Алайда парызды қарыз деп түсінетіндерден гөрі «әскерге бармаймын» деп «ісінетіндердің» қатары көбейіп бара жатқаны кімді де болса қынжылтатыны рас. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп, Ұлы даланы қорғаған бабалар ерлігі ендігі ұмыт бола бастаған тәрізді. Әйтеуір, жастардың жанарында от, жүрегінде шоқ сөнгендей көрінетіні бар. Бірінің денсаулығы сыр берсе, бірі он саулығының соңына ергісі келе ме, басқа себебі бар ма, кім білсін?! Әйтеуір, әскерге барудан жалтаратындар саны азаймай тұр. Осы мәселе бойынша Қорғаныс министрлігінен алған жауабымыз көңілге кірбің түсірді.
35 мыңнан астам азамат әскерге барғысы келмейді
Министрліктің ресми жауабында жыл сайын әскерге шақыру және медициналық комиссиядан өту кезінде 35 мыңнан астам адам жалтарудың жолын табатыны жөнінде жазылған. Ведомстводағылар бұл өзекті мәселенің өзіне тән бірнеше себебін де атап көрсеткен.
«Біріншіден, сыртқы көші-қон салдарынан шақыру науқаны басталған уақытта әртүрлі себептермен (оқыту, емдеу, жұмыс) 10 мыңнан астам әскери борышын өтеуге тиісті азамат мемлекеттік шекарадан кедергісіз өтіп кетеді. Содан әскерге шақыру аяқталғанға дейін шет мемлекеттердің аумағында болады. Атап айтқанда, Ресей, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Қырғыз Республикасына кетіп қалатындар көп.
Одан бөлек ішкі көші-қон да айтарлықтай әсер етеді. Соның салдарынан 25 мыңнан астам азамат республиканың басқа өңірлеріне шығады немесе әскери есептен шықпай жатып тұрғылықты жерін ауыстырады. Сол себепті осы санаттағы азаматтар іздестірілуге беріледі.
Медициналық куәландырудан өту кезінде денсаулық жағдайына негізсіз шағым жасау да шақырудан жалтарудың себебі болып отыр. Сонымен қатар нарықтық экономика жағдайында әскери қызмет өткеруге әсер ететін қаржылық мәселелер туындайды. Осыған байланысты халыққа ауқымды түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Бұл іс-шара ашық форматта өткізіледі. Оған қатысқан әскерге шақырылушылар, олардың ата-аналары, журналистер, халық кез келген ақпаратты алу мүмкіндігіне ие. Ата-аналармен әңгімелесу жүргізіледі, онда оларға комиссиядан өту, азаматтарды бөлу, қызмет атқару процесі туралы толыққанды мәлімет айтылады», делінген Қорғаныс министрлігінің жауабында.
Сарбаздардың бойында Қабанбайдың рухы болса дейсің...
Бабалар аманаты дегенді жоғарыда айтып қалдық. Қасірет пен қасиетке толы тарих парақтарын ақтарыстыра түссек, бабалардың кейінгі ұрпаққа қалдырған аманатын аттап өте алмасымыз айдан анық. Бүгінгідей озық үлгідегі қару-жарақ жоқ заманның өзінде ұлан-ғайыр даланы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған алыптардың ерлігі қай уақытта да жадымыздан өшпек емес. Солай болуға тиісті.
Бала кезінен жаудың сесінен де, мысынан да қаймықпаған Қаракерей Қабанбайдың жау арасында жүріп, ештеңеден тайсалмаған өрлікке толы ерліктері жас ұрпақ үшін қай кезде де үлгі екені даусыз. Ағасын мерт қылып, жылқысын тонаған жоңғарлардан Ерасыл батыр қалай ғана аяқ тартсын? Кек қайтарған. Тіпті әкесін бақилық қылған жоңғар батырының да жазасын бергені мәлім. Оның бәрі тарих парақтарында жазулы тұр.
Қай кезде де деректерге жүгінетініміз бар ғой. Сол Қаракерей Қабанбай ірі шайқастардың барлығында төбе көрсетіп, 103 жекпе-жекте қарсыластарын қапы қалдырғанының өзі аңызға айналған шындық емей немене? Қазақ даласын қорғау үшін алпыс жыл аттан түспеген алыптың ерлікке толы өмір жолы жастардың қаперінде жүрсе дейсің, кейде. Әлбетте, азаттықтың арайлы таңы атқалы бейбітшілік басты ұстанымымызға айналған. Бүгінде татулықты ту еткен елдің өркениет көшінен қалмасын да анық сезінеміз. Әйтсе де, әскер қатарындағы сарбаздардың бойынан батырларға тән мінезді көргіміз келетінін қалайша жасырамыз?
263 мың төлеп, 40 күн оқуға болады
Әскері мықты елдің сесі де, десі де басым болатыны әлімсақтан аян. Рухы өр, тәні бекем жігіттер әскери борышын азаматтық парыз ретінде түсініп, міндетін лайықты түрде өтеп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Алайда оған бас ауыртатын адамдар жоқтың қасына айналып бара жатқандай көрінеді. Әйтеуір, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келетіндердің саны сирейтінге ұқсамайды.
Қазақстанда белгілі бір себептермен әскерде бір жыл бойы қызмет ете алмайтын азаматтар үшін әскери қызметті ақылы өткеру енгізілді. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес 24-тен 27 жасқа дейінгі әскерге шақырылушылар ҚМ «Әскери-техникалық мектептер» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалдарында ақылы негізде әскери даярлықтан өте алады, бұл да мемлекетке әскери оқытылған резервтің санын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мектеп түлектері мерзімді қызметке шақырылмайды.
Қорғаныс министрлігі ұсынған мәліметке қарағанда, оқу мерзімі 40 тәулік, құны 263 318 теңге, оған күніне үш рет ыстық тамақ, киім-кешек, оқу процесіне жұмсалатын шығындар, казармаға орналасу кіреді. Әскери билеті бар, сондай-ақ бұрын әскери даярлықтан өтпеген әскерге баруға тиісті азаматтар оқи алады.
Әскери-техникалық мектепте оқу «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалына немесе «электронды үкімет» порталына жүгіну арқылы алуға болатын мемлекеттік қызмет санатына жатады. Белгіленген үлгідегі өтініш беру және тізбе бойынша қажетті құжаттарды қоса ұсыну қажет. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында әскери қызметтің баламасы болып табылатын азаматтық қызмет көзделмеген.
Келісімшартпен қабылданғандар елді қорғай ала ма?
Қазақстан Қарулы Күштері деген кезде келісімшарт негізінде жүргендердің мәселесі қоса айтылатыны бұрыннан белгілі. Бір анығы, келісімшарт негізінде жүргендердің көп болғаны аса бір жақсылықтың нышаны емес. Қалай десек те, армияның негізгі тірегі рухы өр жас сарбаз екенін ешкім жоққа шығара алмаса керек.
«Келісімшартпен қабылданатындар мәселесіне өз басым, әу баста-ақ қарсы болғанмын», дейді, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев өзекті мәселеге үн қосып. «Олардың керек екені даусыз. Техниканы басқару үшін де болғаны дұрыс шығар. Алайда олардың саны 70 пайызға жетеқабыл дегенді естіп қаламыз. Сонда бұл қалай болғаны? Ондай жігіттердің қарасы көп болса 30-40 пайызды құраса да жеткілікті. Өздеріне жүктелген міндеттерді қолдарынан келгенше атқаруға тиіс. Қандай да бір мәселе туындаған кезде сол жігіттерді шақырып көрші. Не болады екен? Сарбаздар көп болған кезде мемлекеттің де ресурсы артатыны екібастан белгілі. Келісімшартпен қабылданатындардың қарасы көбейген сайын армиямыздың қартая түсетінін ешкім жоққа шығара алмайды. Сонда біздің әскери ресурсымызды зейнеткерлер құрайтын бола ма? Осыған мықтап ден қоятын кез келді. Реформа жасалған кезде олардың қанша пайызды құрауы керектігі талқылануға тиіс», дейді генерал-лейтенант.
«Сарбаздарды бар болғаны бір жылға шақырамыз. Олар бұл уақытта не үйренеді? Бір жағдай болса, тойда отырған келісімшарт негізіндегі қызметкерді әкеліп танкіге отырғыза аламыз ба? Ол жетем дегенше уақыт өтеді, бәрі бітеді. Қысқасы, басын бәйгеге тігетіндер – казармадағы сарбаздар. Мұны көкейге мықтап түйетін уақыт жетті», деген әскери қайраткер армияда қандай да бір реформа жасалған кезде өте мұқият болу қажетін алға тартты.
Расында да, әскердің негізін сарбаздар құраса, одан ешкімнің ұтылмасы анық. Қалай алып қарасақ та, армия шарболаттай ширыққан жастардан құралса, рух та үстем болары белгілі. Анығы сол – қуатты әскер мемлекеттің тірегі, жүрегі.
ТҮЙІН. Әскери борышты өтеу – сөзсіз парыз. Алайда жастардың сыныққа сүйенетін сылтау іздеп, міндетті атқарудан жалтаруы ойландырмай қоймайды. «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дейді Бауыржан Момышұлы. Ал әскер – жігітті ширықтыратын да, шынықтыратын да үлкен мектеп. Қысқасы, армияға қатысты қабылданатын реформаларда осы мәселені шешудің механизмі қарастырылса жөн болар еді. Ал жастар жағы «жігіттің екі сөйлегені – өлгені» деген сөзді қаперден шығармаса дейміз. Ер адам екі тумайды себебі.