Қазақстан • 01 Маусым, 2022

Алапат ашаршылықтың зардабы талқыланды

209 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ тарихындағы қасіретті 1921-1922 жыл­дардағы ашаршылыққа – 100 жыл. Осы тақырып Amanat партиясы жа­нын­дағы Азаматтық қоғам мен мәде­ниет­ті дамыту жөніндегі Miras респуб­ликалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында қаралды, деп хабарлады Amanat партиясының баспасөз қызметі.

Алапат ашаршылықтың зардабы талқыланды

Жиынға қатысқан Miras рес­пуб­ликалық кеңесінің мүше­ле­рі, Парламент депутаттары, белгілі тарихшылар, зиялы қауым өкіл­де­рі, Мәдениет және спорт вице-министрі саяси қуғын-сүр­гін және ашаршылық құр­бан­дарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ашаршы­лық­тың себептері, ауқымы мен зардаптары 100 жыл өтсе де тиісті бағасын ал­ма­ғанын айтты. Алапат зұлматтың ақиқаты жа­зыл­ған құжаттар әлі күнге дейін архивтерде «аса құпия» таңбасымен сақталып келеді. 1920-жыл­дардың басында аш­тық­тан қаза тап­қан­дар­дың нақты саны осы күнге дейін белгісіз.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» мақаласында ашар­шы­лық тақырыбына арнайы тоқ­та­лып, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін мұқият зерттеу керек екенін айтқан болатын. Иә, ашар­шылық тақырыбын көтеру – егемендіктің қадірін терең түсі­ну үшін, тәуелсіздігімізді нығай­ту үшін қажет», деді Кеңес төра­ғасы.

Қазақстан тарихында ашар­шы­лықтың 3 кезе­ңі болды. Бірінші ашаршылық – 1916-1918 жылдарды қамтыды. Осы жұт салдары­нан кемінде 1,5-2 млн адам көз жұмған, 1 млн адам бо­сып кеткен. Бұл деректерді тарих ғылым­дарының докторы, про­фессор Марат Әбсеметов кел­тірді.

«Екінші ашаршылық 1921-1922 жылдары Азаматтық соғыс салдарынан қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұшырауы, жұт пен құрғақшылық және жұқ­палы аурудың тарауынан болды. Үшін­ші ашаршылық – 1929-1933 жылдары Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голо­ще­кин­дік реформа, тәркілеу және күшпен отырықшыландыру нау­қанының зардабынан болды», деді профессор.

Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарындағы деректердің статистикасын нақ­ты­лау керек деп есептейді.

«Бізде деректер әлі нақ­ты­лан­ған жоқ. Кейбір ғалым­да­рымыз 2,5 миллион адам құрбан болды десе, Мақаш Тәтімов кезінде оны 4 миллионның үс­т­і­нде деген  болатын. Талас Омарбеков 3,5 миллионға жуық қазақ қырылды дегенді айта­тын. Деректер әртүрлі. Осы де­рек­тердің нақтылығы, шы­на­йы­­лығы деген мәселелерге біздің зерттеушілеріміз барынша назар аударып, бір ортақ цифрға келу керек. Өйткені Президент Қазақстанның жаңа тарих оқу­лы­ғын жазу туралы тапсырма берді. Осы оқулықтарға жаңа анықталған деректерді қамту керек», деді сенатор.

«Егемен Қазақстан» респуб­ли­калық газетінің Бас­қарма төра­ға­сы Дархан Қыдырәлі:

«АЛЖИР» осы жерден біршама алыс. Көптеген елде мұндай музейлер орталықта орналасқан. Мысалы, Будапештте кеңестік билік қасіретіне қатысты мазмұны бай музей бар. Сол сияқты елордада болмаса да, Алматы қаласында ашаршылық, репрессия, кеңестік кезеңнің бет-жүзін ашып көрсететін, ұрпақтың санасына сіңіретін арнайы музей керек деп ойлаймын. Қырғыздың өзінде Ата-Бейіт бар. Барлық іс-шаралары сол Ата-Бейітке барып, тағзым етуден басталады. Әзербайжанда репрессия кезінде құрбан болған азаматтар Шейіттер аллеясында жатыр. Бізде мұндай арнайы аллея жоқ. Меніңше, Боралдайдағы Қандысай қорғауға алыну керек», деді өз сөзінде.

Ал Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазақ даласында орын алған ашаршылық туралы көп айтылмайтынын алға тартып, оның ұлттық сана-сезімімізге тигізген зардабын да зерттеу керек дегенді айтты.

«Қазір өңірлерде комиссиялар зұлмат жылдар туралы есте­ліктерді жинап жатыр. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар, құжат­­тар бір ізге түскені жөн. Ашар­шылықтың ұлттық сана-се­зімімізге қаншалықты қатты соққы болғанын біз әлі түсіне алмай жүрміз. Мұны пси­хо­ло­гиялық жағынан да зерт­теу керек. Тарихи сана-сезімді қа­лып­тастыру жұмысы кемшін түсіп тұр. Әсі­ресе бұл бағыт­та жастардың арасында ат­қа­ры­латын жұмыста кемшіліктер бар», деді Б.Әбдіғалиұлы. 

Сондай-ақ жиында белгілі қоғам қайраткерлері Алдан Смайыл мен Оразкүл Асанғазы өз ойларын ортаға салды. Кеңес төрағасы қатысушылардың қу­ғын-сүргін құрбандарын толық ақтау, болған қасіретті ұмытпау, алапат ашаршылыққа қатысты кешенді тарихи зерттеу жүргізуге қатысты ұсыныс-тілектерін тағы бір рет зерделеп, отырысты қорытындылады.