Әдебиет • 12 Маусым, 2022

Кеңістіктегі Сохраб

514 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

XX ғасырда әлем поэзиясында даңқты есімдер дүниеге келді. «Ұлы оқиғалар ұлы шығармалар тудырады» деген Жан-Жак Руссо сөзі шындыққа айналды. Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Екінші дүниежүзілік майданның алауы адамзатқа ой салып, руханият, адам тағдыры, өмір мен өлім жайлы әртүрлі шығарма туа бастады. Сюрреализм мен дадаизм өрнектері де осы уақытта әр тұстан көрініп жатты. Күйреуік сезімдер мен өзін қоршаған ортадан оғаш көру күйі, майданнан соңғы жарымжан мінез-құлықтар ақындардың тілімен үн қатты.

Кеңістіктегі Сохраб

Тіпті соғыстан қайтқан көкөрім балаларға «жо­ғалған ұрпақтар» аты таңылып, олардың қайтадан қалыпты өмірге бейімделе алмайтыны жайлы болжамдар жасалды. Эрих Мария Ремарктың «Батыс майданында өзгеріс жоқ» кітабында Бірінші дүниежүзілік соғыстан зардап шеккен адамдар жайлы ащы шындық айқын көрініс тапты. Қан-қасап майданды жылы жа­уып қана қоймақ болған саясаткерлер жоспарының күлі көкке ұшып, жазушы майданның адам руханиятына келтірген теңдессіз шығыны мен зиянын әшкереледі. Француз ақыны Поль Элюар өрескел зұлымдыққа қаламымен қарсы шығып, «Еркіндік» атты өлеңі ұранға айналды. Пабло Неруда болса адам еркіндігі мен бейбітшілік үшін жан-тәнімен күрес жүргізсе, Федерико Гарсиа Лорка Испанияның жергілікті отарлаушыларының қолынан қаза тапты.

Осы бір аласапыран дәуірде Иран поэзиясы да өзінің жаңа кезеңін бастан кешті. Нима Юшидж қалыптастырған ақ өлең (шере нау) формасы өзіне дейінгі ғазал, аруз, мәснави үлгілерін бұзып, поэзияға жаңа тыныс әкелді. Француз мектебінде білім алып, жасынан Еуропа мәдениетімен терең сусындаған Нима жырлары алғашында қарсылыққа ұшырап, газет-журналдарға жариялануға тиым салынды. Уақыт өте келе өскелең ұрпақ ақынның тереңдік пен өзгешелікке суарылған жырларына үлкен қызығушылық танытты. Ақ өлең түрін жалғастырушы Ахмед Шамлу, Ферух Феризат сынды есімдер көпшілікке кеңінен танылды. Солардың бірегейі – Сохраб Сепехри.

о

Сохраб Сепехри ерте кезден Батыс ақындарының дақпыртымен таныс болды. Ол 1928 жылы Тегеран мен Исфаханның ортасындағы Каштан қалашығында дүниеге келді. Әкесі мемлекеттік қызметкер болға­нымен, әдебиет пен өнерге шексіз құмар болатын. Сохрабты поэзия мен сурет өнеріне, музыкаға ерте қызықтырған да әкесі еді. Көп қырлы әкенің бойындағы қасиеті балаға беріліп, Сохраб ақындықпен қатар сурет салумен, ағаш ою өнерімен, философия және мистика, ойшылдықпен шұғылданды. Ағылшын, француз сынды шет тілдерін меңгеру арқылы Еуропа поэзиясы мен түрік модернизмі һәм Маяковскийдің жаңаша өлең үлгісімен танысты.

Суды лайламайық.

Төменде кептер су ішіп жатқан сияқты.

Я, алыс тоғайда шымшық мамық жүнін жуып

жатқан болар?

Бәлкім, ауылда біреу көзесін суға

толтырып жатыр ма екен?

Суды лайламайық.

Мүмкін, ағын су жүректің қайғысын шаю үшін

ақ қайыңның түбіне ағып барар?

Әлде дәруіш кепкен нанын суға салып,

жібітіп отыр ма екен?

Сұлу әйел өзенге келді.

Суды лайламайық.

Сұлу жүзі нұрланып кетті.

Су қандай дәмді!

Өзен қандай тұнық!

(түпнұсқадан аударған Айнаш Қасым)

«Су» атты өлеңнен ақынның табиғатқа деген шек­сіз махаббаты мен тазалыққа деген құштарлығы білі­­неді. Ақын қасаң түсініктер мен арзанқол сөздерді поэ­­зияға енгізбейді. Не нәрсені де үстінен, жоғары биі­кт­ікте орнаған шүңірек көзқарасы арқылы саралай­ды.

Сохраб Інжілдегі «Балалар секілді болыңдар!» ­деген өсиетті орындауды өмір бойы мақсат тұтып, жан дүниесін сәби күйінде сақтай білді. Ол үшін гүлдің қурауы, жәндіктердің жаралануы, бұтақтың сынуы ауыр трагедия болатын.

Білерім, егер де жұлсам ғой шөпті,

Сол сәтте өлемін.

Ұшамын шексіздікке дейін,

бүкіл қанатыммен.

Қараңғылықтан да көремін жолды...–

десе, енді бір өлеңінде:

Суды лайламаңдар, мүмкін көлдің төмен жағында, көгершін су ішіп жатқан болар... – дейді.

Бірде осы өлең жолдарын сынға алған Иранның белгілі сыншысы ақынға уәж айтып, «Америка Вьетнамға бомба тастап, ауыр апат орнап отырғанда сенің бала секілді көгершінді бақылап отырғаныңа жол болсын!» деген пікір білдіреді. Ал Сохраб болса сыншыға бауырмал күйде: «Қымбатты бауырым! Адамдар алдымен көгершінге құрмет көрсетіп үйренбесе, Вьетнамдағы соғыс түгілі, дүниедегі барлық нәрсеге немқұрайлы қарайтынына шүбәм жоқ» деп жауап қатады.

50-жылдардың соңында ақын көрген әлем едәуір кеңейе түсті. Еуропа, Жапония, Үндістан елдеріне саяхаттап, өзіне жаңа құрлық ашады. Шетел тілдерін одан әрі меңгере түсіп, Үндістанға сапарында дзэн-буддизм философиясымен шұғылданады. Сонымен бірге жапон тілін үйреніп, классикалық жапон поэ­зиясы жауһарларын парсы тіліне аударуға күш салады. 1961 жылы мемлекеттік қызметті біржола тастап, тек шығармашылық еңбекке құлаш ұрады. Кітаптары мен салған суреттерін сатып, азды-көпті табыспен қарабайыр ғұмыр кешеді.

Тұтас адамзатты денесіндегі мүшесіндей көретін нәзік ақынды бірде Иранның белгілі өнер қайраткері үйіне шақырады. Әңгіме үстінде жерде өрмелеп бара жатқан тарақан көрініп, оны әлгі адам аяғымен мыжғыламақ болады. Осы кезде мейірімді ақын шырылдап қоя береді: «Достым! Сен тарақанға тек оны бөлмеңде көргің келмейтіні жайлы айтуға хақың бар, алайда мыжғылауға хақың жоқ». Мұнан соң тарақанды ақырын қолға алып, терезеден шығарған ақын көзіне жас алып: «Егер оның аяғын сындырсаң, ол қайтпек? Әлемде тарақандардың хирургі жоқ қой. Мүмкін бұл тарақан бір отбасының өбектеп күтіп отырған анасы шығар...» дейді күңіреніп. Кейбір адамдар үшін жоғарыдағы оқиға күлкі шақыруы мүмкін. Бірақ ақын үшін махаббат, табиғат, тазалық, гүл, үйлесім сынды жалған дүниенің қоқысынан қорғайтын асыл ұғымдар аса бағалы еді.

Бір күні

бір күні келемін қолға алып жолдауды,

Тамырлар арқылы түсіріп жарықты,

айқайға басамын:

«О, ұйқы толы себеттер!

Сендерге алма әкелдім,

күннің қызыл алмасын!».

Келемін,

қайыршы алақанына бір шоқ саламын бөртегүл,

алапес сұлуға сыйлаймын жап-жаңа сырғаны,

Зағипқа: «баққа қарап таңдану ғажап емес пе?» деймін.

Иә, Сохраб Сепехри пайғамбарлар секілді барша ғаламды қараңғылықтан жарыққа, жөнсіз ұйқыдан өмір­ге, әділетсіздіктен арлылыққа қауыштыруды арман етті. Осы ғибратты жолға әр минутын сарп еткен ақын өмір­інің соңында қатерлі ісікке шалдығып, аурухана төсегіне таңылды. Бірақ бұл сынақ оның жігерін жа­сыта алмады. Ол мәңгілік өмірге аттанар алдында да өмір­дің теңдессіз сәулесі мен табиғат­тың жан тебі­рентер сұлулығын рахаттана айтып жы­миюдан бір де айныған жоқ...