Өнер • 09 Маусым, 2022

Үкілі үміт

1140 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Он минут береді, небәрі он-ақ минут. Сол он минутта тұтас опералық шығарманы қойып шығу деген... Не айтқың келді, көрсететін құбылыстарды қалай жеткізесіз, бәрін он минутқа сыйдырып жібере аласыз ба, жоқ па? Сыйдыра алмасаңыз қош айтысасыз. Жалпы, опера режиссері дегенді сіз естігенсіз бе? Бұл кәдімгі драма, кино режиссері емес. Опера өнердегі барлық жанрдың синтезі болғандықтан, Қазақстанда жалғыз, әлемде саусақпен санарлық қана екен олар.

Үкілі үміт

Біз бұған дейін «он минутта аузыма осы ән түсті, қапаш-құпаш қолымды сермеген соң» деген Ақылбай Абайұлының әнін естіп-білуші едік. Он минутта жанынан ән суырып айтқанға әрине есі дұрыс адам таңғалады. Ал сондай сүтпісірім уақытта опера қойып шығу үшін өнердің жілігін шағып, майын ішу аз­дық ететін шығар. Тәжірибе өз алдына, талант, тапқырлық, шап­шаңдық, тағы қаншама қа­сиет­тер керек? Өйткені бір опера­лық қойылымның ішіне Ақылбайдың бірнеше әні сы­йып кетеді. Музы­каның неше атасы, поэзия мен драма, бейнелеу өнері, тағы да басқа бекзат өнердің үлгісі жымдас­тырылады бойына. Барлық өнердің жиынтығы десе болады. Сондықтан да опера режиссері әлем бойынша онша көп емес. Ал Қазақстандағы жалғыз опера режиссері Еренбақ Тойкенов жақында ғана Ресейде өткен «На­но-Опера» халықаралық бай­қауынан екінші орынды қан­жы­ғалап келгенде, қойған спек­такльдерінің іші-бауырына өзімен бірге сүңгіп-шығып, ойша тамашалап қайттық.

Әлем бойынша опера режис­серлерінің конкурсы екеу-ақ екен. Мынау «Нано-Опера» сол екеудің маңдайалдысы, күллі әлемнің жас опера режиссерлері күтеді сон­дықтан бұл байқауда бәсеке өте күшті.

Біздің негізгі айтпағымыз, Ерен­бақтың әлемдік байқаудан алдыңғы қатардан көрінгені ғана емес, он минутта опера спек­таклінің жобасын қалай ше­бер қойып шыға алғаны жөнін­де. Сіз елестетіп көріңізші, ірік­теудің өзіне әлемнің түкпір-түк­пі­рінен 200 режиссер келіп қатысқан. Одан өткеннен кейін байқаудың бірінші кезеңінде қазақ режиссері Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» комедиялық операсын қалай қоятынын көрсеткен. Онда да осы операны қоямын деп дайындалып бармайды режиссер. Таңдау сол жерде жүреді. 70-тен астам операны ортаға шашып жібереді қазылар, оң жамбасыңа келетінін алып үлгерсеңіз үлгердіңіз, болмаса іліккенін місе тұтасыз. Сол жөпелдемеде біздің жерлесіміз «Севильдік шаштаразды» мүлде өзгеше сипатта алып шыққан. Осыдан екі ғасыр бұрын жазылып кеткен туындыны табан астында осы күнгі ахуалмен байланыстырып жіберген. Қазіргі кезде адамдар арасында тікелей қарым-қатынастың құрып бара жатқанын кіріктіріп қойса керек. «Техника пайда болғалы адамды адамға бауыр ететін қоян-қолтық қарым-қатынас бірте-бірте суый бастады. Әсіресе мы­на пандемия кезінде ол ахуал мүлде тереңдеп, жоғалуға айналды. Жүзбе-жүз көрісіп, кісі баласы бір-біріне бетпе-бет келу жоғалды. Осыдан барып мынадай проблемалар туа бастады. Қыз бен жігіт кездесіп, бірден тіл табысып кетуі қиындады. Интернет ресурстары арқылы немесе неше түрлі агенттіктерге жүгінетін кепке душар болды жастар. Бетпе-бет кездесіп тіл табысып кетуі неғайбыл. Мұның соңы қайда апарады? Сондықтан спектакльде мен шаш алатын Фигароны көмекші техника қылып жібердім. Адам­дардың қарым-қатынасын ұйымдастыратын робот ретінде ойнаттым. Онда қыз бен жігіт бір-бірінің тілін таба алмайды, әлгі робот екеуіне жеңгетай болады, қазақша айтқанда. Қыз бен жігіт сол арқылы қосылады, бірақ комедия», дейді Еренбақ Тойкенов.

Сіз аталған опера спектаклін көрсеңіз анық пайымдайсыз. Операның керемет сазды әуендері бірқатар атақты фильм­дерде бар, ал Фигароның әйгілі Largo al Factotum ариясы мен Розинаның Una voce poco fa кавантинасын барша әлем тыңдарманы бірнеше нотасынан-ақ танитыны айтылады. Осындай атақты дүниені біздің режиссер өзінше әдіптеп шыққанда, залда «жарылыс» болған. Шатыр-шұтыр шапалақтан қалғып бара жатқан ел қайта оянғандай күй кешкен. Оның үстіне әлем бойынша кіл мықты опера режиссерлерінен құралған мұндай қазылар алқасы жалғыз-ақ осы «Нано-Опера» конкурсына жиналады. Байқауды ұйымдастырушы – дүниежүзіне атақты режиссер, «Геликон-опе­ра» атты жеке театры бар Дмитрий Бертман болса, қалған он екі қазы Түркия, Сербия, тағы басқа өркениетті елдердегі бас режиссерлер, бір-бір жеке театрлары бар тұлғалар. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 200 опера режиссерінің арасынан іріктелген он үздіктің сегізін артқа тастаған Еренбақ екінші кезеңде Жорж Бизенің «Кармен» операсынан Хозе мен Эскамильонның дуэтін қойыпты. Бұл – дүниежүзі сахналарында ең көп қойылатын атақты опера. Онда екі жігіт Кар­менге таласады. Режиссер бұл жолы да амал тапқан. Ел қойып жүрген операның жаттан­ды нұсқасын алып шыға салмай, бастапқы нұсқасы Проспер Мерименің «Кармен» новелласынан Карменнің күйеуін алып шыққан. Туындының түпнұс­қасында Карменнің күйеуі болатын да, операда ол осы уақытқа дейін көрсетілмей келген. Басы бос сұлуға екі жігіт таласатын-ды. Ал новелланың негізінде біреудің басыбайлы әйеліне таласады әлгі екі бойдақ. Опера осылай құлпырып шыға келгенде ел жағасын ұстайды, әрине.

Үшінші кезеңде «Карменнің» көпшілік нұсқасын алып шыққан­да да халық жақсы қабылдаған. Бұл да жоғарыдағы «Карменнің» жалғасы. Бірақ алдын ресейлік режиссер орап кетіп, осылайша қазақ опера режиссері екінші орынды місе тұтыпты. Біз әлемдік опера режиссерлері арасында топ жарған тұңғыш қазақ қойған опе­раға баратын күнді асыға күтеміз.