиесінде дұрыс шешім шығаруға көмектеседі. Жоғарыдағы тә­жірибеден түйген тұжырым осыған дәлел болатындай.

Көкшетау қаласындағы №16 орта мектептің 10 сыныбын бітірген Ақбөпе Амантайдың анасы Гүлнар Нұрпеисова онлайн оқыту форматынан кейін қызы­ның оқу деңгейі бұрынғыдан салыстырмалы түрде төмендегенін айтады.

«Қызым гуманитарлық пәндерді жақсы түсінеді, тек жаратылыстану-ма­тематикалық бағыттағы пәндер оған қиындық туғызады. Сол үшін де біз жазғы мектепте білім алуды жөн көрдік. Жазғы мектеп әр оқушының өз қалауы бол­ғандықтан, қызым да өз ой-өрісін кеңейтіп, білімін тереңдету мақсатында өз еркімен жаз айында оқуға шешім қабылдады. Мен оны қолдап отырмын. Себебі пандемия кезінде кей сабақтарды онлайн оқыды. Содан оқу деңгейі бұрынғыдан салыстырмалы түрде төмендеді. Жазғы мектеп осы олқы­лықтың орнын толтырады деп сенеміз», деді Г.Нұрпеисова.

 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»,

Аружан НАҒАШБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті