Ғылым • 13 Маусым, 2022

Аграрлық саладағы инновацияларды игереді

346 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аграрлық сала жетекші мамандарының ҚазҰАЗУ жазғы мектебіндегі кездесуі жас зерттеушілер үшін дәстүрлі іс-шараға айналып келеді. Замануаи тәжірибе және озық біліммен бөлісуді мақсат ететін кәсіби алаңда бұл жолы Америка, Индонезия, Қытай, Таиланд, Испания, Болгария, Малайзия сияқты әлем­нің 30-дан астам елінен келген жүзге жуық маман бас қосты.

Аграрлық саладағы инновацияларды игереді

Азық-түлік қауіпсіздігі жөнін­дегі Ислам ұйымының бағ­дарламалар мен жобалар директоры Исмаил Абдель Ха­мид, «Атяб Интернешнл сервис» Бас дирек­торы Мохиб Ахмед Хан (Оман сұл­тандығы), Азық-түлік қауіпсіздігі жө­нін­дегі Ислам ұйымының Бас дирек­торы Ерлан Байдәулет, ҚазҰАЗУ Бас­қарма төр­ағасы-ректоры Тілектес Есполов, тағы басқа ға­лымдар аграрлық са­ланы да­мыту, әлемдегі азық-түлік қа­уіп­сіз­дігі тұрғысындағы ғылыми тұ­жы­рым­дарымен бөлісіп, халықаралық қыс­қы және жазғы мектептер ауқымды тәжірибе алаңы ретінде ғаламда туындап отырған көкейкесті мәселелерді тал­қылауға зор мүмкіндік беріп отыр­ғанын атап өтті.

Жазғы мектептің ашылу салтанатында сондай-ақ Америка университетінің профессоры М.Броди, Ветеринарлық кли­никаның жануарларды репродукциялау жөніндегі маманы А.Мюних (Германия), Лейда уни­верситетінің про­фессоры К.Колинас (Испания), «Аграр­­лық өндіріс және консалтинг» ком­­паниясының маманы П.Шобель (Австрия), Болон университетінің про­фес­­соры А.Минелли (Ита­лия), Корей ұлт­­тық аграрлық уни­верситетінің өкілі, Азық-түлік, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы саласындағы білім беру, жылжыту және ақпарат агенттігі Ли Уон Гын (Оңтүстік Корея), Варшава жаратылыстану ғылымдары университетінің профессоры Ю.Мосий (Польша), А.Канчева атындағы уни­вер­си­тетінің қа­уым­дастырылған про­фес­соры Г.Цветелина (Болгария), Егін­ші­лік және көкөніс шаруашылығы инс­титутының профессоры Д.Карагич (Сербия), С.Демирель университетінің про­фессоры Айнұр Гюль Қарахан Чак­макчи (Түркия), Мемлекеттік жер­ге орналастыру университетінің халық­аралық қызмет жөніндегі проректоры В.Нилиповский (Ресей), Касетсарт универ­сите­тінің профессоры Р.Чависук (Таи­ланд), Қазақстандық зерт­теу орта­лығының директоры, Солтүстік-батыс ауыл шаруа­шылығы және орман шаруа­шы­лығы университетінің профес­соры В.Фэн (Қытай), Д.Мо­торный атындағы Таврия мем­лекеттік Агротехнологиялық университетінің ректоры С.Кюр­чев (Украина) өз елдеріне тән және ғаламдық жағдайдағы кли­маттық өзгерістер, азық-түлік қауіпсіздігі, адами капитал, та­биғи өнімдер өндірісі мен инте­гра­ция­лық келісімдердің маңыздылығы тұр­ғысында өз тұжырымдарын ортаға салды. Бүгінде ғаламдық өзгерістер адам­зат дамуының ажырамас бөлшегі ретінде ерекше назар аударуды, кешенді зерттеуді қа­жет етеді. Осы орайда ой-пікір­лерін орта­ға салған әрбір шетелдік, отандық ғалым­дардың зерртеулері өзекті. Спикерлердің тал­қылауы биыл он үшінші жыл қа­тарынан өтіп отырған жазғы мектеп сек­цияларының жұмысын жандандыра түсті деуге негіз бар. Мұнда маңызды жобалардың бірі ретінде аграрлық өнеркәсіптік кешен саласында заманауи білім мен инновациялық технологиялар, сондай-ақ отандық білім мен ғылымды халықаралық кеңістікке интеграциялау мәселелерінің өзектілігін айрықша атап өткен жөн. Бұл жолы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту сала­сындағы инновациялық технологияларды меңгеру, арнайы пәндер бойынша 5 ECTS алу, кәсіби және тұлға құзыретін қалыптастыру да қатысушылар үшін аса маңызды. 

Ендігі кезекте қатысушылар агро­өнеркәсіптік кәсіпорындарға онлайн-тур жасап, 13 бағыт бойынша, яғни «Табиғи ресурс­тарды бағалау және басқару мәселелері», «Жасыл экономика», «Ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологиялар мен техникалық құралдар», «Жер және орман ресурстарын бас­қару», «Өсімдік шаруа­шылығы өнімдерін өндіруді бас­қару», «Органикалық ж­еміс-көкөніс шаруашылығы және өсім­дік­терді қорғау», «Техно­логия мал ша­руа­шылығы өнім­дерін өндіру», «Биоло­гиялық қауіпсіздіктегі ветерина­рия», «Агроөңдеу технологиялары», «Мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын басқару», «Агробизнес», «Топы­рақтану, агрохимия және экология», «Кли­ника­лық ветеринария» сала­ларының озық жетістіктерін игеруге қол жеткізе алады.

Екі апта ішінде жазғы мек­теп­тің қатысушылары инно­ва­­циялық орталық­тарда, уни­вер­ситет­тің және ғылыми ұйым­дар­дың зерттеу зертханаларында, озық шаруашылықтар мен кәсіп­орындарда білім алып қана қоймай, «Стартап жобалар» конкурстары, волей­болдан турнирлерге қатысып, театр, мұра­жай, көрмелер және қаланың көрікті жер­лерімен танысып қайтады.

 

АЛМАТЫ