Аймақтар • 02 Маусым, 2022

СҚО-да орман өрті жиіледі

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 726 га аумақта 22 орман өрті тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 60%-ға көп, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-да орман өрті жиіледі

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің дерегінше, жыл басталғалы бері өңірде 316 өрт болып, салдарынан 27 адам, соның ішінде 2 бала мерт болды. Тағы 5 адам жарақаттанса, 13 адам иістен уланған. Ал, материалдық шығын - 266 млн теңгені құрады.

«Өрттің басым бөлігі – 77%-ы жеке тұрғын үй секторында болған. Пешті дұрыс қолданбау, электр қондырғыларын орнату, техникалық пайдалану ережелерін сақтамау және отты абайламай жағудан. Биыл маусым басталғалы орман өрті көбейген. Былтыр осы уақытқа дейін 31,7 га орманды алқапта 14 өрт тіркелсе, биыл 22 өрт шықты, 725,8 га алқап зақымданды, яғни 23 есе өскен. Кінәлілерді анықтау үшін материалдар полиция департаментінің бөлімшелеріне берілді», деп атап өтті Дмитрий Растихин.

Былтыр 34 дала өрті тіркелсе, биыл мамандар 45 рет өрт сөндіруге барған.

«Облыс бойынша 50 өрт сөндіру бекеті құрылды. Олар 38 мың тұрғыны бар 150 елді мекенді өрттен қорғап отыр. Бұдан басқа 400-ден астам ерікті өртке қарсы құрылымдар бар. Олардың көмегімен биыл 28 дала өрті дер кезінде сөндірілді. Ал, 4 өртті осындай құрылымдар өздері сөндіріп алды», деді ведомство басшысының орынбасары.

Өрт шығу қаупі жоғары аймақтарды бақылауда ұстау үшін СҚО әкімдігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ 6,5 млн теңгеге келісімшарт жасасқан.

Жалпы жыл басталғалы бері 408 рейд өткізіліп, 109 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 63-і ескерту алса, 46 құқық бұзушы жалпы сомасы 1 млн 355 мың теңге айыппұл төледі.