Қазақстан • 07 Маусым, 2022

«Көркем ұлы – бір туатын ғасырдың»

1615 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мұхтар Әуезовтің болашағынан мол үміт күттірген сүйікті шәкірттерінің бірі Мүсілім Базарбаевтың өзі де бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Бұл мақаланы отызында орда бұзған, көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мүсілім Базарбайұлы Базарбаев ағамыздың ғибратты ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болар деген мақсатта ұсынып отырмыз.

«Көркем ұлы – бір туатын ғасырдың»

Мүсілім Базарбаев 1927 жылы 15 мамырда қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы Кекір­елі деген жерде туған. 1948 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университеті тарих-филология факультетінің журналистика бөлімін бітіргеннен кейін, жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына аспи­рантураға қабылданды.

1951 жылы аспирантураны аяқта­ған соң талапты жас инсти­тутқа қызметке қалдырылып, кіші ғылыми қызметкер жұмысын ат­қарды. 1952-1956 жж. Қазақ­стан Компартиясы Орталық Коми­­тетінде әдебиет және өнер жө­ніндегі нұсқ­аушы қызметін атқар­ды. 1955-1956 жж. КОКП Орталық Комитеті жанын­дағы Қоғамдық ғылымдар академиясында оқып, 1956-1961 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл мен әдебиет инс­титуты директорының орынбасары қызметін атқаруда көзге түскен жас маман 1961-1971 жж. жаңадан құрылған Әдебиет және өнер институтының директоры қызметін атқарды. 1971-1976 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрі, 1976-1981 жж. Қазақ КСР Сыртқы істер министрі қызметтерін ат­қарды. 1981-1986 жж. Қазақ КСР Ғы­лым академиясы М.О.Әуе­зов атындағы Әде­биет және өнер инс­титутының директоры, 1986-1988 жж. Осы институттың Қазақ­стандағы Орыс әдебиеті мен Әде­биет теориясы және әде­биеттану мето­дологиясы бөлім­дерінің же­текші ғылыми қыз­мет­кері, 1988-1995 жж. Қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің мең­ге­рушісі ретінде ұлт әдебиетінің зерт­телуіне үздіксіз үлес қосып, тәуелсіз Қазақ­станның кеңестік дәуір әдебиетін жаңаша бажайлаудың жобасын жасап, соның негізінде жасалған ұжымдық зерттеулерге басшылық етті.

М.Базарбаевтың негізгі ма­ман­дығы әдебиетші, сыншы бол­ған­дықтан ол жөніндегі әңгіме бө­­лек болмақ. Бұл мақа­лада оның жас­тық шағынан бірер мысал кел­тіріп, қоғамдық қызметтерін сөз етпекпіз. Ғалымның жазу-сызу­ға құмар­лығы мектепте оқып жүр­ген шағы­нан басталады. Соғысқа дейін 5-6-сынып­тар­да оқып жүр­генде Қазақ­стан­ның астанасы Алма­тыдан шы­­ға­­тын «Октябрь ба­лалары» (ке­йінгі «Қазақстан пионері») газе­тінде бір­неше мақаласы шығады: «Біздің ауылда монша салынды», «Қызыл бұрышта» (мектептің), «Көр­кемөнерпаздар үйірмесі жұ­мыс істейді» деген секілді. Екі-үш мақаласы шығып, жазу-сызуға деген құштарлығы артқан жас талапкер ендігі жерде жас­тар­дың республикалық газеті «Ленин­шіл жасқа» мақала жібереді. Осы жө­нін­де ғалымның жеке мұ­ра­ғатында сақ­­талған «Лениншіл жас» газетінің Қызыл­орда облысы, Сырдария ауданы, Бір­қазан ауылындағы «Қызыл егін­ші» бастауыш мектебінің оқушысы М.Базар­баевқа жіберген хаттарынан да біраз сырды аңғаруға болады. 1941 жылдың 17 сәуірінде газеттегі мектеп бөлімінің бастығы Бурышбаев жіберген хатта:

«Базарбаев жолдас!

«Мектебіміздегі отличниктер» деген хабарыңыз кешігіп алын­ғандықтан газетке басылмады. Бұдан былай да жазып тұрыңыз» делінген.

Шалғай ауылда жүрген мектеп оқу­шысына Қазақстанның астанасы Алма­тыдағы республикалық газеттен келген хаттар жөнінде мұрағатта сақталған «Алғашқы қалам» деген мақаласында автор былай дейді: «1940-1941 жыл­дары «Октябрь балаларына» бір-екі хабарым жарияланып, дән­­­деп алғанмын. Енді «Ленин­шіл жасқа» жаза бастадым. Бір жа­за­мын, екі жазамын, хабарым ба­­сыл­майды. Ақырында мек­теп­­тің драмалық үйірмесінде Ғ.Мү­сі­реповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы қойылғанын жазып жібергенмін. Бұ­ған мөр басылған мынадай жа­уап ал­дым: «Сіз мектеп үйірмесінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы қо­йыл­ғанын асыра мақтайсыз. Рес­пуб­лика­лық академиялық театр да ол пье­­саны дұ­рыс қоя алма­ған­да, мектеп үйір­­месі қалай жақ­сы етіп қоя алады? Ха­ба­рыңыз осы себептен басылмайды. Бө­лім меңгерушісі Қ.Сүлейменов». Бала кез­дегі оқу-білімге деген осын­дай үлкен құмар­лық оны аста­надағы білім ордасы Киров атын­дағы (қазіргі әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетіне алып ке­леді. Университетке түсу емтиханын тапсыруға кірсе, баяғы өзіне хат жазатын Қазыбек Сүлейменов оны фамилиясынан тани кетеді де талапкерді жылы шырай­мен қабылдайды. Осы факультетті 1948 жылы екінші болып бітірген бітірушілердің бәрі жолдамамен еліміздің түкпір-түкпіріне та­рай бастағанда М.Базарбаев рес­публика­лық жастар газеті «Ле­ниншіл жаста» қалады. Себебі ол бұл жерде студент кезінен бас­тап қызмет ете бастаған болатын. Еңбек жолын бастаған киелі ша­ң­ырағы жөнінде кейіндері: «Қа­зір қазақ журналистикасының дәс­түрі толық орнығып бекіді. Та­лантты қа­лам шеберлері бар. Солардың көбі «Ленин­шіл жас­тан» тәрбиеленіп шықты. Бұл газет, мәселен, бір «кіші университет» есебінде талай жас та­лапкерді даярлады. Оның ал­ғашқы дәуірі жиырмасыншы жыл­дарға дейін кететінін айт­пасақ та жалпыға мәлім»,  дейді. Кіші университет саналған бұл орда болашақ ғалымның көп ізде­нуіне, қала­мының ұшталуына, не нәрсені де зерт­тей білуге төсе­луіне көп септігін тигізді. Оны жас жур­налистің алғашқы мақа­ла­лары­нан да көруге болады. Ол әде­би-сын мақалаларымен 1948 жыл­дан көріне бастады. Әр алуан ­та­қырыпта әдебиет пен өнер туын­ды­ларына бағамдар жасады.

Еңбек жолын журналист болудан бастаған болашақ ғалымның қаламы төселуіне «Лениншіл жас» газетінің де ықпалы болды. Осы жылдар болашақ ғалымның қаламын ұштай түскені рас. Атал­ған газетке еңбек озаттары және мәдениет, өнер жөніндегі әр­түр­лі мақа­ланы жиі жариялады. Олар­дың біразын М.Базаров деген бүр­кеншек атпен берсе, ен­ді біршама бас мақа­лалардың авторын көрсетпей жариялап отырды. Ол әдеби-сын мақалалары­мен 1948 жылдан көріне бастай­ды. Әр алуан тақырыпта әдебиет пен өнер туын­дыларына рецензия­лар жазады. Б.Бұл­қышевтың «За­ман біздікі» ат­ты шығар­ма­лар жи­нағына жазған, рецен­зиясы мен «Абай – вели­кий казах­ский поэт», «Оның есімі ерлікке күрес­ке ша­қырады», «Ұлы рево­люцияшыл демократ А.И.Гер­цен», «Украин хал­­қының револю­цио­нер ақыны», «А.П.Чехов», «А.С.Гри­­боедов», «Орыс­тың ұлы де­мо­краты», «А.Н.Ради­щев» ат­ты М.Е.Салтыков-Щед­­рин, А.Тоқ­мағамбетов, С.То­рай­­­ғыров, А.П.Че­хов, А.С.Гри­бое­дов, А.И.Гер­ценнің өмірі мен шы­ғар­машылығы жөніндегі мақа­ла­ла­рында ол өзінің ізденімпаздығы мен көркем шығарма табиға­тын түсіне білетін талант екенін көрсетті.

«Жамбылдың ақындық ше­берлігі», Абай туралы: «Гор­дость казахского народа», «Ка­зах­ский поэт – просвети­тель» ат­ты С.Торайғыров, Б.Бұл­қы­­шев, Ж.Жабаев, А.Құнанбаев ­ту­ра­лы мақалаларынан жас та­лап­тың шы­ғарма табиғатына те­рең бойлауы бай­қалды. 1954 жы­лы А.Құнанбаевтың қайтыс бол­ғанына 50 жыл толуын атап өтетін кезде М.Базарбаев «Советская культу­ра» газетіне «Абай – великий поэт-реалист» атты мақаласын жа­рия­лады. Осы мақаланың қол­жаз­басын алғандығын айтып редакция алқасы атынан өнертану бөлімі редакторының орынбасары Н.Толченова М.Базарбаевқа жауап хат жазған. Ғалымның жеке мұрағатында сақталған осындай хаттардан оның сонау елуінші жылдардан бастап Одақ көлемінде таныла бастағанын аңғаруға болады.

Өзінің ізденімпаздығымен ерек­­­ше көзге түскен жас жур­на­листің 1953 жылы «Социалистік Қазақстан» газе­тінде жарияланған «Қазақ әдебие­тінің оқулығын жазу туралы», «Қазақ әде­биеті­нің тарихынан сапалы оқулық жазу керектігі жөнінде» атты мақалалары әдебиетші қауым ара­сынан қолдау тауып, оқулық жазу науқаны басталып та кет­ті. 1954 жылы Қазақ КСР Ғы­лым академиясы президумы мәжі­лісінің қаулысы бойынша бел­гілі ғалымдар М.Әуезов, С.Мұқа­новтардың басшылығымен М.Ба­зарбаев (Е.Лизунова, А.Нұрқатов, Х.Сайкиев, С.Сейітовтармен бірге) оқу құралын жазатын авторлар­дың құрамына енді. Оқулық жазуға ара­ласқан жас әдебиетшілердің іші­нен М.Базар­баевтың (авторлармен бірге) алғаш­қылардың бірі болып жазған 10-класқа арналған «Қазақ совет әде­биеті» оқулығы 1954 жы­лы жарық көрді. Бұл оқулықтың талап-тілекке сай жазылғандығын 1986 жылға дейін 11 рет қайта басылғанынан да көруге болады. Толықтырылып, түзетілген осы оқулық 1989 жылы 11-класқа арна­лып қайта жазылды да, 1994 жылға дейін басылып отырды. Олай болса, өткен ғасырдың екінші жартысында мектеп қабарғасында білім алғандардың барлығы да оның шәкірттері болып саналмақ.

М.Базарбаев мемлекет қайрат­кері ретінде де үлкен қызметтер атқарды. Мәдениет министрі бол­ған жылдары КСРО құрамына енген елдердің мәдениет ми­нис­трлерінің атынан шетелдерде өткен халықаралық кон­фе­рен­ция­лар мен конгрестердің ұйым­­дастырушы­сы және тұрақты баян­дама­шысы болды. КСРО Мәдениет министрі Екатерина Фурцева­ның Қазақ­стан Рес­публикасының Мәдениет министрі­не тегіннен тегін көңілі түспегені бел­гілі. Қазан төңкерісі­не дейін «жа­байы, көшпелі» халық саналған қазақ елінің Мәдениет министрінің Кеңес Одағының алдына оқ бойы озық шығуының да басты сыры М.Базар­баевтың кең эрудициясына келіп тіре­леді. Себебі қазақ және кеңес елінің әде­биеті мен мәдениеті жөнінде жасаған баяндамаларының да көтерген жүгі ауыр еді. «Қазіргі заман және өнер» (1972), «Қоғамдық даму және өнер» (1973), «Әдебиет пен өнердің қоғамдық функциясы» (1974), «Өнердің ұлттық және интернациональдық мазмұны» (1975), «Советтік мәдениет және оның шетелдік «сыншылары» (1976) атты баяндамаларында мәдениет пен өнердің шешімін күткен өзекті мәселелерін көтере білді. Сол тұстарда өткен әлемдік симпозиумдарда Кеңес Одағы атынан Швеция (1966), ФРГ (1972), Индонезия (1973), Чехословакия (1973), Дания (1975), Конго (1980) елдерінде сөз сөйлеп, Кеңес Ода­ғының мәдениеті мен өнерін әлемге паш еткен де М.Базарбаев.

Мәдениет министрінің ке­лесі бір жетіс­тігі – жас кадрларды тәрбие­леу­ге қосқан үлесі. Оған Қазақстан Мә­дениет минис­трлігінің жанынан рес­публикадағы 27 театрды басқара­тын театр мен репертуарлық коллегия бөлім­дерін ашуы нақты мысал бола ала­ды. Жаңадан ашылған театр бө­ліміне баспасөзде танылып жүр­ген, өзіндік айтары бар Әшірбек Сығайды шақырып алып басшы етіп тағайындаса, ол кейін білікті театр сыншысы ретінде республика мен алыс-жақын шетелдерге танылды. Сол тұста өлеңдерімен баспа бетінде көріне бастаған жас ақын Нұрлан Ора­залинді Мәдениет министрлігі жа­нын­дағы репертуарлық коллегия­ға ре­дак­торлыққа шақырған жас кадрларды даярлау үшін консерватория­дан ­театр институтын бөліп, жеке ғылым ордасы етуді сұраған да Мү­сілім Базарбаев болатын. Қазіргі таңда осы екі оқу орны да өнерпаз жастарды тәр­биелеуде. Осылардың қатарында институт директоры бо­лып жүрген кез­дегі өнертанушы ғалым Бағыбек Құн­дақбайұлы­ның диссертациясының Алматы­да қорғалуына мұрындық бол­ға­н­ын да баса айтуға болады.

1970 жылдың 17 қыркүйегін­де Қа­зақс­тан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қа­был­дауында болғандығын рас­тайтын құжатта Мүсілім Базар­баев­тың Алматы қаласынан драма театр, кітапхана, өнер қайрат­кер­леріне пәтер және Гу­рьев, Өске­мен, Петропавл сынды облыс орта­лықтарында жаңа театрлар салу мәселесімен барғаны жазылған. Бұл ұсынысқа бірінші хатшы қол­дау көрсетіп, сол сәттен-ақ белгілі адамдарға тапсырған. Осындай мәліметтерге қарап отырып, оның қазақ халқының жарқын болашағы үшін жанын аямай еңбек еткенін аңғаруға болады.

Бірінші хатшының қабыл­дауынан шыққан соң, келесі күні-ақ Артем Миса­нович Вартанян екеуі аталған ғима­раттарды салатын жерді көруге барған. Сол, Құрманғазы көшесіндегі үйге 1972 жылы мәдениет министрі қанша­ма өнер иесіне пәтер кілтін табыс етті. Чапаев (қазіргі Манас) көшесіндегі жатақханада бүгінге дейін жас өнерпаздар тұрып келеді. Осылайша, өнер қайраткерле­ріне тұрғын үй, жатақхана салуды да мәдениет министрі басшылыққа алып қадағалап отырған.

Осы тұста атқарылған дүние­лерден көзге түсетін – Қазақ­стан­ның астанасы Алматының төрінен сәулетті ғима­раттар салу. Алматы қаласының орта­лық көшесі Дос­тық пен Абай даңғы­лының қиы­лысындағы архитектура­сы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие бол­ған Республика сарайы мен 600 орын­дық «Арман» кинотеат­ры, Абай даңғылындағы 800 орындық Лермонтов атындағы Орыс драма театры, М.Әуезов атындағы Академиялық қазақ драма театры, Пушкин атындағы (қазіргі Ұлттық) кітапхана, 4 500 орындық Спорт сарайы (қазіргі Балуан Шолақ атындағы), Қазақ Циркі мен Актерлер үйі және мә­дениет қызметкерлерінің Білі­мін жетіл­діру институты, Көркем галарея, Шығармашылық үйі, Достық үйі сынды толып жатқан сәулетті ғимараттар да мәдениет министрінің сұранысы бойынша салынған. Осылайша, билік басында отырған тұста Мүсілім аға Алматы қаласы мен облыс орталықтарында бой көтерген мәдениет ошақтарының ашылуына түрткі болды.

Осы жылдары Мүсілім Базар­баевтың басшылығымен біршама мәдени шаралар жүзеге асты. Оның аса көңіл бөлген мәселесінің бірі – айтыс өне­рінің қайта жандануы. 1980 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ драма теат­рының залында М.Базарбаевтың ұйым­дастыруымен, басшы­лы­ғымен өткен рес­публикалық айтыс күні бүгінге дейін өз жалғасын та­бу­да. 1982 жылы Алматы облысы ақындары Еңбекшіқа­зақ ауда­нының орталығы Есікте осы бас­таманы жалғастырса, 1984 жылы қазақ телевизиясы бұл істі қолға алып, жаңаша әр бергенін, кейін оның Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Алматы сынды оңтүстік облыстарда жалғасын тапқанын баса айтқан жөн. Олай болса, М.Базарбаев – атадан-балаға мирас болған суырып салма өнерінің кеңестік дәуір тұсында қайта жан­дануына бірден-бір себепкер бол­ған үлкен мәдениет қайраткері.

Мүсілім Базарбаевтың өр тұл­ға­сын аша түсер деректердің бірі – замандастарының естеліктері мен ақын­дардың жыр шашулары. Жұбан Мол­дағалиев бастаған талай қазақ ақын­ы Мүсілім есімін мәңгілік жадымызда сақтау тұр­ғы­сында сан алуан мазмұндағы жыр жолдарын арнады. Олардың бір парасы қазақ халқы үшін ат­қарған ерен еңбегін тілге тиек етті.

«Қазақтың маңдайына біт­кен ға­лым» деп Тұманбай Молда­ға­лиев айт­қан­дай, ол қазақ халқы үшін еште­ңеден аян­баған ары таза азамат. Қазақ­тың ақын қыздарының бірі Нәзікен Алпа­мыс­қызы «Пір тұттың қазақ қо­ны­­сын» деп жырласа, шәкірті Шөміш­бай Са­риев ұстазының дара туған дарын иесі екен­дігін «Көр­кем ұлы – бір туатын ғасыр­дың» деген жолдармен жырға қосты.

Қазақ елінің мәдениеті мен әдебие­тіне қомақты үлес қосқан ғалымның еңбек жолы ұлт тарихымен тығыз бай­ла­нысты болса, Қазақ ғылымының қара шаңыра­ғы Қазақ КСР Ғылым ака­­демиясы­ның алғашында Тіл және әдебиет кейін Әдебиет және өнер инсти­туты болып жеке отау тіккен осы инс­ти­туттың тарихын да М.Б.Ба­зар­баев есімінсіз сөз ету мүм­кін емес. Себебі ол аталған инс­ти­тутының тұңғыш директоры және М.Әуезовтің үлкен үміт артқан шәкірті. 1961 жылы М.Әуе­зов дүние салғанда ұстаз арма­нын іске асырып, аталған институт­ты аяғынан тік тұрғызған да М.Базарбаев екенін бүгінгі ұрпақ біле бермес.

Осындай сан алуан еңбек­терімен бірге ол көркем аудармаға да араласып, В.Губарев пен А.Гусев құрастырған «Вожатый кітабын» (екінші кітап, 1953) М.Әлімбаевпен бірге тәржімалады. И.С.Тургеневтің таңдаулы төрт повесі («Первая любовь», «Вешние воды», «Ася», «Постоялый двор») «Алғашқы махаббат» деген атпен жеке кітап болып шықты (1960-1968), Аристофанның «Лисис­трата» және «Фесмофорлар мейра­мындағы әйелдер» комедияларын (1981), М.Ибрагимбековтің «Мезозей тарихы» пьесасын (екі көріністі, 1977) аударғаны белгілі. Алайда оның жеке мұ­рағатынан осы аталғандармен бірге және бір­неше көркем аудармасы табылды.

«Жігітке жеті өнер де аз» дей­ді хал­қымыз. Жоғарыда сөз бол­ған Мүсілім Базарбайұлының бір басынан табылған өнерлер оның «сегіз қырлы, бір сырлы» болғанын байқатады. Олай болса, бүгінгі өскелең ұрпақтың да ағаларымыз тәрізді Отанын, елін, ұлтын сүйген патриот болып өсуіне тілектеспіз.

 

Гүлжаһан ОРДА,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы