Ғылым • 08 Маусым, 2022

Ғаламның қозғаушы күші – ғылым

603 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Бүкіл адамзат мойындаған, шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ғылымы күшті елдің болашағы кемел» деген қанатты сөзі мыңдаған жыл бұрын айтылса да, өзектілігі әр ғасырда жойылған емес. Қазіргі жаһандану заманында да ғылымның дамуы – әр мемлекеттің рухани және экономикалық күш-қуатының еселенуін қамтамасыз ететін маңызды фактор. Ғылым – білімнің жоғарғы сатысы. Бұлар бір-бірімен астасып, тұтасып жатқан бірегей сала.

Ғаламның қозғаушы күші – ғылым

Биыл 2 маусымда Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Тоқаевтың Ұлттық ғылым академиясының құрыл­ғанына 75 жыл толғанына орай өткен жалпы жиналысының сессиясына қаты­сып, отандық ғылымның дамуына қатыс­ты тың бастамалардың қолға алынатынын жариялағаны жаңа технологиялар дәуірінің басталғанын білдіреді. Бұл шешім ғылымға деген бар күш-жігерін аямай келе жатқан 22 мыңдай ғалым-әріптесіміздің бойына жаңа серпін, қуат бергенін риза­шы­лықпен атап өтуге болады. Мы­са­лы, Қазақстанның ғылы­ми-тех­нологиялық даму стратегиясы әзірленіп, 2025 жылға дейін ғы­лымға бөлінетін қаржының ІЖӨ үлесіндегі көрсеткішін 1 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы алдағы көп нәрсенің бастауы деп білеміз.

Президенттің сөзінен туындайтын басты тұжырым: ХХІ ғасыр­дағы дамудың бірден-бір жолы – ғылым. Мемлекеттің инновациялық ғылыми-техникалық же­тіс­тіктері де, халықаралық аренадағы ор­ны мен ықпалы да ғылыммен ба­ғаланады. Ол үшін еліміз­дегі осы саланы уақыт сұра­нысына бейім­дейтін Ғылым академия­сы – Жаңа Қазақстанның интеллектуалды тірегі. Ал білім­ді, ғылымды дамытатын, қол жет­кізген нәтижелерді өндіріске енгі­зетін озық ойлы, халықаралық ғылыми ор­тада танылған ғалымдар шоғыры біз­де жетерлік. Осы салада көшбасшы болып жүрген тұлғаның бірегейі, ғылым­дағы менің әріптес інім, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Аграр­лық бөлімнің меңгерушісі, академик Тілектес Есполов.

Бүгінгі таңда жоғары білім беру мен ғылымды басқару жүйе­сі әлем­дік тәжірибеге сай жаңа дең­гейге көтері­ліп, еліміздегі уни­вер­ситеттердің ғы­лы­ми әлеуеті нығайып, олардың ғы­лы­ми-зерттеу орталықтарымен жә­не өндіріспен интерациялануда алға шыққанын көріп отырмыз. Осы ретте академик Тілектес Исабайұлы басқара­тын, Жаңа Қазақстанның аграрлық білімнің көшбасшысы, 90 жылдан астам тағылымды тарихы бар – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің орны ерекше. Ресей ғылым академиясының академигі, К.А.Тимирязев атын­дағы Ресей мемлекеттік аграрлық универси­тетінің ректоры Владимир Трухачевтың осы оқу орны тура­лы: «ҚазҰАЗУ Қа­­зақ­станда ғана емес, ТМД және Ор­­та­лық Азия елдерінде аграрлық білім берудің, ғылым мен практика­ны интеграциялаудың флагманы сана­лады және агроөнеркәсіптік сектор­дағы көрнекті ғалымдардың буыны қалыптастырған үздік дәстүрлерді сақтай отырып, халықаралық қауым­­дас­тықта жаңа білім мен озық да­му бағдарламаларын жасайтын, за­ма­­­науи халықаралық тәжірибеге не­гіз­­дел­­ген оқыту мо­дель­дері мен инновациялық технологияларды пайдаланатын зияткерлік орталық» дегені әділ де, жоғары баға деп білеміз. Ай­та кетейік, Ресей мемлекеттік аграр­лық университеті – МАША мен ҚазҰАЗУ екеуі де QS әлемнің үздік универ­ситеттерінің рейтингісіне кіреді.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу уни­верситеті өз тарихында ел экономи­касы­ның аграрлық секторы үшін қан­шама атақты ғалымдар мен жоғары білікті мамандар тобын тәрбиелеп шығарды, әрі үздіксіз даярлап келеді. Уни­верситет түлектері шын мәні­сінде еліміздің ғылыми, білім беру, саяси, эко­но­микалық және мәдени элитасын құрайды. Сол сияқты, аға буын ғалым­дардың қалыптастырған үздік дәстүрлерін берік сақтау, жалғастыру, үлкен­ді сыйлау, өткенді ұмытпау – пара­саттылықтың белгісі. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген. Тілек­тес Исабайұлы әрдайым өзінен бұрынғы осы университетте басшы болған Хайдар Арыс­танбеков, Зейнолла Қожабеков, Қал­дыбек Сабденов, Тілепбай Тазабеков, Борис Шах, Кенжеғали Сағадиев сынды ректорлардың жасаған ізгі істерін жалғастырып, олардың есім­дерін құрмет­теп, ізетті, ілти­патшыл азаматтық биік болмысын байқатып келеді. Тілектес Исабайұлы көпті көрген, университетке еңбегі сіңген ұстаз-ғалымдарға да сый-құрмет көрсе­туден жаңылған емес. Солардың арасында өзіне ұстаздық жол көрсет­кен Зұлқарнай Сейітов, Қи­лы­бай Медеубеков, Мұхтар Ал­­шынбаев, Рашид Куватов, Ра­хым Оразалиев, Петр Иванов т.б. көптеген ғалым тұлға жеткілікті.

Сәл шегініс жасайын. Мен бі­летін Тілектес Исабайұлы ғы­лымға деген ын­та-жігерімен, бойын­дағы табиғи талантымен, ұйымдастырушылық іскерлігімен ел-жұртқа ерте танылды. 1977 жылы Мәскеу қаласындағы А.Н.Костяков атындағы Бүкілодақтық Гидро­техника және мелиорация ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын, 1984 жылы докторантурасын бітіріп, үлкен мектептен өтті. Халықаралық ортада беделді оқымыстылар – техника ғы­лым­дарының докторлары, профессорлар Давид Меламут, Леонид Бадаев, сондай-ақ Қазақ­стан тарапынан ғылыми кеңесші ретінде Қазақстанға еңбек сіңір­ген ғылым қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор Лашкар Тәжібаев сынды тұлғалардан тәлім алып, ғы­лымдағы тұғыры беки түсті. Тех­ника ғылымдарының кандидаты атанып, өзінің білім алған Қазақ ауыл шаруашылығы институтында «Сумен қамтамасыз ету және суландыру» кафедрасының аға оқытушысы, доцент, КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің Салалық ғылыми-өндірістік зерт­ханасының меңгерушісі қызмет­терінде шыңдалды.

Тәуелсіздіктің қалыптасу ке­зең­дерінде де өзінің сара жолынан жаңыл­ған жоқ, нарықтық реформалар жү­зеге аспай жатқан қиын уақыттарда да ғылымнан қол үзген жоқ. Өрелі іс­тер көрсетті. Өте байыпты, алдына ай­қын мақ­сат­тар қойып, соған жетуде ұйым­дастырушылық қабілетімен әр кезде өз әріптестерінің арасында шоқтығы биік көрінетін Т.Есполов 1993 жылы Индустриалды коллед­жінің директоры, кейінірек Алматы индустриалды-педагогикалық академиясының тұңғыш ректоры атанды.

Басшылық қызметпен қатар, қиын­дығы мол ғылымнан да қол үзбей, өзінің таңдаған тақырыбын тереңдете зерттеумен айналысты. Бірнеше жылдық ғы­лыми-зерттеу жұмыстарының нәтиже­сінде 1997 жылы «Қазақстанның шөлді-шөлейтті аумағының ресурстық әлеуетін бағалау және өсімін молайтуды басқару мәселелері» тақы­рыбында докторлық дис­сертациясын сәтті қорғап шық­ты. Оның ғылыми жұмысы на­рық­тық қа­тынастарды дамыту жағдайында елдің табиғи ресурс­тарын экономикалық баға­лау және басқаруға арналған алғашқы тың зерттеулердің бірі. Осылайша, отан­­дық ғылымдағы өз орнын берік ай­қын­­даған Т.Есполов 2001 жылы про­фес­сор ғылыми ата­ғына ие болып, дәл осы жылы Қа­зақ мем­лекеттік аграр­лық универ­ситетіне ректор болып тағайын­далды.

Қазіргі уақыт – білектің емес, білім­нің заманы. Ұлттық зерт­теу универ­ситетіне, соның ішін­де бұрынғы Қазақ ауыл шаруа­шылығы мен Алматы зоотех­ни­калық малдәрігерлік сияқты екі ірі институттың базасында пай­д­а болған заманауи ЖОО-ға жетекшілік жасау оңай шаруа емес. Тілектес Исабайұлы же­текшілік жасаған жылдары білім мен ғылымды басқарудың ха­лықаралық стандарттарына негізделген ұлттық жоғары оқу орнына трансформация­лану үдерісі өз нәтижесін беріп, білім берудің әлемдік деңгейдегі ЖОО қатарына көтерілгеніне куәміз. Университеттің цифрлы трансформациясын нығайту нә­тижесінде оқытудың білім беру бағдарламалары жаңар­тылып, жаң­ғыртылды, корпора­тив­тік басқарудың ашық жүйесі құ­рыл­ды, ЖОО-ның қызметіне бизнес-қоғам­дастық тартылды. Тек соңғы жылдары ғана дамыған шетелдерде білім алған 200-ден астам жас ғалымдар ЖОО оқыту­шы­ларының қатарын толықтырды. Ка­фед­ра меңгерушілерінің, құ­ры­лым­дық бөлім­шелер басшы­ларының 57%-ы жас ғалымдар.

Т.Есполовтың басшылығымен уни­вер­ситет Еуропалық білім беру кеңіс­тігіне кірді, Болон декларациясына қо­сылды және университеттердің Еуропа­лық қауымдастығына мүше болды. Қа­зақстанның жетекші жоғары оқу орындары басшылыққа алатын зерттеу университетінің қа­зақ­стандық моделі әзірленді. Әзірленген модель ТМД-ның жетекші аграрлық университеттері үшін де ұсынылды, олардың көпшілігі бүгінде ұлттық зерттеу университетіне айналу тәжірибесін қабылдады. Транс­формацияны тиімді жүргізу үшін уни­вер­ситеттің дамуының 5 басым бағыт­тары анықталып, Жол картасы жасалды.

2015 жылы университеттің Бі­лім және ғылым министрлігі қарамағынан Ауыл шаруашылығы министрлігінің қара­мағына берілуі жоғары оқу орны дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды және академиялық еркіндік алуға, автономияға көшуге, мемлекет-же­ке­меншік серіктестік тетіктерін пайдала­на отырып, өзін өзі қар­жыландыру қағидат­тарын іске асыруға мүмкіндік берді.

Ұжымдық қажырлы еңбектің нәтиже­сінде алынған ғылыми жетістіктерді ком­мерцияландыру тетіктері белсенді түрде әзірленуде, биоресурстар және таби­ғатты пайдалану саласында аграрлық нарық талап ететін бизнес-жобалар порт­фелі қалыптастырылды. Осы жобаларды іске асыру үшін «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумы құрылды, бизнес-құрылымдармен тұрақты байланыстар орнатылды, өндірістік жағдайларда инновациялық жобаларды орындауға шарттар жасалды. Университетте ректордың бастамасымен түлектер Қауымдастығы, үздіксіз аграрлық білім беру жүйе­сін жүзеге асыратын мектеп (лицей) – колледж – университет «Агробілім», «Кіші академиясы» ашылып, табысты жұмыс істеу­де. Ауыл шаруашылығы өнді­ру­шілеріне консультациялық, ақ­па­раттық, заңгерлік және мар­ке­тингтік қызмет көрсету үшін ҚазҰАЗУ республиканың 9 облы­сындағы 88 ауданды қамтитын «Экс­теншн» білім тарату жүйе­сін енгізді, Қазақстандағы фермер­лердің жалғыз жоғары мектебін ұйымдастырды. Осы­лай­ша, уни­верси­тет ғалымдары ғылыми әзір­лемелері мен ұсынымдарын ауыл еңбеккерлерімен бірлесе іске асыруда.

Қазіргі таңда ҚазҰАЗУ әлемнің 137 жетекші жоғары оқу орнымен жә­не ғылыми орталықтарымен ынты­ма­қ­та­са жұмыс жүргізіп келеді. Жо­ға­­ры білім және ғы­лым бойынша 15 халық­аралық қауымдастық пен ұйым­ның мү­шесі. Университет ТМД елдері­нің жетекші аграрлық жоғары оқу орын­дары ректорларының Кеңесінде, Алма­ты аймақтық ректорлар Кеңесінде төр­ағалық етеді. Осындай әлемдік ғылы­ми орта қадір тұтып, санасатын биік­терге әр жылдардағы қалыптасу, даму ке­зеңдеріндегі қажырлы, ұжымдық еңбек­тің нәтижесінде қол жеткізгені даусыз.

Осындай ауқымды істердің нә­тиже­сінде жоғары оқу орны 2020 жылғы 23 қазанда Үкімет қау­лысымен «зерттеу уни­верситеті» мәртебесіне ие болды. Оқу орнының ғаламдық қауымдастық орбитасындағы жаңа дәуірі бас­талды. Ғылымның басты миссия­сы – өмір сүру сапасын артты­ру. Академияның басшысы ре­тінде мені Президенттің ауыл шаруа­шылығына қатысты ұсы­ныс­тары ойландырғанын жасыра алмаймын. Таяуда өткен Ұлттық кеңес отырысын­да Қасым-Жомарт Тоқаев: «...агро­өнеркәсіптік кешенге мемлекеттік қол­дау көрсетіп, қымбатшылықты бол­дырмау үшін ауылшаруашылық тауар­ларын мемлекеттік тұрақтандыру қор­ла­рына форвардтық бағада сатып алу мәселесін қарастыру қажет», деп, бүгінгі қиындықты еңсерудің жолдарын атап көрсетті. Өз кезе­гінде бұл тапсырма бүкіл агрокешен саласындағы құрылымдарға, әсіресе ғалымдарға үлкен жауап­кер­шілік жүктейді. Халықты азық-түлік өнім­дерімен толық қамтамасыз етудегі ин­но­вациялық ғылымның алар орны мен рөлінің айрықша бөлек екенін Т.Есполов сияқты ауыл шаруашылығы сала­сының ғалымдарынан артық ешкім білмейді.

Университеттегі ең үлкен же­тістіктің бірі осы – еліміздің агро­өнеркәсіп кеше­ні­нің инновациялық дамуына ықпал жасау үшін үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және трансферттеу мақсатында Ха­лықаралық агротехнологиялық Хабтың құрылуы. Агрохаб аграр­лық ғылым, білім және өндірістің өзара іс-қимылын үйлестіретін кешенді алаңға айналды, әрі Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға байланысты Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі орындауға ықпал етуде.

Агрохабтың құрамында: АҚШ, Ни­де­р­ланд, Франция, Оңтүстік Корея сияқ­ты елдермен нақты ғылыми жо­ба­лар шеңберінде ашылған 11 ғылы­ми-зерттеу инс­титуты, 49 зерттеу зерт­ха­насы, 18 халықаралық зерттеу орта­лы­ғы жұмыс істейді. Зертханалар ха­лық­аралық агенттіктермен аккре­дит­телген және өзге де жо­ға­­ры оқу орындары, ҒЗИ мен агро­құрылымдар ғалымдарының ұжымдық пайдалануына есігі ашық. Университетте ТМД-дағы көптеген жоғары оқу орындарына үлгі боларлық бірегей зерттеу орталықтары мен зерт­ханалар бар. Соңғы үш жылда 2 инно­вациялық орталық, 2 заманауи зертхана ашылды. Соның бірегейі – 2020 жылы университеттің Ха­лықаралық вакцинология ғылы­ми-зерттеу орталығында «Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылы­ми орталығымен» бірлесе отырып, ше­тел­дік серіктестер – Огайо штатының Университеті (АҚШ) және Vaxine биотехнологиялық компаниясының (Аус­тралия) қолдауымен COVID-19-ға қар­сы 2 вакцина жасалды: олар Дү­ние­жүзілік денсаулық сақ­тау ұйы­мының тізіміне COVID-19-ға қар­сы вакциналық үміткерлер ре­тін­де енгізілген. Қазақстан-Жапон инно­вациялық орталығында жануарларды генотиптеу, биоматериалға метагеномдық талдау, электрондық-микроскопиялық және басқа да зерттеулер жүргізіледі.

Тамақ өнімдерінің технология­сы мен сапасын зерттеу инно­вациялық орталығында өсімдік және жануар тектес шикізаттарды қайта өңдеу бойынша тамақ өнімдерін шығарудың қолданыстағы технологиялары жетіл­дірілуде және жаңа технологиялары әзір­ленуде. Тұрақты егіншілікті зерт­теу орталығында ғалымдар Ұлт­тық ғарыш­тық зерттеулер мен технология­лар орталығымен бір­лесіп ауыл шаруашылығы жерінің құнарлығы мен сапасына мониторинг жүргізуде.

Ғылымның қозғаушы күші – бәсеке, қоғамдағы сұраныс. Қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникасын меңгерген агроинженерлік кадрларды даярлау және қайта даярлауды күшейту, азық-түлік өнімдерінің тұқымдық сапасын арттыру үшін Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы құрылды, ол 75 бірлік трактормен, комбайнмен және басқа да ауыл шаруашылығы техникасымен толықтырылды. Бұл дегеніміз ауылшаруашылық ЖОО-да бұрын-сонды болмаған жаңалық. Біз соңғы жылдары университетте халықаралық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз, соның нәтижесінде Dutch Fruit Solutions компаниясымен бірлесе отырып, Қазақстан-Нидерланд «Интенсивті бақ» зерттеу орталығы, Корея Респуб­ликасының қорымен бірлесе «Ақылды жылыжай» Қазақстан-Корея зерттеу орталығы, Корнель университетімен (АҚШ) бірге микроклональды көбею зертханасы, Мичиган штатының уни­верситетімен (АҚШ) бірге 14 заманауи зерттеу зертханасы бар Су хабы құрылды.

Университет инфрақұры­лы­мындағы тағы бір инновациялық нысан – Агротехнопарк, онда ЖОО ғалымдары инновациялық технологияларды, техниканы Қазақстанның ауыл шаруашылығы жағдайларына бейімдеу әдістерін жүргізеді. Ғалымдар Дүниежүзілік көкөніс өсіру орталығымен (WVC) ынтымақтаса отырып, қызанақ, картоп, бұрыш, салаттың 5 ерекше сортын шығарды. Алматы қаласының символы «Алматы алмасын» қалпына келтіру және «Павловния» ағашын отырғызу бойынша жоба іске асырылуда.

Осындай инфрақұрылымды құру – университет ғалымдарына халықаралық, ұлттық ғылыми жобаларды орындауға және олар­дың нәтижелерін өндіріске ен­гізуге мүмкіндік берді. Мыса­лы, Монпелье (Франция) универ­ситетімен бірлесіп ашылған рефе­ренттік зертхана сүт және сүт өнімдерінің сапасын талдаумен айналысады, онда ауыл кәсіпкерлері өндірген өнімдерінің сапасы бо­йынша сертификат ала алады. Т.Ес­половтың университет пен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылы бойынша жүйелі жұмыстарды құруға көп көңіл бөлетіні құптарлық іс. Осы мақсатта түлектердің болашағына, олардың еңбек нарығындағы сұранысына әсер ететін кері байланыс тетігі жасалды.

Университеттің келесі бір же­­тіс­­тігі – ғылыми кадрларды даяр­­лаудың жаңа моделін енгізу. Сөз магистрлер мен PhD доктор­ларды Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің ғылыми-зерттеу инс­титуттарымен бірлесіп даярлау туралы болып отыр. Диссертация жетекшілері де ҒЗИ мен университет ғалымдары. ҚазҰАЗУ-де 17 мамандық бойынша докторлық диссертацияларды (PhD) қорғауға арналған 9 диссертациялық кеңес бар. Тілектес Исабайұлының ұсы­нысымен 3 ғылыми-зерттеу инс­титуты және 1 ғылыми-өндірістік орталығы университет басқаруына берілді. Қазір магистранттар мен докторанттар білім беру бағдар­ламаларының бағытына қарай университетте теориялық курстарды, ал тәжірибелік, зертханалық сабақтарын ҒЗИ базасында өтеді.

Ғылымда шекара жоқ, АҚШ, Еуропа, Тынық мұхит аймағы елдерінің жетекші серіктес жоғары оқу орындарымен 11 қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мысалы, Варшава жаратылыстану ғылымдары университетімен (Польша) «IT-технологияларды пайдалана отырып, су ресурстарын басқару» қос дипломды магистрлік бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Ұстаз-ғалым ретінде Тілектес Исабайұлының да өзіндік үлкен ғылыми мектебі қалыптасқан. Оның тікелей жетекшілігімен 66 ғылым кандидаты, 25 доктор және 7 PhD докторы даярланды. Ғылымды игерген талантты жастар университеттің ғана емес, тұтас еліміздің қуатты күші. Сондықтан, ғылыми-білім беру кеңістігінде сұранысқа ие, бəсекеге қабілетті, жоғары мəдениетті жəне білікті, зерттеуші мамандар даярлау үшін барлық жағдай жасалуда. ҚазҰАЗУ білім беру жүйесінде бірқатар үлкен же­тіс­тіктерге қол жеткізді. QS WUR-2022 пәндік рейтингінде алғаш рет «Ауыл шаруашылығы және орман ресурстары» бағыты бойынша топ-401-ге кірді. Жуырда халықаралық QS-2023 бойынша әлемнің үздік университеттері рейтингісінде 481 орынды иеленді. Ендігі мақсат – QS-400 рейтингімен әлемдік деңгейдегі университет атану.

Тілектес Исабайұлы жастардың тәрбиесіне, рухани дамуына да ерекше көңіл бөледі. Бір сөзінде: «Біздің университетте оқып жатқан білімгерлердің басқа оқу орындарына қарағанда ерекшеліктері көп. Себебі студент жастардың 98%-ы ауыл балалары. «Бұлақ көрсең кө­­­­зін аш» демекші, жас­тардың та­­биғи тазалығын сақтап, еркін­ді­гін тұсауламай, талабына қол­дау көрсетіп, білімі мен өнерін ұш­тауды, ең алдымен, өзімнің, сосын осы ұжымның ортақ міндеті деп есептеймін», дегені өмірлік ұстанымын айқындайды.

Ұстаз-ғалым Т.Есполов уни­вер­си­теттің сан қырлы қызме­тіне қарамастан ғылыми зерттеу­лерін сәтті ізденістермен жалғас­тыруға мүмкіндіктер таба білді. Ол еліміздегі су ресурстарын эко­номикалық жағынан тиімді басқаруға, су қауіпсіздігін қамта­масыз етуге бағытталған 500-ден астам ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстардың, соның ішінде 30-дан астам монографияның, оқулықтардың, оқу құралдарының авторы, 40-тан астам патенттер мен өнертабыстардың иегері атанды.

Тілектес Исабайұлы жер үс­ті суларын ұтымды пайдалану тәсілдерін терең зерттеді. Көп жы­лғы ғылыми зерттеулерінің қо­ры­тындылары География ғы­лы­ми-зерттеу институты мен Гидро­геология және геоэкология институты ғалымдарының «Қа­зақстанның су ресурстары: бағалау, болжам, басқару» атты 30 томдық бірегей ғылыми еңбектеріне еніп, ол Қазақстан тарихында алғаш рет жарық көрді. Бұл ғылыми жаңалық – мәңгілік құндылық, барша адамзат баласына ортақ сарқылмас қазына. Осы ғылыми еңбегі үшін Тілектес Исабайұлы Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Аграрлық ғылым мен білімді дамытуға қосқан зор үлесі үшін ол отандық және шетелдік ака­демиялардың: Ұлттық Ғылым ака­демиясының, Ұлттық Инженерлік академиясының, Ұлттық Жара­тылыстану ғылымдары акаде­миясының, Ресей Ғылым акаде­миясының, Украина Ұлттық аг­рар­лық ғылым академиясының, Моңғолия Ғылым академиясының мүшесі болып табылады. Жақын және алыс шетелдің 14 жетекші жоғары оқу орындарының құрметті докторы және профессоры атанып, ел абыройын да асқақататып жүр.

 

Мұрат ЖҰРЫНОВ,

Ұлттық ғылым академиясының  президенті,

академик, профессор, химия ғылымдарының докторы