Елорда төрінде өткен іс-шараға мәдениет марқасқалары мен өнер әлемінің дарабоздары, мемлекет және қоғам қайраткерлері және әр сала бойынша қатарынан оза шауып бәйге алған шын үздіктер қатысты. Форумды құттықтау сөзімен ашқан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев тәуелсіз елдің көк байрағы жалынды жастар мен дарынды азаматтар арқылы қай кезде де биікте желбірей беретініне сенім білдірді.
«Біз әрқашан Туымыз бен Әнұранымызды, Елтаңбамызды мақтан тұтамыз. Әрқашан аспан түстес көк байрағымыз азаттығымызды айқындап тұрады. Әрқайсымыздың жүрегімізде жатталған Әнұранымыздың қасиетті сөздері әлемді жаңартатын жетістіктерге жетелеп, жігерлендірсін. Елтаңбамыз әрқашанда Қазақ мемлекетінің жоғары беделінің белгісі болсын! Бұл залда еліміздің озық ойлы, жасампаз жастары бас қосып отыр. Мен Сіздердің мемлекеттік рәміздерге деген айрықша қастерлі қарым-қатынастарыңыздың негізінде елге деген зор мақтаныш, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік және шынайы халық бірлігі тұрғанына кәміл сенімдімін», деді Дәурен Абаев форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде.
Форум аясында бірнеше сала бойынша үздік шыққандар арнайы аталымдармен марапатталды. Айталық, «Ғылым және білім» аталымы бойынша білім беру зерттеулерінің Еуропалық Ассоциациясының Еуропалық байқауының жеңімпазы Асхат Жұмабеков, физик, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ зертхана жетекшісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Максим Здоровец жеңістің биік тұғырынан көрінсе, «Мәдениет және спорт» аталымы бойынша Қытай астанасы Бейжің қаласында өткен қысқы Паралимпиада ойындарында қола жүлдегер атанған парабиатлоншы Александр Герлиц және белгілі телепродюсер, сценарист, «Маска» шоуының қазақстандық нұсқасын эфирге шығарған Гүлнұр Мамасарипова жүлдеге лайық деп танылды. Сондай-ақ, «Медицина және волонтерлік» аталымы бойынша QazCovid-in (QazVac) коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеуші Күнсұлу Закария мен ерікті Абылайхан Әбдіраштың жұлдызы жанды. «Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы» аталымы бойынша кәсіпкер Бейбіт Асанов пен Аманжол Әріпов, «Технология және бизнес» номинациясы бойынша Өркен Мамырбаев пен Сабыржан Ақбаров, «Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар» аталымы бойынша гвардияшы, Ақтөбе қаласындағы қаңтар оқиғасы кезінде Отан алдындағы борышын абыроймен орындап, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Ұлан Мырзабай мен сегізінші қабаттан құлағалы тұрған үш жасар қызды құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев жеңімпаз атанды.
Патриоттар форумында сөз алған Сәбит Шонтақбаев өзінің әрекетін ерлікке телімейтінін жеткізді. «Ардақты бауырлар, достар! Баршаңызды осы басқосуда көргеніме қуаныштымын. Көрсеткен құрмет үшін айтар алғысым шексіз. Әйткенмен мен өз әрекетімді ерлік деп есептемеймін. Ондай жағдайда кез келген адам қол ұшын береді. Сондықтан да осы жерде отырған баршаңызды патриоттар деп есептеймін», деді ол өз ойымен бөлісіп.
Патриоттар форумында топ жарған азаматтардың барлығы да мемлекеттік рәміздер күніне қатысты ақжарма тілектерін ақтарды. Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.