22 Сәуір, 2014

Аһ, Cамара қаласы!..

1253 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Ресейдің Самара қаласында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Кіші құрылтайы үлкен табыс­пен өтті. Құрылтай аясында Елбасының дәстүрлі Жолдауы талқыланып, Ресей қазақтарының 10-шы мерейтойлы Наурызы тойланды.   DOS_7047 samara_1 DOS_6955 СӨЗ БАСЫ: Самараға жол түсерде қазақтың күміс көмей әншісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова апамыздың «төлқұжатына» айналған әннің шығу тарихын білгіміз келгені хақ. «Ах, Самара городок» негізінен халық әні дейді. Волга бурлактары демалып отырғанда осы әнді әндететін көрінеді. Халық әнін орыстың атақты әртісі Лидия Русланованың өзі Роза апамызға сеніп тапсырса керек. Ұлы Отан соғысы жылдарында жауынгерлердің жігеріне жігер, рухына рух қосқан, әнші апамыздың өнеріне арқау болған Ресейдің осы қаласы бүгінгі күнге дейін қазақ ұлтымен тығыз байланыста екеніне осы сапар барысында көз жеткізіп қайттық. Самара қаласы – Волга өзені жағалауының сол жағындағы Самара мен Сок өзендері сағаларының арасында орналасқан. «Самара» – түркi тiлiнде «даладағы өзен» деген мағынаны білдіреді екен. Тұрғындар саны бойынша Самара облысы Ресей Федерациясында алтыншы орынға ие болса, ондағы 3 млн. халықтың 15 мыңнан астамы қазақтар. Самара қаласы 1935 жылдан Куйбышев атанса, 1991 жылы тарихи атауын қайта алады. Соғыстан кейін қала КСРО-ның ірі өнеркәсіп пен мәдени орталығына айналса, қазір де ірі өндіріс ошағы. Мұнда ғарыш пен авиацияның ең мықты әлеуеті қалыптасуының бір мысалы, «Прогресс» зауытында Ю.Гагарин ұшқан зымыранның құрастырылуы. 1991 жылы Самарада Сталиннің атом бомбасына төтеп беретін 40 метрлік тереңдікте орналасқан бункері табылып, әлемдік жаңалыққа айналады. Қала бүгiнде бес теңiздiң айлағы саналады. Міне, осындай төрт ғасырлық тарихы бар ежелгі Еділ бойлай орналасқан тарихи қалаға Ресейдің Мәскеу, Волгоград, Мурманск, Вологда, Түмен, Орынбор, Челябі, т.б. 15 аймағынан қандас бауырларымыз жиналды. Атажұрттан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев бастаған делегация, Қазақстан Республикасының Астрахань қаласындағы консулы Асхат Сыздықов та келді. Наурыз – көктем мен достық мейрамы Самара қазақтары үшін жылдың ең маңызды мерекесі – Наурыз. Оның үстіне дүниеге көрік беретін көктем-наурызды қараңғының жарыққа, қараның аққа, кесірдің киеге, жоқтың барға ауысатын табалдырығы деп таныған қандастырымыз, осы күнге тайлы-таяғымен бірнеше ай бойы тыңғылықты дайындалыпты. Биыл оныншы мерейтойлық Наурызды тойлау Кинель-Черкасскі ауданына бұйырыпты. Таңертеңгілік Мәдениет үйінің маңына жиналған халықтың қарасы өте көп. Далада қазақтың ән-күйі төгіліп тұр. Жағалай тігілген киіз үйлерде ұлттық ерекшеліктерімізді айшықтайтын ою-өрнек бедерленген сырмақ, текемет төселіп, ұлттық аспаптар, жиһаздар қойылған. Балалар алаңы, батуттар кішкене балақайлардың көңілін аулауда. Самара облысында шашырай орналасқан қазақтар үшін бұл мейрам бір-бірімен көрісетін, қауышып, хал-жағдай сұрасатын қуанышты сәт болғандықтан бір киер ұлттық киімін киген үлкен-кішінің көңілі көтеріңкі. Алдымен алыстан келген қонақтарды Хан отыратын қазақ күйге кіргізіп, дәм татырды. 12 қанат үйдің іші ұлттық бұйымға малынып, дастарқан жайнап тұр. Наурыз көже артынан қуырдақ, ет әкелінді. Аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынды Ресей Федерациясы Президенті жанындағы ұлтаралық қатынастар Кеңесінің мүшесі, Ресей қазақтары Федералдық ұлттық-мәдени автономиясы және Самара аймақтық «Ақ жол» қазақ ұлттық-мәдени автономиясының президенті, айтулы азамат Тоқтарбай Дүйсенбаев ашпас бұрын, экраннан он жыл бойы өткен наурыз мерекелері парақталып шықты. – Бүгін Самара облысының қазақтары үшін тарихи күн. Уақыт қандай жылдам. Он жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. Жыл өткен сайын Наурыз өткізудің түрі де, мазмұны да өзгеруде. Осы жылдар ішінде Самара облысының қазақтары жергілікті халықпен тіл табысып, қай жағынан болсын жақсылыққа ұмтылдық. Әрине, біздерге қашанда облыс, аудан әкімдігі, Мәдениет министрлігі, әсіресе, Самара қаласындағы Достық үйі қолдау, көмек көрсетіп, Наурызды өткізуге үлкен жауапкершілікпен атсалысқандарына рахмет айтамыз. Осы жолы да об­лыс­тағы 13 филиалымыз көмекке кел­ді. Әсі­ресе, бізді тарихи Отанымыз ұмыт­пай, әрдайым олардың рухын, аялы ала­қа­нын сезініп отырдық. Наурыздың өтуі­не алғашқы жылдары Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы, шекаралас Ба­тыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары атса­лысса, қазір өз күшімізбен өткізе алатын­дай жағдайға жеттік. Уақыт тауып Ресейдің 15 өңірінен келген қоғамдық ұйым­дарға да рахмет. Құрметті қазағым, бірге бо­лайық, ауызбіршілігіміз ажырамай, қа­зақтың салт-дәстүрін ұстанайық, Нау­рыз құтты болсын! – деді Тоқтарбай Қа­дыр­ғалиұлы жүрекжарды лебізін білдіріп. Содан кейін сахна төріне Наурыз тойына қолдау көрсетіп, ұйымдастыруға атсалысқан билік өкілдері шақырылды. Алғаш сөз алған Самара облысы Кинель-Черкасскі ауданының басшысы Алексей Попов ауданда 4 мыңға жуық қазақ тұратынын, биылғы мерейтойлық нау­рызды өткізудің өздеріне бұйырғанын мәртебе санайтынын, бұл жасалып жатқан игі шаралар осы топырақта тұрып жатқан ұлттардың өз салт-дәстүрін сақтап, ұмытпауына қызмет жасап, көрші екі ұлы халықтың ынтымақтастығы мен халықтар достығының нығаюына ықпал ететінін баса айтты. Сондай-ақ, Самара облысының губернаторы Н.И.Меркушиннің құттықтау хатын жеткізген облыстық көлік және автомобиль жолдары министрі И.И.Пивкин, одан әрі ұлттық мәдениеттің, тілдің, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың нығаюына қосқан үлестері үшін бірқатар белсенділерді губернатордың Құрмет грамотасымен марапаттап, қол сағатын табыс етті. Қазақстаннан, атажұрттан жалынды сәлем жолдаған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев алдымен Наурыздың мән-мағынасына, тарихына тоқтала келіп, оның діни мейрам емес, Шығыс халықтарының жаңа жылы екенін, Иран, Ауғанстан, т.б. мұсылман елдерінде де тойланатынын жеткізді. – Орыс пен қазақ байырғы дос халық. Самара облысында наурыз он жыл тойланса, бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, оны өткізуге мұрындық болған облыс, аудан басшыларына, Мәдениет министрлігіне алғыс білдіреміз. Өйткені, Наурыз төңірегінде қазақ халқының рухы, салт-дәстүрі жаңғырады, ұлтты ұйыту, ұлтты біріктіру, тілімізді жандандыруға мүмкіншіліктер туады, – дей келе Талғат Асылұлы аудан басшысының иығына шапан жауып, «Ақ жолдың» белсенді мүшелерін Алғыс хатпен марапаттады. «Достастық қандай жағдайда беки­ді?» деп, сөз бастаған Қазақстанның Астра­хань қаласындағы консулы Асхат Сыздықов осындай іс-шаралар, мерекелік көңіл-күй – күнделікті өмірде сыйласып, бір-бірімізді құрметтеп жүргенде де беки түседі деді. Бұрынғы екі халықтың ара­сындағы тарихи байланысымыз ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Ендеше, сол әдемі дәстүрді жалғастыру кейінгі буынның да міндеті. Бүгін балаларымыздың көрсеткен өнерін көріп сүйсіндік. Қандай тамаша. Егер әр халық өз дәстүр-салтын осылай құрметтей білсе, өзге ұлттар да оларды бағалайтын болады. Ал бұл бүгінгі күні өзекті мәселенің бірі. – Ресеймен төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылып, аралас-құралас жатқан елміз, – деді Орал қаласынан делегацияны бастап келген облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Кұлшар. – Шекаралас екі облыстың арасында экономикалық, мәдени байланыстар үзілмей, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Соның дәнекері – «Ақ жол» ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымы. Одан әрі М.Құлшар мырза Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтау хатын оқып, Кинель-Черкасск ауданының басшысына арнайы сыйлығын табыс етті. Сондай-ақ, Самара облыстық «Достық үйінің» директоры Д.В.Мюльбах қазақ­тардың Наурыз тойына облыстағы 16 ұлттық-мәдени ұйымы өкілдері қаты­сып отырғанын жеткізсе, Самара губерниясы Думасының депутаты Н.Сомов самаралық қазақтар облыс экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырғанын, бір ғана мысал, облыстағы жалғыз әйел – Чапаев атындағы колхоздың төрайымы Гумарат Гаринова, оның ағасы, ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Бейсенбай екеуі де жемісті еңбек етіп келе жатқанын тілге тиек етті. Әсіресе, қазақтардың ғасырлар бойғы мал бағып, өсірудегі бай тәжірибесі басқа бірде бір ұлтта жоқ деп есептейтінін, ендеше сама­ралық қазақтар Ресейдегі ауылдық жер­лерді сақтап қалуда тамаша нәтиже көрсе­тіп отырғанын мақтанышпен жет­кіз­ді. Бір айта кетерлігі, сөйлеген шешендер он жыл ішінде өз ұлтын – қазағын шын жүрегімен жақсы көріп, салт-дәстүрлерін сақтауға қаншама күш салып, ауқымды жұмыс атқарып отырған Тоқтарбай Дүйсенбаевқа алғыстарын білдіріп жатты. Жиын барысында Алматы қаласынан келген атақты «Гүлдер» ансамблінің солистері Гүлхан Сергібаева мен Дәулет Болатбаев, «Ақ жол» газетінің редакторы, наурызды ұйымдастырушылардың бірі Салауат Сұлтанов әннен шашу шашып, мерекені тұздап отырса, әр аймақтан келген бишілер тобы «Наурыз думан», «Шаттық», «Дала өрнектері», «Қызыл құмда ауылым», «Наурыз тойы», т.б. билерін тарту етіп, домбырашылар «Келіншек» күйін төгілтті. Салтанатты жиыннан соң Мәдениет үйі алдында Самара облысының әр ауданынан келген қазақтардың шеруі өтіп, соңы шығармашылық ұжымдардың гала-концертіне ұласты. Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларының фестивалі, спорттық жарыстар өтті. Осылайша, жүректерге нұр сепкен Наурыз мейрамы халықты бір серпілтіп, жақсы көңіл-күй сыйлады. Дәстүр бойынша мерекелік домбыра символы – «Наурыз-2015» өтетін Сергиев ауданына табыс етілді. Ресей қазақтары Елбасы Жолдауын талқылады Келесі күні делегация басшысы Ресейдің 15 өңірінен келген ұлттық-мәдени автономия басшыларымен алқалы кеңес өткізді. Ондағы негізгі мәселенің бірі – Қазақстан Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Н.Назарбаевтың биылғы жылдың басында жариялаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауының мақсатын түсіндіріп, насихаттау. Бір айта кетерлігі, қауымдастық Елбасының Жолдауын шет елдегі отандастарға жеткізіп, жан-жақты насихаттауға айрықша назар аударған. Бұл жолы Жолдаудың қазақша, орысша нұсқасын кітапша етіп шығарып әкеліпті. Сондай-ақ, моңғолша, өзбекше, Батыс Еуропа елдеріндегі қазақтар үшін латынша, қытайдағы қазақтар үшін төте жазудағы нұсқаларын дайындаған. Осы ауқымды жұмысты атқаруда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының үнемі қолдау көрсетіп, дүниежүзі қазақ­тарының Кіші құрылтайына бас демеу­шілік жасап келе жатқанын атап өтке­німіз жөн болар. – Елбасының Жолдауын терең талдап, шетел қазақтарына кеңінен насихаттап, жеткізуде делегация құрамына ға­лымдарды да қатыстырдық, – деді Тал­ғат Асылұлы өз баяндамасында. – Был­тырғы Жолдауда 2050 жылы отыз дамыған елдердің қатарына кіру мақса­ты қойылса, биылғы Жолдауда сол мақ­саттарды орындау жолдары көрсетілген. Түптеп келгенде, мақсат – ата-бабаларымыз армандаған Қуатты ел болу. Қуатты ел – Қазақстанның ұлттық идеологиясы. Қуатты ел – Қазақ елінің синонимі. Ол үшін ауызбіршілікті сақтамасақ, қалай Қуатты ел бола аламыз? Президент айтқандай, біздің сырттағы ағайындарымыз қайда жүрсін, қай елдің азаматы болсын, қазақтың бір-ақ Отаны бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан. Сондықтан да сіздер қайда болсаңыздар да арқамызда Қазақстан деген елім бар, Қазақстан деген қорғаным бар деп иықты кеңге салып жүре аласыздар. Бүгінде жүрегі езіліп Қазақстан деп армандап, атажұртыма жетсем деп жүрген талай қазақ әлі бар. Аманшылық болса, қа­зақтың көші тоқтамайды. Қуатты ел бар жерде – мемлекеттік тіл өлмейді. Қуатты елдің талмас қолдаушысы болайық. Одан әрі дөңгелек үстелді модератор Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова жалғап, ең алғашқы Жолдау Қазақстанның ең қиын кезеңі – экономикалық дағдарыс, саяси тұрақсыздық кезінде, 1997 жылы жарияланғанын, биылғы Жолдау он сегізінші екенін, осы аралықта еліміздің қандай деңгейге көтеріліп, ел экономикасының дамып, халықтың әл-ауқаты тұрақтанып, қай салада болса да үлкен жетістіктерге жетіп отырғанымызға тоқталды. Қазақстанның Астрахань қаласын­дағы консулы Асхат Рүстемұлы баяғыдай найзаның ұшы, білектің күшімен емес, біз қай жағынан да – интеллект, оқу, білім, ғылым, мәдениет, рухани жағынан да күшті болуымыз керек, ол үшін жас­тарды баулып, үйрету арқылы ғана басқа елдермен тереземіз тең болады дей келе: «Ондай мақсатқа Отан бәрімізге ортақ екенін түсінгенде ғана жете аламыз. Бізге Елбасыдан жолымыз болды. Тарихтың осы бір қиын кезеңінде осындай басшы бергеніне ризашылық білдіруіміз керек. Демек, біздер тек Ел­басының айналасына бірігіп, оған тірек болғанда ғана, күрделі мынау өмірде ата-бабамыз аңсаған мақсаттарға жетеміз» деп ойын қорытты. Ал Жолдаудың идеологиялық негі­зін түсіндірген қауымдастықтың Тал­дау орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева жиынға қатысушы ағайындардың намысын жани түсті. «Қазақстан мен Ресей 7,5 мың шақырыммен шектесіп жатқандықтан, бір халық екі мемлекетте де өмір сүруде. Қытаймен де солай. Қытайдағы қазақ дегеніміз не? Ондағы тұрып жатқан 1,5 млн. қазақтың жаны екі жаққа бөлінген деуіміз керек. Өйткені, ата-бабасының моласы, туған-туыстары екі жақта да қалған. Сондықтан ол адам мәңгілік өзінің кім екенін іздейді. Қазақ – бір халықпыз. Сіздер Ресейдегі ұлттық-мәдени қоғамды қазақ болған соң басқарып отырсыздар. Осы арқылы өздеріңнің кім екендеріңе жауап аласыздар. Сондықтан сіздер осындағы қазақтардың басын қосып, жинай аласыздар. Бізге Қытайдан телефон шалып, Жолдауды жіберіңіздер деп жатқанда, риза болдық. Бірақ, сіздерге бір дерек келтірейін, бүгінде 590 қазақтың қызы қытайға, 6,5 мың қазақ қытайдың қызына үйленген. Демек, жаһандану үдерісі ұлттық сана-сезімімізді өшіруі мүмкін. Міне, Жолдау осы сауалдарға жауап береді. Жолдау тек құр сөз емес, ол біздің халықтың діңгегі», – деді. Әрине, бұл айтылған ой, тек ата-жұртта тұрып жатқан қазақтарды ғана емес, сыртта жүрген қандастарымызды да ойлантуы керек. Татарстаннан келген Сағит Жақсыбаев, 15 мың қазағы бар Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының басқарма бастығы Әбуислам Тұрсынбаев пен көрнекті ғалым Тоқтамыс Жауғашты, қиырдағы Мурманск қаласынан атбасын бұрған, запастағы полковник Серік Байжұминов пен Қазбек Жұмалинов, батыр қала Волгоградтан – Амантай Бейсекенов, Түменнен кештетіп болса да жеткен бауырларымыз Есімхан Жантасов пен Есенғали Ибраев, Орынбордан Сәуле Таикешева да өз ойларын ортаға салды. – Мен түкпірдегі ауылдарға барға­нымда, – деді Челябі облысындағы «Бірлік» қазақ-мәдени орталығы жас­тар бөлімінің жетекшісі Қарлығаш Игімбаева, – ақсақалдарымыз Жолдауды қазақша талқылап отыр. Бұл, әрине, интернет, қазақ телеарнасының жемісі. Олар Жолдаудың идеясына риза. Ақыры тарихи Отанымыздың арқасында Мәңгілік ел боламыз дейді. Челябі облысында қазақтар ауылдық жерлерде 78, қалада 21 пайыз тұрады. 90 пайызы қазақ тілін біледі. Яғни, ауылдық жерлерде тіліміз де, дәстүріміз де сақталған. Міне, сол ауылдағы ағайындар Жолдауды ғана емес, экономиканы, Қазақстанда болып жатқан жағдайлардың бәрінен хабардар болып, сол мезетінде талқылап жатады. Елбасының Жолдауы, тек сіздер үшін емес, шетелдегі қазақтар үшін де алтын діңгек болмақ. Осыдан барған соң аудандарда жастармен сіздердің айтқандарыңызды, Жолдаудың нұсқасын алып барып, дөңгелек үстелдер ұйымдастырамыз. Ал Вологдадан келген «Елім-ай» ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Дариға Елемісқызы Родина жақсы жаңалығымен бөлісті. Қандасымыз Руслан Мақсұтұлы Сейіткереев футболдан паралимпиадада алтын медальды жеңіп алып, чемпион атанған. Биылғы паралимпиаданың алауын жаққан Русланымыз Ресей Президенті В.Путиннің қабылдауында болып, 4 млн. рубль сыйақы алып, оған 35 мың рубль өмірлік зейнетақы тағайындалыпты. 31 жастағы Русланның әкесі, запастағы полковник Мақсұт Сейіткерейұлы Батыс Қазақстан облысының тумасы екен. Дөңгелек үстелден соң алған әсерімен бөлісуге Орынбор аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы төрағасының орынбасары Әміржан Түлебаевты сөзге тартқан едік. –Бірде маған аймақтық газеттен телефон соғып, «Қазақстанның атауын Қазақ елі деп өзгертуге қалай қарайсыз?» деп сұрады. Мен болсам: «Қазақстан деген атауға үйреніп қалдық. «Қазақ елі» десе басқа жаңа республика сияқты естіледі. Өзбекстан, Тәжікстан дегендей, үйреншікті Қазақстан аты қалса» деп жауап бердім. Бүгінгі Жолдауды талқылау барысында, әсіресе, Талғат Асылұлы мен Күлғазира Нұранқызының сөзінен кейін, ол идеяны соншалықты түсінбегенімді білдім. Егер біз осы насихатты өз аймағымызда жүргізіп, халыққа, жастарға түсіндірер болсақ, Қазақстанның атының өзгеруін бәрі де қолдайды деген сенімдемін. Орынбор – Қазақстанның тұңғыш астанасы. Мұнда 150 мыңға жуық қазақ облыстың барлық аймақтарында тұрады. Тіпті тұтастай басым аудандар бар. Біздер орыстармен өте ынтымақты тұрамыз. Маған кеше өткен Наурызда аудандар шеруі ұнады. Біз қашанда Қазақстанмен мақтанамыз. Елге келгенде Әнұранды тыңдасақ, жүрегімізге қолымызды қойып тыңдаймыз» дей келе, алдағы уақытта «Орынбор–Астана» рейсі ашылса, наурызды әйтеуір айтар атқа өткізбесек, кейбір маңызды мәселелерге консульдық араласып, біздің осындай жиындарымызға қатысып тұрса. Ал жаңадан келіп жатқан елшіміз де көз қырын салып, көңіл бөлсе деген өтініштерін де білдіре кетті. Түстен кейінгі басқосуда Ресейдің әр өңірінен келген ұлттық-мәдени автономия басшылары есеп беріп, өздеріндегі жағдайлармен таныстырды, алда шешімін табатын, ойласатын мәселелерін ортаға салды. Осы сапар барысында өз басым Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бүгінге дейін шетелдегі бауырларымыз үшін қыруар жұмыстар атқарғанына көзім жетіп қайтты. Әрине, оның бәрін бір мақалада айтып жеткізу мүмкін емес. Соның бір парасы қазақ тілін үйрену, дамыту барысында түрлі сөздік, тілашарлар, қазақша үйренетін дискі шығарып таратса, бұл жолы Талғат Асылұлы соңғы технологияның негізінде жасалған қазақша, орысша, ағылшынша сөйлейтін, 500 қазақтың әні, 500 күйі, 500 ертегісі, жаңылтпашы бар электронды қазақ үйдің таныстырылымын өткізді. Сұраныс болып жатса қаржыларына жеткізіп беретініне уәде етті. Губернатордың қабылдауында Кездесу барысында Самара облы­сының губернаторы болып басшылыққа келгеніне екі жыл болған Николай Меркушиннің «Кинель-Черкасск ау­данында өткен наурызға Үкімет басшысының шақыруымен Мәскеуге кетіп, бара алмағанына кешірім сұрап, сіздерді қабылдап, қандай өтініштеріңіз болады, соны білгім келіп арнайы шақыртып отырмын» деуінің өзі – облыс басшысының қазақтарға деген ниет, көзқарасын білдірсе керек. Губернатор мырза делегация басшысы Талғат Мамашев, консул Асхат Сыздықов және Тоқтарбай Дүйсенбаевты қабылдап, әңгіме барысында Самара облысы мен Қазақстан арасындағы байланыс, Кеден одағы туралы мәселені сөз етіп, келелі әңгіме-дүкен құрды. Губернатор Ресейдің басқа облыс­тарына қарағанда, қазақтар саны аздау болғанмен, ауқымды жұмыс атқарып жүрген Самарадағы қазақ ұлттық-мәдени автономия президенті Т.Дүйсенбаевқа өз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, екі мемлекет президенттерінің Екатеринбургте, былтыр Павлодардағы кездесулеріне қатысқанын, Алматы мен Астанада болғанын, Орал, әсіресе, Павлодар қаласымен байланыстары жақсара түскенін мәлім етті. – Біздер Павлодар қаласында Волга автозауытының жылына 120 мың машина құрастыратын филиалын ашсақ деп отырмыз. Бұл – үлкен жоба. Асылдандырылған ірі қара, азық-түлік, ұн алуға Батыс Қазақстан облысымен келісіміміз бар», – деді губернатор. Өз кезегінде Никель-Черкасскіде өткен Наурызға өте жоғары баға беріп, алғыс білдірген, делегация басшысы Талғат Асылұлы бұйымтайға жүретін екі өтініш білдірді. Біріншісі, қазақтар жиі орналасқан ауылдарда факультативтік сабақтың орнына, қазақ тілін пән ретінде енгізу. Оған губернатор мырзадан: «Егер ондай контингент табылып жатса, ата-аналары келісіп, өтініш білдірсе, қазақ тілін пән ретінде оқытуға қарсылығым жоқ. Ол үшін өз ағайындарыңызбен жұмыс жасаңыздар» деген жауап алды. Екіншісі, Достық үйіндегі бір-екі бөлме қазақ ұлттық-мәдени орталығына тарлық етіп отырғанын, сондықтан федералды деңгейдегі үлкен мәдени орталық салуға жер бөлініп берілсе, Тоқтарбай жобасын жасап, инвесторлар тауып, біраз жұмыс жасап жатқанынан хабардар етті. Оған да губернатор: «Жер мәселесін шешіп берейін, онда жақсы мәдени орталық салыңыздар, қолдаймын» деді. Әр тарап өз кезегінде тілек білдіріп, қазақы дәстүрмен губернатор мырзаның иығына шапан жауып, ол да қонақ кәдесін жасап, жылы қоштасты. СӨЗ СОҢЫ: Еділ мен Жайықтың ар жақ, бер жағында бағзы заманнан қыз алып, қыз берісіп, құда-құ­дан­далы болып, тамырын тереңге жай­ған ел емес пе, өзімізді төркіндеп кел­ген қыз сияқты сезініп, арқа-жар­қа болдық. Бізді бір әсерге бөлеген қандастарымыздың бір-бірімен дидарласып қалуға бір күнге болса да Ресейдің жер түбінен келіп, сағынысып қауышулары еді. Сонымен қатар, әнші апамыз әнге қосқан атақты Са­ма­ра өңірінде өткен мәдени шараны ұйым­дастырудағы ағайындардың ұйым­шылдығы, наурыздың Қазақстанның кейбір облыстарында өтетін мереке­лер­ден бірде бір кем болмай өтуі қы­зық­тырды. Иә, Жаратқан Иеміз Еділ мен Жай­ық өзендерін екі арнада ағызып әкеліп,  соңында бір тағдырға қосса, құдайы көрші қазақ пен орыстың достығы да бір арнаға тоғысып жатқандай екен... Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Алматы–Самара–Алматы.