Қос томдыққа 1921-1923 жылдардағы ашаршылық тарихына қатысты тың құжаттар мен материалдар алғаш рет топтастырылып, ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталып отырған архив мамандарының ауқымды жұмысы өткен жылы мамыр айында қолға алынып, жыл соңына қарай аяқталған болатын. Біраз уақыт баспада жатып қалған кітап меценат Ғани Смаханұлының қолдау көрсетуімен жарыққа шығып отыр.
Архив деректері халқымыз басынан кешірген аса ауыр нәубеттер бірінен соң бірі жалғасқанын айғақтайды. 1918-1919 жылдары Түркістан Республикасына қарасты қазақ жерлерінде, 1921-1923 жылдары Қазақ АКСР-інің 5 губерниясы мен 1 уезінде және 1928-1934 жылдары бүкіл Қазақстанда болған алапат аштықтан ұлтымыз орны толмас шығынға ұшырады. Жинақ материалдарына сүйенетін болсақ, қазақ халқының Кеңес өкіметі тұсында бірнеше алапат аштықты бастан кешіргеніне көз жеткізе түсеміз.
Соның бірі – 1921-1923 жылдардағы ашаршылық еді. Бұл ашаршылық – тек Қазақстанның 5 губерниясы мен 1 уезін ғана емес, кеңестік Ресей Федерациясының 30-дан астам губерниясын қамтыды. Әсіресе Ресейдің Самара, Саратов, Поволжье, Оңтүстік Украина, Қырым, Башқұртстан, Приуралье және Батыс Сібір аймақтары ашаршылықтан қатты зардап шекті. Ашаршылық жайлаған осы 35 губернияны мекендеген 90 миллион халықтың 33 миллионы (ресми мәліметтерде 22 558 550 адам) аштықтың ауыр зардабын тартса, оның 5 миллионнан астамы алапат аштықтың құрбаны болды. Бірақ бүгінгі таңға дейін 1921-1923 жылдардағы ашаршылық пен оның салдарынан өрши түскен жұқпалы аурулар және індеттерден қайтыс болған адамдардың санын нақты анықтаған бірде-бір зерттеу жұмысы жоқ. 1921-1923 жылдары Қазақстанда болған ашаршылық тарихы – отандық тарихнамасының осал тұстарының біріне жатады. Бұл тақырып кешегі кеңес тарихнамасында да дұрыс қарастырылмады. Зерттеушілер Азамат соғысынан кейін болған 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың басты себептері ретінде Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес барысында шаруашылықтың күйзеліске ұшырауын, қуаңшылықты, Азамат соғысының қиыншылықтарын, билік тарапынан жіберілген экономикалық қателіктерді баса көрсетеді.
Қазақстандық тарихнамада аштық мәселесінің себептері мен зардаптарын қарастырған М.Қозыбаевтың еңбектері жоғары бағаланады. Академик өзінің ғылыми тұжырымдары мен ұстанымдарын мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары мен газет тілшілеріне берген сұхбаттарында ашып көрсетуге тырысқан. Ғалымның есебінше, 1921-1922 жылдардағы аштықтан қазақтар үлкен демографиялық апатқа ұшыраған. Тарихшы ғалым Т. Омарбеков ашаршылықтың шығуына Ресейдегі Азамат соғысының кесірінен қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұшырауы және табиғи апат, қолайсыз ауа райының салдарынан туған жұт әсері болды деген жалпы тұжырымдармен келіспейді. Ал қазақ жеріндегі ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы жұт пен ашаршылық нәубеті туралы архивтің бұрын ғылыми айналымға тартылмаған құжаттары негізінде жазылған С.Смағұлованың «Ашаршылық қасіреті» монографиясы іргелі және алғашқы зерттеулердің бірі.
1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың Қазақстанға тигізген зардабын білу үшін 1920 жылы және 1926 жылы жүргізілген халық санағының мәліметтеріне жүгінуге тура келеді. 1920 жылдың 28 тамызына дейін жүргізілген демографиялық санақ бойынша Қазақстанда (сол кездегі ТАКСР құрамындағы жерлерді қоспағанда) барлығы – 4 781 263 адам. Ал 1920 жылы қазан айының соңына дейін жүргізілген ауылшаруашылық санағы бойынша ҚАКСР бойынша 4 369 650 адам ауылдық жерлерде есепке алынған. Көріп отырғанымыздай, екі санақтағы айырмашылық – 9 833. Сол сияқты 1920 жылы екі санаққа да кірмей қалған, яғни санақ уақытында уақытша жоқ болған көшпелі ауыл халқының саны – 157 120. Міне, осы айырмашылықтардың барлығын қоса есептегенде, ҚАКСР Статистикалық басқармасының мәліметі бойынша 1920 жылдың күзінде ҚАКСР-де барлығы 4 938 383 адам есепке алынған. Ашаршылық шырқау шегіне жеткен 1922 жылдың қыс-көктем айларында 3 млн-ға жуық адам аштық құрсауында, 1 млн-ға тарта бала қараусыз қалды. Әртүрлі себептермен есепке алынбай қалғандар мен ҚАКСР аумағындағы әскери бөлімдердегі (оның саны бізге белгісіз) адам санын қоса есептесек, 1920 жылдың күзінде ҚАКСР территориясында шамамен 5 миллион адамнан кем болмаған деген қорытынды шығады.
АЛМАТЫ