Қоғам • 09 Маусым, 2022

Ұлытауға адал азамат

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліне, туған жеріне аса адал азаматтар тым көп деп мақтана алмасақ керек. Бірақ Алланың бойына ерекше қасиет беріп жаратқан адамдары болады. Сол қасиетін өз бойына ғана емес, туған жеріне адал жаратып, үлкен пайдасын тигізіп жүрген азаматтардың бірі Бақтияр Қожахметов деп білемін.

Ұлытауға адал азамат

Ол кісінің Отанын, оның ішінде туған жерін соншалықты сүйетінін біздің «Ұлытау» қорық-мұражайына қызметке келген соң-ақ жақынырақ біле бастадық. Жұмысын 2009 жылы директордың орынбасары болып бастаған ағамыз сәл уақыт оза директорлыққа тағайындалып, осы қызметті 2021 жылдың жартысына дейін атқарды. Сол аралықта мұражай қызметкерлеріне тағылым алар көп нәрсе үйретті. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, ол кісінің тәрбиесін көрген талай жас бүгінде түрлі лауазымды қызметтерде еңбек етіп жүр.

Шыны керек, алғашында бұл кісіні аспандағы Айға ұмтылған қиялшыл азамат ретінде қабылдадық, бірақ жоспарларын бірден іске асырып, бізді біраз таңғалдырды. Мәселен, 1991 жылы түйе керуенімен Ұлы Жібек жолының бойымен жүріп өткен «Отырар – Ұлытау» және 1999-2005 жылдардағы Ұлы Еуразия даласымен Мажарстанға дейінгі «Алтай – Дунай» экспедициялары осы сөзіміздің айқын айғағы. Сөйтіп, аталған екі экспедицияның нәтижесінде Ұлытау біраз шет мемлекетке танылып, мақсат үдесінен шыққан болатын. Жалпы, Бәкең бес жылда алты бағытта «Ұлылыққа тағзым» экспедициясын ұйымдастырып, қызметкерлеріне үлкен мүмкіндік жасаған еді.

Экспедиция мүшелері іссапарлары барысында Ұлытау тарихы жайлы жылжымалы фотокөрмелер өткізіп, мақалалар ұйымдастырды және телеарналарға сұхбаттар берді. Сонымен қатар дамыған туризм орталықтарымен, тарихи орындармен, мұражайлық әріптестерімен танысып, іс-тәжірибе алмасып, жәдігерлер жинақтап, көптеген игілікті іс атқарды. Ал жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген ағамыз бүгінде асқаралы 60 жастың белесіне де көтеріліп қалыпты. Ол кісіні осы мерейлі жасымен құттықтай отырып, арман-мақсаттарыңызға жете беріңіз, ғұмырлы болыңыз деген тілек қосамыз.

 

Баян ШАЙГОЗОВА,

«Ұлытау» қорық-мұражайының бас қор сақтаушысы

 

Қарағанды облысы