22 Сәуір, 2014

Банк басқарушыларының басқосуы

284 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Азия даму банкі Басқарушы кеңесінің биылғы 47-ші мәжілісі Қазақстанда өтеді. Жиын алдағы мамыр айының 2-5 аралығына жоспарланып отыр. Мұндай жиын өткен жылы дәл осы уақытта Үндістан астанасы Делиде өткен болатын. Онда Азия мен Тынық мұхиты өңірінің экономикасын дамыту, сондай-ақ Азия экономикасының тепе-теңдігін сақтау мәселелері талқыланды. Сол мәжілісте Үндістан ресми түрде 2014 жылғы Азия даму банкі Басқарушылар кеңесіндегі Төрағалық етуші ел дәрежесін Қазақстанға ұсынды. Бұл ұсыныс бірауыздан қабылданды. Біздің елде өтетін 47-ші мәжілістің негізгі тақырыбы «Жаңа Жібек жолы: Азияны өзгерістегі әлеммен ұштастыру» деген тақырыпта болмақ. Осы ретте аталған алқалы жиынның ұйымдастырушысы болып отырған Азия даму банкі дегеніміз қандай ұйым, оның біздің елмен қандай байланысы бар, мәжілісті біздің елде өткі­зу­дің маңызы неде деген сауалдар туын­дайтыны рас. Осыған орай, біз бұл ұйым төңірегінде таным­дық ізденіс танытып көрдік. Негізінен алғанда, Азия даму банкі көпжақты қаржылық даму институты болып табылады. Банк 1966 жылы желтоқсанда құрылған. Ал қызметін 1968 жылы бастаған. Бүгінде 67 ел банктің акционері болса, оның 48-і сол аймақтың өзінде орналасқан. Оның мүшелері болып Азиядағы дамушы елдермен қатар, Жапония, Австралия елдері де кіреді. Штаб-пәтері Филиппиннің астанасы – Манила қаласында орналасқан. Бүкіл әлем бойынша Азия даму банкінің 26 кеңсесі жұмыс істейді. Банктің президенті – 2013 жылдың 28 сәуірінен бері жапондық Такэхико Накао. Банктің негізгі саясатын айқындайтын жоғары органы – Басқарушылар кеңесі. Банктің негізгі қызметі ауқымды экономикалық өсім, экологиялық тұрақты өсім, аймақтық интеграция арқылы Азия-Тынық мұхиты аймағында кедейшіліктің деңгейін қысқартуға арналған. Азия даму банкінің ғаламдық мақсаты кедейшілікті төмендету болып табылады. Осыған байланысты АДБ дамушы мүше елдерге халықтың кедей топтарының мүддесі үшін тұрақты экономикалық өсуге, жан-жақты әлеуметтік дамуға және тиімді басқаруға қол жеткізу үшін көмек көрсетеді. Азия даму банкі 2001–2015 жылдарға арналған ұзақ мерзімді стратегиялық бағ­дар­ламасын басшылыққа ала оты­рып, өзара байланысты үш бағыт­та жұмыс істейді. Олар – жеке секторды дамыту, аймақтық ынты­мақ­тастықты кеңейту және эколо­гиялық тұрақтылыққа қол жеткізу. Азия даму банкіне Қазақстан 1994 жылы мүшесі болды. 2004 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі және Азия даму банкі арасында 2004 жылғы 29 желтоқсандағы №3 Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Осы меморандум Азия даму банкінің Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне «Қаржы секторын басқару» техникалық көмек көрсету туралы келісімді білдіреді. 2006 жылғы 8 ақпанда Азия даму банкі Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ұлттық банкі арасында «Қаржы секторын басқару» техникалық көмек көрсету туралы келісім хатқа қол қойылды. Қазақстан экономикасын жаң­ғыртуда Азия даму банкi ерек­ше маңызды рөлге ие. Ол елiмiз­дiң инфрақұрылымы мен шикi­заттық емес секторларына инвес­тиция бағыттауда. Азия даму банкi Қазақстан нарығына кiрген уақыттан бастап бiздiң экономикамызға 2,5 млрд. доллардан астам қаржы құйған. Бұл ретте серiктестiгiмiздiң аясында құрылған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» iрi ауқымды жобаны атап өтуге болады. Аталмыш халықаралық транзит дәлiзi Орталық Азия өңiрiндегi жүк тасымалының негiзгi бағытына айналмақ. 2010 жылы Азия даму банкi шағын және орта бизнестi дамытуға өз тарихындағы ең қомақты несиенi ұсынды. Ол халықаралық қаржы институтының ұлттық валютада берген алғашқы займы болып табылады. Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы тығыз ынтымақ­тас­тық­тың тағы бір жемісі ретінде 2012 жылы қабылданған 2012-2016 жылдарға арналған елдік серік­тестіктің стратегиясын атауға болар еді. Бұл стратегия экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оны әртараптандырып, өз кезегінде экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Стратегия Азия даму банкімен серіктестікті дамытудың бола­шақ­тағы негізгі қағидаттарын айқын­дады. Бұл ынтымақтастық Қазақстанның жоғары табысқа ие ел болудағы негізгі мақсаттарына жол ашып отыр. Бастысы, стратегия Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік прогресін және сонымен қатар, ел дамуының басымдықтарын қолдауға бағытталған. Азия даму банкінің Қазақ­стан­дағы Басқару офисі ретінде, Стратегияның басым бағыттарын құрылымдауға, оның қолдау формаларын айқындап, механизмдерін жүзеге асыруға Қазақстан барынша ықпал етуде. Серіктестік экономикадағы өндірісті жандандыру және әртараптандыруды дамыту мақсатында инфрақұрылымға инвестиция тартудың қажеттілігіне назар аударады. Уақыт өте жеке сектордың өсімді қамтамасыз ететін негізгі күшке айналу қажеттілігі де стратегияда көрсетілген. Сонымен қатар, жеке сектордың дамуы үшін бизнес ортаны қолдау шараларына басымдық берілген, себебі, мұнда жеке сектордың рөлін қолдау үшін сонымен жұмыс істеудегі негізгі бағыттар айқындалған. Азия даму банкі мен Қазақстан арасындағы жаңа серіктестікте білім алмасу да үлкен рөлге ие. Білімге құрылған қызмет көрсету түрлері мен өнімдері – реформалар мен институттық дамудың негізі болмақ. Өсім мен әртараптандыруды қолдауға бағытталған қаржы секторын күшейту – серіктестік қатынастарының негізгі бөлігін құрайды. Орта және шағын бизнес кәсіпорындарын қаржыландыруға қол жеткізуді мейлінше кеңейту – кәсіпкерлерді қолдап, жаңа жұмыс орындарын құрып, экономикалық мүмкіндіктерді арттыруға күш салынуда. Бұған қоса, серіктестік Қазақ­станға аймақтық ынтымақтастық арқылы көлік, энергетика, саудаға ықпалдасу бойынша өзінің стра­тегиялық Еуразиялық аумақта орна­ласу артықшылығын пайдалануына көмектеседі. АДБ тарапынан қолдау Орталықазиялық Аймақ­тық Экономикалық Ынтымақ­тастық аясындағы көліктік дәліз­дің автомобиль жолдарын модер­низациялауға, аймақтық сауда мен көліктік қатынастардың күшеюіне бағытталған. Әрине, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізді қайта құру» – АДБ-ның ірі жобаларының бірі. Бұл жоба транзиттік дәліздің қазақстандық бөлігі жағынан қозғалыстың қарқындылығын айтарлықтай арттырады және сәйкесінше транзиттік жүктердің айналымы ұлғаяды, бұл Қазақстан Республикасының барлық деңгейдегі бюджетінің кіріс бөлігін біршама өсіруге мүмкіндік береді. Ендеше, биылғы 47-ші мәжілістің біздің елде өткелі отырғаны және оның тақырбының «Жаңа Жібек жолы: Азияны өзгерістегі әлеммен ұштастыру» деп аталуының өзінде де ерекше мән бар деп білеміз. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».