
Биылғы Дүниежүзілік гимназиадада оқушыларымыз Францияның Нормандия қаласында әлемнің 70-тен аса елінен келген жасөспірімдермен бәсекелесті. Қазақстан құрамасында 234 спортшы өнер көрсетті. Олар баскетбол, бокс, еркін күрес, әйелдер күресі, грек-рим күресі, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу және басқа да спорттың 18 түрінен сынға түсті.
Әлемдік аренада топ жарғандарға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бағалы сыйлықтар беріп, 50 жеңімпазға білім гранты тағайындалатынын айтты.
«Мен баршаңызды тарихи жеңістеріңізбен құттықтаймын! Сондай-ақ оқушыларымыздың жаттықтырушылары мен ата-аналарына әлемдік аренада осындай жоғары жетістіктерге жетуде қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілді. Бұдан былай беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың, спорттық жарыстардың және әлемдік деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға бейінді бағыттар бойынша грантқа түсуге мүмкіндік алды. Күні кеше бұйрыққа қол қойылды және енді гимназиаданың 50 жеңімпазы, яғни мектепті биыл бітіріп отырған түлектер өз мамандығы бойынша жоғары оқу орындарында білім алу үшін грантқа ие болады», деді салтанатты жиында сөз алған ведомство басшысы.
Министрлік жеңімпаздар мен жүлдегерлерді білім гранттарынан бөлек ұялы телефондар, смарт-сағаттар, ноутбуктер, пауэр-банктер секілді бағалы сыйлықтармен, ал үздіктердің ұстаздары мен жаттықтырушыларын Алғысхаттармен марапаттады.