Экономика • 10 Маусым, 2022

Серіктестікке зор сенім артылып отыр

325 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осы жылдың қазанында Қазақстан мен Ресей арасындағы ресми әріптестіктің, дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Екі ел арасындағы байланыс уақыт өткен сайын тереңдеп, беки түсуде. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың орны зор екені айтпаса да түсінікті.

Серіктестікке зор сенім артылып отыр

Одақ аясындағы ынтымақтастық­тың маңызды бағыттары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­те­тінде өткен конференцияда кеңінен тал­қы­ланды. Қос тараптың белді ғалым­дары жиналған іс-шараға Қазақстан Пре­мьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлта­нов және Ресей Федерациясы Үкіме­ті төр­аға­сының орынбасары Алек­сей Овер­чук, Ресейдің Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Алексей Боро­дав­кин, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректо­ры Ерлан Сыдықов және басқалар қатысты.

Б.Сұлтановтың айтуынша, Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-эконо­ми­калық серіктесі. Отыз жыл ішінде қос мем­лекет те стратегиялық әріптестік пен одақ­тастықты қалыптастыруда айтар­лық­тай табысқа қол жеткізді. Мұның бәрі екі халықтың достығына, өзара сенімге, егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеуге негізделген.

– Былтыр пандемия дағдарысынан кейін елдер арасындағы сауда-эко­но­микалық ынтымақтастық серпіні бір­тіндеп қалпына келді. Соның нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 29 пайызға өсіп, 24,2 млрд долларды құрады. Ковидтен кейінгі кезеңге қарамастан, сау­да саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Мәселен, Қазақстанның Ресейге бағытталған экспорты былтыр 38,1 пайызға өсіп, 6,9 млрд долларға тең бол­ды. Ал импорт көлемі 25,8 пайызға ұлғайып, 17,3 млрд долларды құрады, – деді Б.Сұлтанов.

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің дерегінше, бүгінгі таңда ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасына са­лын­ған қаражат көлемі бойынша негізгі инвесторлардың бестігіне кіреді (16,5 млрд доллар). Жалпы, Қазақстандағы ресейлік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, 13 маңызды бірлескен жо­ба іске асырылыпты. Бірқатар негізгі са­ла­ларда 4 млрд долларға жуық тағы 20 ірі жоба іске асырылуда һәм пысық­талуда.

– Сондай-ақ Ресей Қазақстандағы шетелдік капиталы бар кәсіпорындар саны бойынша сөзсіз көшбасшы болып саналады. Бүгінгі таңда Қазақстанда Ресей­дің қатысуымен 8 мыңға жуық ­(7 933) кәсіпорын және 3 мыңнан астам (3 343) бірлескен қазақстандық-ресей­лік кә­сіп­орны жұмыс істейді. Айта кету керек, бүгінде елдер арасында табыс­ты өнеркәсіптік кооперацияның мол тәжірибесі жинақталған. Машина жасау, ме­тал­лургия, химия өнеркәсібі және тағы да басқа салаларда шамамен 2,6 млрд дол­ларға бірлескен 8 ірі жоба іске асырылуда. Шамамен 1,4 млрд дол­ларға тағы 11 жоба пысықтау саты­сында тұр. Осының бәріне көп жағдай­да Еуразиялық экономикалық одақ ұсы­натын мүмкіндіктер ықпал етті, – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі.

Мәселен, техникалық реттеу саласында біздің кәсіпкерлер өнім қауіпсіздігіне қойылатын қосымша талаптарды орындаудан (техрегламенттерден басқа), сәйкестікті бағалаудың артық рәсімдерін жүргізуден босатылған. Бүгінде ЕАЭО-ның басқа төрт елінде еркін сауда жасау үшін одаққа мүше елдердің бірінен бірыңғай нысан бойынша сәйкестік сертификатын алу жеткілікті.

Сонымен қатар ЕАЭО қызметтері­нің ортақ нарығы қалыптасуда. Ол 55 қыз­­мет секторын қамтиды. 2015 жылғы 1 қаң­тардан бастап бірыңғай қызметтер нарығы жұмыс істейтінін де атап өту керек. Бұл тізімге салық салу, құрылыс және бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдану саласындағы қызметтер, басқару мәселелері бойынша консультацияларға байланысты қызметтер, ойын-сауық пен спортты, сондай-ақ демалыстың басқа да түрлерін ұйымдастыру жөніндегі қыз­мет­тер кіреді.

– Тағы бір артықшылық – ЕАЭО аумағы бойынша, сондай-ақ теңіз порттары арқылы үшінші елдер бағытында жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау кезінде ішкі тарифтер ұсыну. Бұл экспортталатын өнімнің түпкілікті құнын айтарлықтай төмендетеді. Қазақстанның теңіз порттарынан және танымал сауда жолдарынан шалғайлығы біздің әлемдік нарықтарға экспортымыз үшін географиялық кедергі келтіреді, отандық экспорттаушыларға айтарлықтай ауырт­па­лық түсіреді. ЕАЭО шеңберінде қабыл­данған Кеден кодексі әкімшілік кедер­гілерді азайтуға, электрондық кедендік декларациялауға көшуге бағытталған. Мұның бәрі кедендік рәсімдерді же­дел­детіп, кәсіпкерлердің өмірін «же­ңіл­детті». Өзара сауданың сенімді өсуі, шетелдік инвестициялар көлемінің ұл­ғаюы, бірлескен жобалардың іске асыры­луы ЕАЭО шеңберінде жасалған жағ­дай­лардың қолайлы әсерін растап отыр, – деді Б.Сұлтанов.

Б.Сұлтанов Еуразиялық эконо­микалық одақтың қазақстандық бизнес үшін тағы бір артықшылығын атады. Ол – еркін сауда туралы келісімдер жасасу арқы­лы үшінші елдердің нарықтарына префе­ренциялық қолжетімділік. Бұл сондай-ақ біздің экспортты ұлғайтуға ықпал етеді. Мысалы, Вьетнаммен, Сербиямен, Иранмен еркін сауда аймағы қазақстандық тауарлардың экспортын тағы да 1 млрд долларға арттыруға жол ашады. Айталық, Қазақстанның тек бір ғана Вьетнаммен тауар айналымы 54 пайызға өскен. Оның дені өңделген тауарлар – металлургия, химия, мұнай өңдеу және тамақ өнеркәсібі өнімдері. Бүгінде ЕАЭО шеңберінде тағы 3 келісім (Израиль, Мысыр, Үндістан) жасасу бо­йынша келіссөздер жүргізілуде. Сауда преференцияларының нәтижесінде аталған елдерге қазақстандық экспортты ұлғайту әлеуеті шамамен 800 млн долларға бағаланып отыр.

Ресей Федерациясы Үкіметі төра­ғасының орынбасары Алексей Оверчук Еуразиялық экономикалық одаққа үлкен сенім артылып отырғанын жеткізді. Айтуынша, Ресей мен Беларусь Батыс санкция­ларының құрсауында қалып отыр. Бұл одаққа мүше өзге елдерге де теріс әсер етері анық. Сондықтан мұндай күрде­лі кезеңде одақ жұмысын одан әрі жандан­дырудың маңызы зор.

– Болашақта ЕАЭО-ға бұрынғы КСРО құрамында болмаған елдер де кіре алады. Өйткені одақ тұтас Еуразия құрлығында үйлесімді экономикалық қатынастарды қалыптастыру үшін жұмыс істеуде. Біздің мақсатымыз – өзгелер айтып жүргендей, Кеңес Одағын қалпына келтіру емес. Бұл ұйымға интеграциялық бірлестік ре­тінде қараған жөн. Оның негізгі мақ­саты – Еуразия аймағындағы елдердің тәуел­сіздігіне құрметпен қарау негізінде дәл осы құрлықта үйлесімді экономикалық қатынастарды қалыптастыру. Сондықтан алдағы уақытта одаққа КСРО құрамында болмаған мемлекеттер де мүше болып жатса таңғалудың қажеті жоқ. Бүгінде ЕАЭО-ға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Беларусь елдері мүше. Молдовия, Өзбекстан және Куба «бақылаушы мемлекет» мәртебесіне ие, – деді А.Оверчук.

Конференция барысында қос тарап­тың ғалымдары Еуразиялық экономика­лық одақ аясында сауда-экономикалық байланыс­тарды дамытудың түрлі жолын ұсынды.