Спорт • 09 Маусым, 2022

Джуниядан 25 жүлдемен оралды

375 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ливанның Джуния қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстанның самбошылары айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Ерлер мен әйелдер арасындағы бәсекелердің өзінде ғана 9 алтын, 13 күміс және 3 қола медаль олжалаған жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Барлығы – 25 жүлде. Енді осы жарысқа қысқаша шолу жасап өтейік.

Джуниядан  25 жүлдемен оралды

Ерлер арасында төрт балуанымыз фи­налға шығып, солардың үшеуі бас жүл­дені олжалады. 58 кило салмақта атыраулық Ай­дынбай Қайыргелді қарсылас шақ келтір­меді. Осы жарыс барысында ол өзбекстандық Дос­­тон Рузиев, кореялық Шин Жаенг және қыр­­ғызстандық Нұрғазы Жанбосыновты же­ңіп, команда қоржынына алғашқы алтынды салды.

Айдынбай бастаған жеңісті жолды Есен­тай Имаханов жалғастырды. Бұл ба­луан жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Көне­көздер Есентайдың арғы атасы Әбдуәли мен атасы Парман да кезінде Абай өңіріне аты шыққан балуандар болған деседі. Олардың «Құрметті спорт қайраткері» деген атақтары бар. Өзінің әкесі де талай дүрмекте оза шауып, спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты. Бұл күндері Біржан Имаханов самбо күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері. Әрине, осындай балуандар әуле­тінен шыққан жас өреннің осал болуға хақысы жоқ. Оны Есентайдың өзі де бала кезінен санасына сіңіріп өсті. 2016-2021 жыл­дары жасөспірімдер мен жастар арасында атой салған Имаханов Азия чемпионы ата­нып, әлем біріншілігінде бірнеше рет жүл­дегерлер санатына қосылды. Якутиядағы «Азия балалары» турнирінде топ жарды. Ересектер арасында елішілік жарыстарда қар­сылас шыдатпай, былтыр Грекияның Сало­ники қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медальды мойнына ілді.

Ливанда Есентай Имаханов 64 кило сал­мақ дәрежесінде сынға түсті. Тұсаукесер кездесуінде ол былтырғы Азия чемпионы, түрік­менстандық Мұхаммед Коссековты қа­пы қалдырды. Жартылай финалда сирия­лық Омран Аженаның аяғын көктен келтір­ді. Ақтық сайыста Әлем кубогы жолын­дағы жарыстарда сан мәрте жүлде алған өзбек­стан­дық Хомиджон Муминовтың әбден сілік­песін шығарып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Үшінші алтынды 71 кило салмақта күш сынасқан Арнұр Қуатай иеленді. Болат Қожах­метов пен Берік Жетпісбаевтай білік­ті бапкерлерден тәлім-тәрбие алған Жетісу облысының тумасы биыл көктемде Семейде өт­кен ел чемпионатының финалында әлем және Азия чемпионы, халықаралық дәре­жедегі спорт шебері Нұрбол Серіковті сан соқтырғанда, кейбір мамандар оның бұл жеңісін кездейсоқтыққа балаған еді. Бірақ мүлде олай еместігін Арнұр Жер­орта теңізі жағалауында толығымен дәлел­деді. Бастапқыда ирактық Хуссейн Жа­сим мен ливандық Жой Хадаттың тас-тал­қанын шығарған қандасымыз шешуші тұс­та Өзбекстанның өрені, әлем және Азия чем­пио­ны Шахриёр Маматкуловтан айласын асыр­ды.

Алтын тұғырға көтерілуге Еламан Қойшы­бековтің (88 кило) де жақсы мүмкіндігі болды. Екі бірдей қарсыласын еш қиналмай ұтқан ол финалда өзбек самбошысы Ихтиер Ешмуродовқа есе жіберді. Ал Айбек Зекенов (98 кило) пен Темірлан Көлбай (+98 кило) қола медальды қанағат тұтты.

– Былтыр Ташкентте өткен Азия чемпио­натында Қазақстанның ерлер құрама коман­дасы мүшелері арасынан тек Темірлан Көл­бай ғана алтын алған еді. Бұл жағдай бізді қатты қынжылтты. Елге оралған соң барлық мәселені ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салдық. Кемшіліктерді түзету үшін көп еңбектендік. Нәтижесі жаман болған жоқ. Арада бірер ай өткенде әлем чемпионатында екі алтын алсақ, бүгін, міне, құрлықтың басты додасын үш алтынмен қорытындыладық. Бірақ бұл көрсеткішке тоқмейілсуге болмайды. Өйткені біз осы жарыстың жалпы есебінде бірінші орын алуды көздедік. Алайда өзбектер алдымызды орап кетті. Олардан озу үшін командамызға бір қола медаль ғана жетпей қалды, – дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Біржан Имаханов.

Әйелдер арасында өткен жарыста 3 алтын мен 4 күмісті олжалаған отандас­тары­­мыз командалық есепте көш бастады. Ал­тын тұғырдан қол бұлғаған бұрым­ды­лар арасынан 72 кило салмақта күрес­кен Ділдәш Құрышбаеваны бөле-жара ата­сақ, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Талай байрақты бәсекеде абыройымызды асқақ­татқан Бақыт Қоқысбековтің шәкірті бұл жа­рыста да теңдессіз деп танылып, өзінің Азия чемпионаттарында жеңіп алған бас жүл­делерінің санын жетіге жеткізді. Соны­мен қатар Д.Құрышбаеваның Азия ойын­дарының жеңімпазы және алты дүркін әлем чемпионатының жүлдегері (3 күміс+3 қола) деген атақтары тағы бар.

Ділдәштан бөлек, Маргарита Бажаева (50 кило) мен Азман Амаева (80 кило) алтын­нан алқа тақты. Финалда Маргарита түрікменстандық Динара Ибадоллаеваны ұтса, Азман өзбекстандық Гүлмира Исматовадан басым түсті. Ал Гүлдана Әлмұханбетова (54 кило), Маржан Бизақ (54 кило), Ажар Салықова (65 кило) және Арайлым Әбенова (+80 кило) күміс медальды еншіледі.

Жауынгерлік самбодан бес жүлде бұйыр­ды. Финалда өзбектердің осал тұсын таба алмаған Әділбек Сейсенов (64 кило) пен Әсет Анарбаев (71 кило) және қырғыздарға жол берген Асылбек Смайылов (79 кило) пен Мәди Райхан (98 кило) екінші орын алса, Айбек Сәметаев (88 кило) үшінші сатыға жайғасты. Жартылай финалда Айбек өзбекстандық сам­бошыдан айласын асыра алмады. Соның сал­дарынан жалпыкомандалық сайысты жігіт­теріміз қалың топтың арасында қалып қойды.

Есесіне бұрымдыларымыз ерледі. Жауын­герлік самбодан әйелдер арасында алғаш рет ұйымдастырылған жарыста Қазақ елінің қыздары айды аспанға бір-ақ шығарып, сары құрлықтың теңдессіз командасы деп танылды. Осы жарысқа қатысқан жеті спорт­шымыздың барлығы да елге олжалы оралды. Атап айтсақ, Аяна Сатқынәлиева (54 кило), Риза Сүлейменова (72 кило) және Анар Сейтімова (+80 кило) алдына жан салмаса, Инас Әшірбек (50 кило), Жәнел Нәбиева (59 кило), Мөлдір Әшірбекова (65 кило) және Әсел Боранбаева (80 кило) күміспен күптелді.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Өзбек­станның бас шаһары – Ташкентте өткен Азия біріншілігін Қазақстан құрамасы 6 алтын, 8 күміс және 10 қола медальмен қорытындылаған еді. Барлығы – 24 жүлде. Енді бірер аптаға созылған үзілістен кейін еліміз­дің ең үздік самбошылары биылғы қара­шада Қырғызстанның астанасы – Бішкек­те жалауы желбірейтін әлем чемпионатына өз даярлықтарын бастайды.

Жалпыкомандалық есеп

Орын

Команда

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1.

Өзбекстан

12

4

8

24

2.

Қазақстан

9

13

3

25

3.

Қырғызстан

4

4

5

13

4.

Түрікменстан

2

5

13

20

5.

Филиппин

1

0

1

2

6.

Оңтүстік Корея

0

1

3

4

7.

Ирак

0

0

4

4

8.

Ливан

0

0

3

3

9.

Иран

0

0

2

2

10.

Жаңа Зеландия

0

0

1

1