Әзербайжанда ресми сапармен жүрген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Серік Ахметов сол елдің қорғаныс ведомствосының басшысы Закир Гасановпен кездесті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. С.Ахметов қорғаныс саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту қажеттігін және оның тек екі ел үшін ғана емес, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға сеп болатынын атап өтті.
Қазақстан Қорғаныс министрі әзербайжандық әріптесін биылғы 22-25 мамыр аралығында Астанада өтетін үшінші халықаралық «KADEX-2014» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесіне қатысуға шақырды. Ол, сондай-ақ, З.Гасановты өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Өз кезегінде Әзербайжан қорғаныс ведомствосының басшысы әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін және оны нығайту мен кеңейту үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын атап өтті.
Бұдан кейін Қазақстан Қорғаныс министрі Серік Ахметов Әзербайжанға ресми сапары шеңберінде Премьер-Министр Артур Раси-Задемен кездесті.
Тараптар екіжақты қазақ-әзербайжан, оның ішінде әскери-техникалық саладағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Сол күні С.Ахметов Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті.
Кездесу барысында С.Ахметов Әзербайжан көшбасшысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемі мен игі тілегін жеткізді.
«Егемен-ақпарат».