Аймақтар • 06 Маусым, 2022

Тұғырға қонған тұлға

650 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ КСР-нің Халық әртісі, ақын Шахан Мусиннің елеусіз қалғаны жайлы ел газеті – «Egemen Qazaqstan» аз жазған жоқ. Бұған дейін сериялы мақалалар жарық көріп, облыс билігіне ұрпақтары мен жоқтаушыларының базынасын жеткізген еді. Еңбек еш кетпеген секілді. 31 мамыр күні ақынның туған жері Май ауданы Ақжар ауылындағы мектеп алдында Шахан Мусиннің бюсті бой көтерді.

Тұғырға қонған тұлға

Бюст – туған жерінде Шахан Мусин рухына тағзым етудің ал­ғашқы қадамы. Алдағы уақытта мектепке, аудандық мәдениет үйі­не, тіпті көшеге есімі де берілер. Ол шаруа уақыт еншісінде.

Бізге дейін Шахан Мусинді «тұғырына қондыру» жөнінде Май ауданындағы белсенді азаматтар бастама көтерген. Жергілікті журналист Мейрамбек Қызыр алғашқылардың бірі болып шаң басқан архивтерді қопарып, көп еңбек сіңіргені белгілі. Кейін өлкетанушы Берік Ескендіров те қатарға қосылып, зерттеу жұ­мыстарын жалғастырды. Пар­ламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы бірнеше жыл бұрын қолға алған Павлодар облы­сының 100 тарихи тұлғасы жобасына Шахан Мусинді енгізуге үлес қосқан да солар. Десе де, бұл мәселе бір сөніп, бір жанған жа­рық шамы сияқты шешімін таппай келген-ді. «Электрші» ретінде іске кіріскен «Egemen Qazaqstan» газеті сеңді қозғалтуға септігін ти­гізді. Осы жылдың қаңтар айын­да басылым бетінде журналист Фархат Қайратұлының «Төрт тұл­­ғаға перзент болу – тағдыр­дың сыйы» атты Шахан Мусиннің қы­зы Мақпал Мусинамен сұхбаты жа­рық көрді. Мамыр айында «Ша­хан­ға шаһардан көше бұйыра ма?» деген мақала жарияланды.

Бюст ашылады деген хабарды естігенде қатты қуанғанымыз рас. Аудан басшылығы сүйінші сұрап, салтанатты іс-шара 31 мамырға бел­гіленгенін жеткізді. Ол тегін емес. Шахан Мусин «Наркомға хат» деген өлеңі үшін сотталып, 10 жыл Колымаға, 8 жыл Сібірге айдалып, өмірінің 18 жылын тар қапаста өткізгені белгілі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде бюсттің ашылуы жи­нал­ғандарға айтулы дата­ның аура­сын сезіндіре түсті. Бір ми­нут үнсіздік кезінде ғана емес, іс-шара бойы қыршын кеткен боз­дақтардың ауыр халін жүрекпен сезіндік.

Ақжар ауылы аудан орталы­ғынан 120 шақырым жерде орна­ласқан. Шахан Мусин тар қапастан шыққан соң бірден туған ауылына жол тартып, бір аптадай мауқын басқан екен. Оны іс-шараға қатыс­қан үлкендердің аузынан естідік. Нұрбибі Жанақова – Шаханды көзбен көргендердің бірі.

– Шахан ағамыз ауылына келген уақытта ең әуелі үлкендерге сәлем беріп шығатын. Сондай өнегелі әдеті бар еді. Сосын ғана жеке шаруаларына кірісетін. Мен Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Ботай Жанақовтың келінімін. Біздің шаңыраққа да талай келіп, үйдегілермен әңгімесі жарасып, тіпті, қонған кездері де есімде. Бір жылдары Аққулы ауданына ақын Қалижан Бекхожинмен келгенін естідік. Оны айтып отырғаным, айналасына өзі сияқты оқымысты, талантты жандар топтасатын.

Шахан Мусиннің елеусіз қал­ғаны бізді де алаңдататын. Өкі­нішке қарай, осы уақытқа дейін ешқандай айтулы іс-шара ұйым­дас­тырылмады. Май ауданының тұрғындары өздері бірінші болып бастама көтермесе, басқа кімге керек? Биыл тоң жібіп, тарихи тұлғаны насихаттау жұмыстары қолға алына бастағаны қуанта­ды. Бюсттің ашылғанына ерекше қуанып отырмын. Игі іске атсалысқан аудан басшылығына, ауыл әкімі Темірболат Саринге, өзге де белсенді азаматтарға алғы­сымды білдіремін, – деп Нұрбибі әже ағынан жарылды.

Өз кезегінде аудан әкімі Ағы­бай Әмірин Май ауданының тарихи тұлғаларын әспеттеу ісі жал­­­ғаса беретінін, бұл ретте ауыл мек­­тебіне Шахан Мусиннің есі­мін беру жұмыстары жүргізіліп жат­қанын айтты.

– Шахан Мусин – Май ауданы­ның мақтанышы ғана емес, мұқым қазаққа ортақ тұлға. Қасіретті ке­зең – ашаршылық жылдары туған ауылына келіп, қынадай қы­рыл­ған халықты көріп, әді­летті іздеп шығарған жалынды жыры тағдырын түбегейлі өз­герт­ті. Ол 18 жыл өмірін туған то­пы­рағынан жырақта, азап пен бей­неттің ортасында өткерді. Тек­ті ұлдың қайсар рухы сынбай, қиындыққа төтеп берді. Ке­йінгі жылдарда ел құрметіне бө­ленді. Қызметін Қазақ драма театры­нан бастап, осы театрдың ірге­тасын қалаушыларының бірі болып тарихта із қалдырды. Қазақ киносының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты. 1957 жылы М.Әуе­зов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына жұ­мысқа шақыртылды. Сол жерде табан аудармастан 43 жыл ең­бек етті. Шахан Әлімханұлы кино саласында да табысты болды. Саналы ғұмырында бас-аяғы отызға жуық киноға түсіпті. Ал­ғаш­қы түскен киносы – Мәжит Бега­линнің «Бұл Шұғылада бол­ған еді» деген фильмі. Шахан Мусин­нің ғибратты ғұмырын на­си­­хаттау шаралары бюсттің ашы­­луымен тоқтап қалмайды. Бұл ба­ғытта өз жоспарымыз бар. Қазіргі уақытта ауыл мектебіне есімін бе­ру жұмыстары жалғасуда, – деді аудан басшысы.

Ағыбай Қойшыбайұлының бұл ауданға әкім болып таға­йын­далғанына көп бола қойған жоқ. «Шыны керек, Шахан Му­син­дей тұлғаның өміріне деген қы­зығушылық «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан «Төрт тұлғаға перзент болу – тағдырдың сыйы» атты мақаладан кейін басталды. Ша­хан Мусинді ұлықтау жөнін­дегі еліміздің бас басылымы кө­терген мәселелер орынды», – деп газет ұжымына алғысын жаудырды.

Салтанатты іс-шараға Шахан Мусиннің Аққулы ауданында тұра­тын жиендері келді. Ермек Му­син бұл оқиғаны көптен күткен­діктен бе екен, толқып тұрғаны сезіліп тұрды.

– Нағашымызға бюст орнатылады деген хабарды естігенде төбеміз көкке бір елі жетпегені рас. Бұған дейін батыл бастамалар қолға алынса да орта жолда тоқтап қалатын. Келесі жылы Шахан Мусиннің туғанына – 110 жыл. Осы орайда аудан көлемінде ғана емес, облыс бойынша ауқымды шаралар ұйымдастырылса деген тілегіміз бар. Шаханға жасалған құрмет – әулеттің абыройы үшін ғана емес, жастардың жарқын болашағына деген қадам. Себебі оның өмірбаянымен танысқан жас қиын кезеңде де өмірден түңілмей, баянды ғұмыр кешуге болаты­нын түсінер еді. Тар қапастан ке­йін де өнегелі өмір сүруге бола­тынын ұғынар еді. Бүгінгі іс-ша­раға Ресейдің Санкт-Петербург қа­ла­сында тұратын қызы Мақпал келе алмады. Онымен тығыз байланыстамыз. Үйімізде Рәбиға Сыз­дықованың Шахан Мусин туралы жазған кітаптары өз қол­таңбасымен сақтаулы. Ақжар ауылдық мектебіндегі музейге жәдігер ретінде Шаханның су­ретін тапсырдық. Игі іс-ша­раға атсалысқан азаматтарға әуле­ті­міздің атынан алғысымды біл­ді­ремін, – деді Ермек Мусин.

Біз де Ақжар ауылынан кө­теріңкі көңіл күймен қайттық. Ке­ле­сіде мектепке есімі берілгенде ба­ратын шығармыз...

 

Павлодар облысы,

Май ауданы