Қоғам • 09 Маусым, 2022

Ұлытаудан Алтайға жетті...

578 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлытаудан жаяу шыққан жиһанкез Сәрсенбай Оспанұлы Өскеменге жетті. Қазақстанды жаяу аралауды мақсат еткен қарияны шаһардың кіреберісінен белгілі ресторатор Мұхтар Той­ба­заров бастаған топ қарсы алды. Шашу шашылды, арнау айтылды.

Ұлытаудан Алтайға жетті...

Жетпістің желкесіндегі ақсақал Қызылорда, Түр­кістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған қала­ларын басып өтіп, 3 000 шақырымды артқа тастаған екен. Алда әлі Алтайдан Ақтауға дейінгі 5 000 шақырым жа­тыр. Шапса, тұлпардың тұяғы тозатын, ұшса, сұң­қардың қанаты талатын – қазақ даласын жаяу-жалпы басып өту оңай емес. Оның үстіне сүйреген қол арбасы бар. Жаяуға арбаны қойып, қолсағаттың өзі жүк. Соның өзінде, күніне қырық километрді бағындырып жібереді екен. Күннің жарығында елді мекенге ілінсе, ілінді, әйтпесе, далада шатырын тігіп, қона кетеді. Ақсақал үшін жеті қараңғыда айдалада қонып жату емес, жол бойындағы жосылған көліктер қауіпті.

– Қиындықтар кездессе де, мойымай алға басып келемін. Ең қорқыныштысы, жаныңнан гу етіп, өте шы­ғатын жүк көліктері ұшырып кете жаздайды. Оны қойшы, бастысы, барған жерімде халқым құшақ жая қарсы алып, қонақжайлық танытып жатыр, – дейді Сәр­сенбай Оспанұлы.

Иә, жаяулап келе жатқан арбалы ақсақалды көрген жүргізушілер сыйластық танытып, ақырындау керек те шығар... Қара жолдың бойы қалай дегенмен, қауіпті. Қиындық демекші, ақсақалға Ұлытаудан Қызылордаға, Талдықорғаннан Өскеменге дейінгі жол оңай соқпаған көрінеді. Ойдым шұңқыр, шаң-тозаң дейді. Жөндеуі сағыздай созылған Өскемен – Талдықорған тас жолы арбаны қойып, аяқкиімді тоздырады екен. Темір сынып, етік тозып жатқанда, адам жаны неткен сірі дейсің. Тіл-көз тасқа. Қарияға құдай қуат беріп, межелі жеріне жетсе екен деп тілейміз. Соңғы нүктесі – Ақтау. Оған Сәр­сенбай Оспанұлы биылдың қазан айында жетемін деп жоспарлап отыр.

Өскеменге бір күн аялдаған ақсақал өлкетану мұражайында болып, Шығыстың тарихымен, көрікті жерлерімен танысты. «Ұлытауға бардың ба?» атты сапарды аяқтаған соң ақсақалдың арманы – Меккеге жаяу бару. Иә, Сәрсенбай Қотырашовтың қайтпас қайсарлығына қарасақ, ертең-ақ қағбаның қақпасынан табылатын сияқты.  

 

Шығыс Қазақстан облысы