Шымкент қаласы және Түркістан облысы ҚАЖД-не қарасты Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінде пробация қызметкерлері мен аудандық Жастар ресурстық орталығының психологімен бірлесе отырып ұйымдастырған психологиялық тренингке пробация қызметі есебінде тұратын он бес сотталған адам қатысты. Психолог маман сотталғандармен жеке-жеке психологиялық сұхбат өткізді.
«Сотталғандарды қоғамнан оқшаулатпай, ортаға тарту маңызды. Барынша жұмыс тауып беріп, әрі қарай көппен бірге араласып кетуін қамтамасыз ету керек», дейді маман.
Бұл тренингтің мақсаты – сотталғандарды жаңашылдыққа, инновациялық әдіс-тәсілдерді тәжірибелеріне енгізе отырып, логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін, ой-қиялын арттыру, жаңа қоғамдағы адамгершілік, патриотизм сезімдерін дамыту, сондай-ақ сотталғандардың эмоциялық көңіл күйлерін көтеру, топтасып жұмыс істеу жүйесін әрі қарай дамыту. Тренинг барысында тағдыр тәлкегіне түскен азаматтар көптеген психологиялық жаттығулар жасап, әртүрлі сұрақ-жауаптарға қатысты.
Семинарға қатысқан пробация есебінде тұрған азаматтар психолог маманның айтқан кеңестерін дәптерлеріне жазып алып та отырды.
«Семинар-тренингті өткізудегі мақсатымыз, пробация қызметінің есебінде тұрған жастар мен азаматтар өздерінің әрбір уақытының қадірін біліп, бағаласа екен деймін. Себебі, уақыт – біздің өміріміздегі ең маңызды баға жетпес құндылықтарымыздың бірі. Бағалы әрі қызықты күндерді кері қайтарып алуға немесе қалпына келтіруге болмайды. Пробация қызметінің есебінде тұрған әрбір жастың жеке басы жан-жақты зерделенді және тәрбиелік ықпал етуді жағымды қабылдауға және қоршаған ортаның жағымсыз ықпалын теріске шығаруға психологиялық дайындық дәрежесі анықталды. Мекеме психологтері сотталғандардың түзелуі мақсатында оның қоғамдық толық құқылы мүшесі әлеуметтік мәртебесі қалпына келуіне, тәртіптің жалпыға бірдей қабылданған нормалары мен құқық нормалары негізінде қоғамда өз бетінше өмір сүруіне оралуына көмектеседі. Мұндай іс-шараларды өткізу жазаны өтеудің «сұр» күндерін бояйтын және рухани-адамгершілік қайта тәрбиесіне әсер етеді. Сотталғандардың жаза өтеу мерзімінен соң теріс немесе жағымсыз мінез-құлыққа жол бермеулеріне, олардың қоғамға, айналаға көзқарасын жақсартуға ықпал жасайды. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», деді аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы, әділет майоры Дилшод Назаров.
Сотталғандардың бірі психолог маманның кеңесінен қажетті мағлұмат алып, өзінің жасаған қылмысына өкінетінін білдірді. Ерман есімді сотталған азамат осы күнге дейін анасына дөрекілік танытып келгенін жасырмады. Ол өзінің жасаған қателігі үшін, ең алдымен, анасынан кешірім сұрайтынын айтты.
«Жасаған қылмысым үшін қатты өкінемін. Осы күнге дейін анама дөрекі сөйлеп келдім. Өзімнің жіберген қателіктерім үшін анамнан кешірім сұраймын. Анамды ренжіткенім, оның әрбір көз жасы өмірде жолымның болмауына түрткі болды. Қазақ халқы «баланың бақыты ананың табанының астында» деп бекер айтпаса керек. Ананың разылығын алған адамның өмірде жолы болатынын түсіндім. Психолог маманның кеңесінен үлкен ой түйдім. Менің түзелу жолыма үлкен үлесін қосқан Жетісай аудандық пробация бастығы мен қызметкерлеріне алғыс айтамын», деді сотталған Ерман.
Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қоғамдық пайдалы қызметпен айналысуға, бос уақытын тиімді пайдалану мен өмірге қызығушылықтарын арттыруға, өзін-өзі дамытуға арналған психологиялық дөңгелек үстелден көптеген қажетті дүниені естіді.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы