Абай мен Шәкәрім шығармаларын халықтың санасына сіңіре түсу, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткізілген сайыс 6 аталымнан тұрды: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері» бөлімдерінде ақынның өлеңдерін, қарасөздерін мәнерлеп, жатқа оқыды. «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» аталымында Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ақылбай, Мағауия Абайұлдарының шығармаларын оқып сайысты. Ал «Көңілім әнді ұғады» бөлімі сайыстың көрігін тіптен қыздырды. Оқушылар Абай мен Шәкәрімнің әндерін, күйлерін орындап көпшілікті таңдай қақтырды. «Жүйріктен жүйрік озар, жарысқанда» дей-тұғын бөлімде өнерлі оқушылар өз шығармашылықтарын ортаға салды. Ал «Ұлылар әлемі» бөлімінде Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығы, рухани болмысы туралы эссе жазысты.
Оқушылардың дайындығы жоғары болды ма, әлде Абайдың топырағы тебірентті ме, өлеңді де, қарасөзді де сүрінбей оқыды. Мәтіннің мазмұнына қарай дауыстарын бірде көтеріп, бірде бәсеңдетіп, мың құбылтты. Көрермен де беріле тыңдады. Ал Абайдың әндері құлақтан кіріп, бойды алды. Эссе жазуда да оқушылар ерекше көзге түсті. Жазу стилі өзгеше балалардың болашағынан зор үміт күтуге болатын секілді.
– Өзім алғаш Абай оқулары басталғанда көрермені болдым, өзім қатыстым. Айтайын дегенім, Абайды, Шәкәрімді жаттап өскен балалар қазіргі таңда өмірде өз орындарын тапқан үлгілі жастар. Яғни қазіргі оқушылардың да болашағы зор. Бұрын республикалық Абай оқулары ақынның туған жерінде өтіп келген. Ал облыстық кезеңі тұңғыш рет Абай ауданында ұйымдастырылды. Оқушылардың дайындықтары өте жақсы. Біз үшін жүлдегерлерді анықтау оңай болған жоқ, – дейді әділқазылар алқасының төрағасы Нұржан Байтөс.
Бұл жолғы Абай оқуларының ерекшелігі, марапаттау рәсімі Абай-Шәкәрім кесенесіндегі амфитеатрда ұйымдастырылды. Алты сыннан сүрінбей өткен Жарма, Аягөз, Тарбағатай, Шемонаиха аудандарының және Риддер қаласының оқушылары қазылардың жоғары бағасына ие болды. Ал Глубокое ауданы М.Ғабуллин атындағы орта мектебінің оқушысы Гүлім Даниярға Абай ауданы әкімінің арнайы сыйлығы табысталды.
Абай оқуларының қорытындысы бойынша 1-орынмен – 6 оқушы, 2-орынмен – 12 оқушы, 3-орынмен 21 оқушы марапатталды. Бір оқушыға Абай ауданының әкімі алғыс хат пен сыйлық табыстады. Жалпы жүлдегерлерге сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Ал барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.
Салтанатты іс-шарадан соң оқушылар Жидебайдағы Абай музейін аралап, сол заманының рухын сезінгендей болды. Әдебиеттен, тарихтан оқыған жерге аяқ басып, көзбен көру – оқушылар үшін бақытты сәт. Тарихи мекенге жолдары түскен олар Еуразия кіндігінде естелік фотоға түсті.
Шығыс Қазақстан облысы