Басқосуда алдымен сөз алған Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың төрағасы Төлеубек Мұқашев референдумды қолдау штабы Мәжіліс депутаттарының бастамасымен құрылғанын атап өтті. Штаб құрыла сала жер-жерлерде халықпен кездесіп, насихат жұмыстарын жүйелі жүргізе бастаған.
– Осы уақытқа дейін оңтүстік, солтүстік және батыс өңірлерде халықпен кездесіп, конституциялық реформаны талқыладық. Кездесу кезінде халықтың ұсыныс-пікірлерін түртіп алып отырдық. Біз үшін әр азаматтың пікірі маңызды, – дейді Республикалық штабтың төрағасы Төлеубек Мұқашев.
Ал республикалық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев конституциялық реформалардың халық үшін маңыздылығын түсіндіруде кәсіподақ ұйымдары белсенді екенін айтты.
– Референдум қоғамды демократияландыру мақсатында жасалып жатқанын түсінуіміз керек. Естіген болсаңыздар, жиырмадан астам заңға түзетулер мен өзгертулер енгізіледі. Соның ішінде Конституциялық сот құрылады. Бұл біз үшін өте тиімді. Мәселен, заңға қарама-қайшы нормалар бойынша Мәжіліс арқылы Конституциялық кеңеске жүгініп жүргенбіз. Енді тікелей сот дәрежесіндегі құзырлы органға жүгіне алатын боламыз. Демек, орын алған проблемалар жедел шешіледі, – дейді Н.Өтешев.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өткен жиында референдумды қолдау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық штабының төрағасы Олег Чернышов конституциялық реформаларды үшке бөліп талқылады.
– Біріншіден, Президент Ата Заңға енгізілетін түзетулерді жалпыхалықтық референдумға шығарды. Екіншіден, облыстарда референдумды қолдау штабтары құрылды. Үшіншіден, өзімізде атқарылған шаруаларға тоқталар болсам, штабтың кестесіне сай
1 600 іс-шара өткізіп, 200 мыңнан астам адамға үгіт-насихат жүргізілген. Үшінші – заң шығару кезеңі. Қабылданатын заңнамалар тиімді болуы үшін қазіргі штабтарды сақтаған жөн. Себебі заң қабылданар сәтте халықтың тілегін біліп отыру қажет, – деп ұсыныс айтты Олег Чернышов.
Бұл ұсынысты Төлеубек Мұқашев бірден қолдады. Сонымен қатар келелі жиында Бесқарағай аудандық референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың төрағасы Ерболат Рахметуллин, Алтай аудандық мәслихатының хатшысы Лариса Гречушникова өз өңірлеріндегі референдумға дайындықтарын сөз етті.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Денис Рыпаков депутаттардың халыққа түсіндіру жұмысымен жүйелі түрде айналысып жүргенін айтты.
– Конституциялық реформа қабылданса, мәслихат депутаттарының өкілеттігі артады. Бірақ үлкен жауапкершілік жүктеледі деп ойлаймын. Әділетті Қазақстан үшін бәріміз бір кісідей дауыс берейік, – деді Денис Рыпаков.
Әлбетте, жиын соңында тұрғындардың да ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Барлығы дерлік өзгерістің керектігін айтты.
Шығыс Қазақстан облысы