Білім • 13 Маусым, 2022

Мектеп жабылудың алдында тұр!

1026 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Нұргүл Пазылбекова «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша М.Жұмабаев ауданы Бинаш ауылына 2019 жылы көшіп келген. Аудандық әкімдіктегілер мен көші-қонға жауапты құзырлы мекемелер онымен ілесе келген 7 отау иелерін құшақ жая қарсы алып, қал-қадерінше көмектескен. Екі дипломы бар Нұргүл орталау мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып орналасқан.

Мектеп жабылудың алдында тұр!

Шыны керек, бастапқыда көңілі құлазып, жанын қоярға жер таппағандай күй кешкен. Оның алдынан көңілге қанат бітіретін жақсы істермен қатар ана тілімізге қатысты проблемалар сәт сайын дерлік атойлап шығып отырған. Солардың күрделісі әрі негізгісі – оқушы санының аздығы мәселесі тиянақты шешімін таппай, әлі күнге дейін ащы ішектей шұбатылып келеді. Олар үш жыл бұрын келгенде тоғыз жылдық мектепте 16 ғана бала қалып, есікке қара құлып ілінуге шақ қалған екен. Бүгінгі таңда оқушылардың саны 31-ге жеткенімен, жабылып қалу қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Өйткені қазіргі жағдай Оқу-ағарту министрлігінің 9 жылдық мектепте кемінде 41 оқушы болуға тиіс деген талабымен үйлеспейді. Осы себепті «әне жабылады, міне жабылады» деген қиқу төбелерінен кетер емес. Тығырықтан шығудың бір жолы, сырттан көшіп келуге ниет еткен ағайындардың қатарын молайту болғанымен, бас­пана және жұмыс жағы тапшы. Ауылдық округ әкімі мәселенің тігісін жатқызуға дәр­менсіз, қауқарсыз.

«Табиғаты тамаша, ауасы таза, жері шұ­­райлы, 44 түтіні бар Бинашқа жіті көңіл бөлінсе, шекара беткейін де ше­ген­деп, жыртығымызды бүтіндеп алған болар едік. Кезінде бұл ауыл осы аймаққа белгілі Биназар Битуғанұлы деген кісінің атымен аталыпты. Отызыншы жылдардағы қуын-сүргін кезінде «халық жауы» ретінде қуғындалған. Кейін елге оралып, «Бинаш» деген бүркеншік есім­мен өмір сүрген. Тұлғаның атын ұлық­тау жөнінде айтқаным­да үлкендер жағы «Қызым-ау, бұл мәселені талай рет көтер­генбіз. Деректерді жинастырып бер­генбіз. Ауылдықтардың өтініштерін айта-айта әбден тауымыз шағылған», деп жауап бергенде жергілікті биліктің нем­құ­рай­дылығына не айтарымды білмедім», дейді Нұргүл әңгімені әріден орағытып.

Алдын кес-кестеп орағыта бере­тін кедергілерді кезіктіргенде кейде қолды бір сілтеп, кері көшіп кеткісі де келген. Бірақ жылт еткен бір үміт аяқ-қол­ды тұсаулап, алға қарай жетелеген. Қиындықтардың бәрін еңсереміз деген сенім бо­йын кернеген. Мектеп оқу­шы­лары сабаққа алғыр, өнерлі. 9-сыныпта оқитын бір оқушы облыстық байқауда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен екінші орынды, Абай оқуларына қатысқан бастауыш сынып оқушылары да екінші орын алған. «Әнші балапан» байқауына ірік­теуге он оқушы барып, бесеуі келесі кезең­ге өт­кен. Шағын мектептерді жап­қан­нан ешкімнің өрісі кеңімейді, кері­сінше, қаншама баланың обалына қала­ды. Жуырда аудандық әкімдіктің, құзыр­лы мекемелер­дің өкілдері келіп, тоғыз жыл­дық мектеп санатында болу үшін оқушылардың шекті саны кемі 41 болу керек. «Әйтпесе...», дегендей дөң-айбат көрсетіп кеткен. Мектеп жабылса, тұрғындар жаппай көшетінін, ауылдың қаңырап бос қалатынын, иесіз жер жау шақыратынын неге ойламайды? 

Ауданда таза қазақ мектептері көп емес, саусақпен санарлықтай. Сартомарда, Қызыл Қазақстан­да, Сұлушоқта, Бинашта және Булаево қаласында орналасқан. Бинаш орта мектебінің директоры Әлия Жексенбина мемлекет тарапынан жасалатын әлеумет­тік қамқорлыққа қарамастан, жер­­сі­ніп кете алмауы себепті 3 отба­сы­ның көшіп кеткенін жеткіз­ді. Ны­сан 1973 жылы тұрғызыл­ған. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әлия Амантай­қызы биыл мек­теп­тің жабылу-жа­­был­­­мауы бел­гісіз екенін айтты. Ұжымда 32 адам еңбек етеді. Солақай шешім қабылданса, осынша адам тұрақты жұмысынан айырылып, ауылдан елдің үдере көшуіне себеп болмақ.

Аудандық білім бөлімі бас­шылығының айтуынша, бинаш­тықтар ғана емес, тоғыз мектеп қайта ықшамдауға ұшырауы мүм­кін. Мәселе қалай шешіледі – облыстық білім басқармасының құзырында.

Аудан әкімінің орынбасары Азамат Шәріповтің пікірінше, ауылдық округтерде жұмыс істей­тін шаруашылық же­тек­шілері де ауылдың дамуына мүд­делі болуға тиіс. Осыдан біраз жыл бұ­­рын Сұлушоқ тоғыз­жыл­дық мекте­бін­де 25 оқушы ғана қалыпты. Жеке кәсіп­кер Қайрат Жәнібеков күнгей жақ­тардан көшіп келген ағайындарға бас­пана тұр­­ғызып берген. Сөйтіп, қоныс­тану­шы­­лардың арқасында оқушылардың саны жүзге жуықтап, қазір жаңа ғи­ма­рат салу, онбіржылдыққа айналдыру мәселесі пысықталуда. Кәсіпкер жаңа нысан тұрғызуға 20 млн теңге бөлмек. Осында 18 бала тәрбиелеп отырған патронат шаңырақ бар. Аққайың ауылдық округінде бір отбасы 5 баланы қам­қорлығына алып, мектептің жабылуын сақтап қалған.

Нұргүл осы тәсілді қолдану арқылы пат­ронат отбасы атанбақ болған игі тала­бы­ның жүзеге аспай жүргеніне қын­жылады.

«Қоғамдық және мемлекеттік тәр­биеге қарағанда отбасы тәрбиесінің артық­шылығын ескеріп, әрі мектепте оқу­шы санын көбейтсем деген ой­мен патронаттық отбасы құруды жөн көр­дім. Ол үшін сертификат алу қажет екенін білгеннен кейін былтыр өтініш бердім. Мені Соколовка коррекциялық мектеп-интернатына бекітіп, үш ай бойы онлайн арқылы білімімді жетілдірдім. Орысша өте ауыр соқса да, барынша тырыстым. Сынақ сұрақтарына білгенімше жауап бердім. Светлана деген кураторым білімің жеткіліксіз деген желеумен сертификат беруден бас тартты. Қазақша оқып, тапсырғанда бұлай қиналмас едім», деді арманы таудай ұстаз шарасыздық кейіппен.

 Біз сауалымызды осы мәселе­мен тікелей айналысатын «Ана үйі» қоғамдық қоры базасында құрылған Қазақстанда бала асырап алу жөніндегі Ұлттық агент­тіктің жергілікті филиалының жетек­­шісі Қорлан Жайсеңбаеваға қойып, төмендегідей жауап алдық.

«Патронат – ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған баланы шарт бойынша басқа азаматтардың отбасына тәрбиеге беру түрі. Бұл шарт баланы тәрбиелеп алуға ықылас білдірген адам /патронат тәрбиеші/ мен қорғаншы­лық және қам­қор­шылық органы арасында жасалады. Пат­ронат тәрбиешілерге құқықтар мен мін­деттер беріліп, соған орай жауапкер­шіліктер жүктеледі.

Біз Нұргүлдің жетім бала­лар­ға отба­сылық тәрбие беру жө­нін­дегі талабын қолдап, арнайы куратор белгілеген болатынбыз. Мемлекеттік тілді таңдаса, оған да жағдай жасар едік. Меніңше, екі тараптан түсінбеушілік орын алған тәрізді. Әлі де кеш емес. Жағдайды түзетуге болады. Мені­мен хабарласса, толық ақ­па­ратқа қаныққаннан кейін оң ше­шімін табатын боламыз».

Осы ауданға қарасты Успен­ка ауылы­ның тұрғындары да то­ғыз­жылдық мектеп­тің қысқаруына алаңдаулы. Оған себеп – тағы да оқушылардың аздығы.

Елді мекен тұрғыны Алек­­сандра Лист­раткина «оқушы­лардың негізгі бөлі­гі жоғарғы сыныптарда оқиды, бас­тауыш­та өте аз. Олар оқуларын қайда жал­ғас­тырады?», деген сұраққа жа­уап таппай дал. Бір қызығы, шешім жыл басында қабылданған, бірақ ата-аналар да, мектеп ұжымы да одан хабарсыз қалған. Успенка орта мектебінің директоры Ай­нагүл Қалдыроваға аудан бас­шылығы ғимарат демеуші есебі­нен жөнделсе, тоғызжылдық мәр­тебе сақта­луы мүмкін дегенді алға тартыпты. Әзір­ге Дмитрий Кнауб деген жергілікті кәсіп­кер ғана көмек қолын созуға тілек біл­ді­ріпті. Оқу бөлімінің меңгерушісі Сара Ра­мазанованың пікірінше, 30 қыз­мет­кер мен 25 оқушыны бюджет есебі­нен қаржыландыру мүмкін емес. Ша­ғын орталық тәр­биеленушілері де мүл­дем азайып кеткен. Үнемделген қаржы бас­қа білім беру мекемелерінің қажет­тіліктеріне жұмсалмақ.

Сонда қалай, мектептердің жабылу-жабылмауы оқушылар­дың санына емес, демеушілер­дің қаржылық демеуіне тіреліп тұр ма?

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

журналист

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

М.Жұмабаев ауданы