– Андрей, елге қош келдің! 2022 жылдың алғашқы алты айында өзің қатысқан кұмдауыт корттағы өнеріңе көңілің тола ма?
– Көңілім толады деп айта алмаймын. Себебі өзім жоспарлаған біраз жарыста тәуір өнер көрсете алмадым. «Ролан Гарросқа» дейінгі бәсекелерде де, Франция ашық чемпионатында да жанкүйерлерімді қуантуды көздеген едім. Бірақ ол ойымды жүзеге асыра алмадым. Әйтпесе, басты мақсатым – ірі жеңістерге, титулдарға қол жеткізу еді. Дегенмен әзірге тек Римдегі «Мастерс» турнирінің жартылай финалына дейін жеткенім көңілге медеу болып тұр.
– Біраз уақыт бойы франциялық Фабрис Мартенмен жұптасып, түрлі сайыстарға қатысып жүрсің. Теннисшілер серігін ауыстыру, өзгерту керек екенін қай уақытта түсінеді?
– Бұл жерде екі теннисшінің де бірге жеткен нәтижесіне байланысты ғой. Егер бір-біріңмен тіл табысып, ірі жетістіктерге жетіп жатсаң, айырылмауға тырысасың. Ал керісінше, еш нәтиже шығара алмай жатсаң, басқа теннисшімен бірге бақ сынап көруге ұмтыласың. Сондай-ақ кейде біраз уақыт бірге ойнаған серігіңнің ойын кестесі сол турнирге сәйкес келмей қалса, тағы да жұбыңды ауыстыруға мәжбүр боласың. Мысалы, біреуі басқа турнирде ойнағысы келсе, екіншісі ол жарысқа қатысқысы келмейді дегендей. Жұптық теннисте мұндай сәттер жиі кездеседі.
– Жұптық сында бірнеше серіктесің болды. Бір-біріңе сай келетіндеріңді қалай білесіңдер?
– Қай теннисшінің ойын стилі өзіңе жақын екенін түрлі жарыстарда қарап, бақылап жүреміз. Кейін кортта бірге ойнап көреміз. Ойынымыз үйлесіп жатса, әрі қарай да бірге ойнай береміз. Егер стиліміз сәйкес келмесе, келесіде басқа серіктес іздеп көреміз.
– Ал жекелей сында өзіңнің ең ерекше есіңде қалған матчтарың бар ма?
– Әрине, бар. Атап айтар болсам, Қазақстан құрамасы сапында Дэвис кубогында Швейцарияда Станислас Вавринкамен, Чехияда Томаш Бердыхпен, Қазақстанда бельгиялық Давид Гоффенмен бесінші сетте 12-10 есебімен жеңгенімді қалай ұмытайын?! Жекелей жарыстарда да мұндай ойындар көп болды. Мысалы, Гамбургтегі доданың финалы, Аустралияда ресейлік Михаил Южныймен бес сетке созылған матч, Содерлингпен болған ойын әлі күнге дейін есімде.
– Екі апта бұрын жұптық рейтингте жеке рекордыңды жаңарттың. Римдегі «Мастерс» турнирінің жартылай финалына дейін жетіп, нәтижесінде рейтингте 21-орынға көтерілдің. Қазір 22-сатыдасың. Маусым соңына дейін ТОП-10 теннисшінің қатарына қосылуға мүмкіндік бар ма?
– Жұптық сында бұл нәтижеге қол жеткізуге әбден болады. Жыл соңына дейін алдыма ондықтың қатарына енуді мақсат етіп қойдым. Ол үшін әр жарыста табысты өнер көрсетуім керек.
– Қазақстан құрамасы сапында Дэвис кубогында 14 жыл бойы ойнап келесің. Ел намысы сынға түскен әр ойында ерекше сезімге бөленесің бе, әлде ондайға үйреніп кеттің бе?
– Ұлттық құрама үшін бірінші рет, әлде бесінші, тіпті жиырмасыншы рет ойнап жатсам да, жауапкершілік жүгі ешқашан жеңілдеген емес. Тек Дэвис кубогының жаңа форматына қатысты айтарым бар. Бейтарап аймақта үш командаға қарсы ойнау оңай емес. Дегенмен қарсыласымыз Ұлыбритания, Норвегия немесе Испания болсын, біз қазақстандық жанкүйерлердің қолдауын әр кез сезінеміз.
– Биыл Қазақстан теннисі үшін ерекше жыл болмақ. Өйткені ерлер құрамасы Дэвис кубогының, әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогының және 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатының финалында өнер көрсетеді. Биылғы Дэвис кубогында Қазақстан Ұлыбритания, АҚШ, Нидерланд секілді мықты құрамаларға тап болды. Осы айтулы жарыстан не күтесің?
– Әрине, кез келген жарыстың финалдық кезеңінде оңай қарсыластар түспейтіні анық. Алғашқы екі құраманы айтпағанның өзінде, Нидерланд теннисшілерімен бұдан бірнеше жыл бұрын кездескенбіз. Бірақ қазір олардың деңгейі өсті, бұрынғыдай емес. Жекелей сында ТОП-60-қа кіретін екі ойыншысы бар. Жұптық сында да осал емес.
– Алдағы «Уимблдон» додасына дейін қандай жарыстарға қатысуды жоспарлап отырсың?
– Әзірге «Уимблдонға» қатысу-қатыспауым белгісіз болып тұр. Өйткені Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (АТР) «Уимблдонда» жеңіс үшін берілетін ұпайларды алып тастады. Сондықтан бұл додаға қатыспауым ғажап емес. Бәлкім, бұл аралықтағы уақытты қалпыма келу үшін жұмсайтын шығармын. Одан кейінгі додаларға қатысу үшін де күш керек қой. Дегенмен көгалдағы төсеніш маусымында Германиядағы Галле АТР 500 және Испаниядағы Мальорка АТР 250 турнирлерінде бақ сынайтыным анық. Қалғанын уақыт көрсетеді.
– Әңгімеңе рахмет.
Әңгімелескен
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»