Аймақтар • 07 Маусым, 2022

ШҚО-да 232 мыңнан астам зейнеткердің зейнетақысы өсті

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биыл 1 сәуірден бастап айлық есептік көрсеткіш, ең төменгі зейнетақы, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейі өсті.

ШҚО-да 232 мыңнан астам зейнеткердің зейнетақысы өсті

«Азаматтарға арналған үкімет» Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының мәліметіне сәйкес, 1 сәуірден бастап айлық есептік көрсеткіш – 3180 теңге (3063 теңге 01.01.2022ж. бастап), ең төменгі зейнетақы – 48032 теңге (46302), базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 20 191 теңге (19450), ең төменгі күнкөріс деңгейі – 37 389 теңге (36018), ең төменгі жалақы – 60000 теңге (60000) болды.

Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылғандардың мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар да өсті. Мысалы, І топтағы мүгедекке берілетін жәрдемақы 69 155-тен 71 787 теңгеге өсті. Жаңа туған балаға берілетін біржолғы жәрдемақы 116 394 теңгеден 120 840-қа өсті. Төртінші балаға 192 969-дан 200 340 теңге болды. Сондай-ақ 1 сәуірден бастап, осыған дейін тағайындалған жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемі 4%-ға артты. Оның мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 46 еселенген АЕК-тен аспауы керек. Яғни, 146 280 теңге. 2022 жылы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 140 898 теңгені құрады. 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жанат Өмірғалиеваның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында 232 мыңға жуық зейнеткердің зейнетақысы өскен. Оның ішінде Өскеменде  67 574, ал  Семей қаласында  55 525 зейнеткер.

«Мүгедектігі бойынша 38 631 және асыраушысынан айырылған 14 759 адамның жәрдемақысы артқан. Жалпы бүгінгі күні ШҚО бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылар – 41 600, көпбалалы отбасылар – 18 861, көпбалалы аналар, алқамен марапатталғандар – 12 332,  бала бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты жәрдемақы алушылар – 2403-ді құрайды», деді Ж.Өмірғалиева. 

Бұған қоса облыс бойынша 19 125 адам мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала бiр жасқа толғанға дейiнгі күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайға байланысты әлеуметтік төлем алады.

Сондай-ақ мемлекеттік корпорациямен көрсетілетін 44 мемлекеттік қызмет түріне электронды түрде онлайн өтініш беруге болатынын. Ол үшін қызмет алушылардың ұялы телефон нөмірлері міндетті түрде мобильді азаматтар базасына (МАБ) тіркелуі керек екенін жеткізді.

 

Шығыс Қазақстан облысы