Қоғам • 07 Маусым, 2022

Онлайн кредиттеу опа бермей тұр...

448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақпараттық технологиялар ғасы­рының адам игілігіне арналған ғаламат жаңашылдықтарын меңгеруде Қазақстан ешбір елден кем қалмауға тырысып-ақ жатыр. Алайда «Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты» демекші, заң үс­тем­дік құрып, құқықтық тәртіп мықтап орныққан озық мемлекеттер ойдағыдай пайдаланып отырған кейбір ноу-хау біз­дің елдің даму деңгейінің ерекшелігі ес­ке­ріл­мей енгізілсе, оң нәтиже беруі екі­талай екені байқалып отыр. Онлайн кредиттеу – соның айғағы.

Онлайн кредиттеу опа бермей тұр...

Мұндай тұжырым жасауымызға жуырда Көкшетау қаласында тұратын зейнеткер жолдасымыз хабарласып, жаны қысыла жыламсырай сөйлеп, жәрдем сұрағаны түрткі болды. Ол бір алаяқтың ұялы телефон арқылы гипноздай әсер еткен сөзіне еріп жүре бергендіктен, екінші деңгейлі банктің жергілікті филиалынан 3 миллион теңге онлайн кредит алып, соншама ақшадан қалай айырылғанын білмей де қалыпты. Әйтеуір, оңбай алданғанын түсінген соң полицияға шағым түсіріпті.

Кейінгі кезде осындай алаяқтар көбейіп бара жатқаны туралы құқық қорғау органдары жиі дабыл қағып жатыр. Мәселен, жуырда Түркістан облыстық Полиция департаментінің хабарлауына қарағанда, Түлкібас ауданында бір жігіт өзін 5 жергілікті тұрғынға спутниктік телевидение орнатушы маманмын деп таныстырып, жеке деректерін сұрап жазып алып, кейін олардың аттарынан шағын қаржы ұйымынан онлайн кредит алып, өз қажетіне жұмсаған. Алданғандарын кейін білген азаматтардың арызы бойынша іздестіру жүргізген полицейлер алаяқты көрші Сайрам ауданынан тауып, тұт­қын­дапты. Ал Атырау облыстық прокуратурасы Ч. деген азаматтың 97 адамның жеке деректерін қолына түсіріп, шағын қаржы ұйымынан онлайн кредит алып, өз қалтасына басқанын хабарлады. Әйтеуір, ол алаяқ та ұсталып, қылмыстық ісі сотта қаралып жатыр екен.

Осындай алаяқтықтың өзіндік «рекорды» былтыр Түркістан облысында тіркеліпті. Жергілікті екінші деңгейлі банк филиалы қызметкерлерінің күдіктеніп, хабар беруі бойынша тексеріс жүргізген полицейлер 147 азаматтың жеке деректерін пайдаланып, олардың атынан онлайн кредит алған Сайрам ауданының тұрғынын әшкерелеп, Қылмыстық кодекстің «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ол әйел үш ай бойы таныстарын отбасындағы әр баласы үшін 50 мың теңге әлеуметтік көмек ресімдетіп беремін деп алдап, жеке деректерін жазып алып, оларды өзінің арам пиғылын іске асыруға пайдаланған екен.

Онлайн кредиттің опа бермейтінінің бір айғағы алаяқтық қылмыстар осылайша өршіп тұрғаны болса, оны өз қалауымен заңды түрде алған адамдар да кейін бар­мақтарын тістеп, опынып жүр. Себебі ешқандай кепіл талап етпейтін, тіпті төлем қабілетін де шүйіле тексеріп жатпайтын, яғни алуы оңай онлайн кредиттің жылдық мөлшерлемесі жүздеген пайызға дейін шектен тыс шарықтап, қаржы ұйымдары несие алушылардың қанын теспей сорып жатқан болып шықты. Сарапшылардың айтуына қарағанда, оңай жолмен пайда табуды ғана ойлайтын шағын қаржы ұйымдарының жылдық мөлшерлемесі 700-1000 пайызға дейін жететін көрінеді. Осыншалықты арсыздықпен қанаушылыққа тап болғандар табысы төмен қарапайым адамдар екені айтпаса да түсінікті. Онлайн кредит алғандардың жартысынан астамы қазір алған қарызын уақтылы қайтара алмай, коллекторлардың қыспағына түсіп, шақшадай бастары шарадай болып жүр. Нақты айтсақ, 2 миллион отандасымыздың қаржы ұйымдарына қарызы 500 миллиард теңгеден асып кеткен. Мұның өзі жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау қажеттігін туғызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша әзірленген осы заң жобасын қазір Парламент Мәжілісінің депутаттары тал­қылауға кірісіп жатыр.

Түйіндей айтқанда, халықты неше түрлі алаяқтарға жем қылып қана қоймай, кіріп­тарлыққа душар еткен онлайн кредиттеуге мүлдем тыйым салу немесе осы салада темірдей тәртіп орнату мақсатында қаржы ұйымдарына қатаң талап қойып, қатал жаза белгілеу қажет сияқты. Қалай болғанда да, халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспай, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген қазіргі кезде то­йым­сыз өсімқорлардың арандарын ашқан ар­сыз­дығын тыятын кез жетті.