Брюссельде бұл қадамның пайдаланушылар ыңғайына жасалып отырғаны хабарланған. Сонымен қатар шығынды азайтып, экология үшін де тиімді боларын мәлімдеді.
«Жаңа ереже жылына бір мың тоннадан астам электронды қалдықтарды азайтады. Бұл 10 млн cмартфон немесе 2600 тонна шикізатқа тең. Бүгінде шикізат бұрынғыдан да құнды екенін білесіздер», деді Еуроодақтың ішкі нарық жөніндегі комиссары Тьерри Бретон.
Бұл шешімнің ең үлкен қарсыласы болған Apple компаниясы «Айфон» құрылғыларына меншікті Lightning қосымшасын пайдалануда. Еуропа нарығына енді одан бас тартуға тура келіп отыр. Apple компаниясының пікірінше, Брюссельдің бұл шешімі саланың дамуы мен инновациялар енгізілуін тежейді. Жаңа ереже ұялы телефондар, планшеттер, құлаққаптар, жылжымалы ойын құрылғылары, портативті динамиктерге қатысты енгізіледі.
«Ноутбук өндірушілері үшін жаңа ережелер күшіне енгеннен соң өндірісті бейімдеуге 40 ай уақыт беріледі», деп хабарлайды BBC News.
Сонымен қатар жаңа құжат сатып алушыларға гаджетті зарядтау құрылғысымен немесе онсыз сатып алу құқығын беруі керек.
«Бұл заң ЕО-ның өнімдерді тұрақты ету, электронды қалдықтарды азайту және тұтынушылардың өмірін жеңілдету жөніндегі жалпы күш-жігерінің бір бөлігі», делінген Еуропарламент мәлімдемесінде.
Парламентарийлердің бағалауынша, бұл шешім тұтынушыларға жылына 250 миллион еуроға дейін үнемдеу мүмкіндігін беріп, қалдық көлемін жылына 11 мың тоннаға азайтады.
Аружан Амангелді