Спорт • 14 Маусым, 2022

Жүлде қоры – 47,1 миллион еуро

282 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

27 маусым мен 10 шілде аралығында Ұлыбританияның астанасы – Лондонда «Уимблдон» турнирінің жалауы желбірейді. Биылғы жарыстың басты екі жаңалығы бар. Біріншісі, ұйымдастырушылар аталған додадан Ресейді шеттетті. Соған жауап ретінде Халықаралық теннис федерациясы қатысушылар қаншалықты табысты өнер көрсетсе де, оларға соқыр ұпай да берілмейтінін жария етті. Яғни ойыншылардың ATP мен WTA рейтингінде жоғарылауына еш мүмкіндік жоқ. Екіншісі, былтырғы жылмен салыстырғанда жүлде қоры бірден 11,1 пайызға артып, биыл ол 47,1 миллион еуроны құрап отыр.

Жүлде қоры – 47,1 миллион еуро

«Үлкен дулыға» санатына жататын бұл турнирдің 145 жылдық тарихы бар. Оның тұсауы сонау 1877 жылы кесілді. Сол кезден бері «Уимблдонның»» форматы сан мәрте өзгерді. Қазіргі кезде ол көк майса шөптің үстінде өтетін жалғыз жарыс. Осы доданың ерлер сайысында ең зор табысқа жеткен Ұлыбританияның өкілдері. Корт қожайындары 37 рет жеңіс тойын тойлады. АҚШ теннисшілері 33 мәрте топ жарса, Аустралияның 21 өрені теңдессіз деп танылды. Әйелдер арасын­да америкалықтар алдына жан салар емес. Олар 57 рет дара шықты. Жергілікті ойын­­шылардың 36 мәрте мерейі үстем болды.

Жекелеген сайыстарда олжа­ла­ған бас жүлделердің саны бойынша Род­жер Федерерге тең келер ешкім жоқ. Швей­ца­рияның мақтанышы сегіз жа­рыс­тың же­ңімпаз атанды. Өткен ғасырдың соңында атой салған америкалық Пит Сампрас жеті турнирде топ жарды. Бүгінгі таңдағы теңдессіз теннисшілердің бірі сербиялық Новак Джокович алты рет дара шықты. Дәл сондай көрсеткіш ХІХ ғасырда өнер көрсеткен ұлы­­бри­таниялық Уильям Рен­шоуға тиесілі.

Әйелдер арасында Мартина Навра­тилованың шоқтығы биік. Кезінде Чехо­словакиядан АҚШ-қа қоныс аударған даңқты теннисшісі 1978-1979, 1982-1987, 1990 жылдарда өткен жарыстарда бас жүл­дені олжалады. Барлығы – 9 жеңіс! Өткен ғасырдың алғашқы жартысында дүйім жұртты асқан ше­берлігімен тәнті еткен Хелен Уиллс-Мудидің (АҚШ) жеті және Доротея Ламберт-Чамберстің (Ұлы­британия) сегіз турнирде бақ жұлдыздары жанды. Дәл сондай көрсеткішке Штеффи Граф (Германия) пен Серена Уильямс те (АҚШ) қол жеткізді. Жалпы Уильямстің Навратиловадан асып түсуге тамаша мүм­кіндігі болған еді. Өйткені ол финалға 11 рет шықты. Жетеуінде же­ңіске жетсе, төр­теуінде жеңіліс тапты. Ал жекелеген, жұп­тық және аралас жұптар арасындағы бәсе­келерді қоса алғанда ең зор табысқа қол жеткізген Билли Джин Кинг пен Мар­тина Навра­тилова. АҚШ-тың қос мық­тысы кубокты төбелеріне 20 реттен кө­терді.

«Уимблдонда» көптеген ре­корд­тық көрсеткіш тір­кел­ді. Мәселен, 2010 жылғы жа­рыстың алғашқы айналымында америкалық Джон Изнер мен фран­циялық Николя Маю ара­сындағы өткен кездесу 11 сағат 05 минутқа созылды. Қос саңлақ үш күн бойы сайысқа түсті. Нәтижесінде, 6:4, 3:6, 6:7, 7:6, 7:6 есебімен Изнер жеңіске жетті. Бұл – теннис тарихындағы ең ұзаққа со­зылған матч. Дәл сол жылы АҚШ ойыншысы Тейлор Денттің соққысынан кейін доп сағатына 238 шақырымдық жылдамдықпен зымырады. Әйелдер арасында ең қуатты соққы Серена Уильямске тиесілі. Әйгілі америкалық ойын­шының көрсеткіші – 208 ша­қырым. Германиялық Борис Бек­кер мен АҚШ-тың өкілі Денис Ралстон «Уимблдонды» 17 жастан асқан шағында ұтса, швей­цариялық Мартина Хингис пен аустра­лиялық Лотти Додқа бұл белес 15 жасында бағынды. Ал «Уимбл­донда» дараланған «ең қарт» ойын­шылар тізімін Мартина Навратилова бастап тұр. 2003 жылы аралас жұптар сайысында топ жарғанда ол 46 жаста еді...

Қазақстанның теннисшілері арасында Лондондағы турнирде ең жақсы нәтиже көрсеткен Ярослава Шведова екені баршаға мәлім. Былтыр ғана спорт­тық жолын аяқтаған жерлесіміз 2016 жылы жекелеген сайыста ширек фи­налға дейін жетті. Юлия Гергес, Элина Свитолина, Сабина Лисицки және Люси Шафаржова сынды мық­тыларды ұтқан ол Винус Уильямске есе жіберді. Есе­сіне жұптық бәсекеде мажарстандық Тимя Бабошпен бірге отандасымыз финалға дейін жетті. Ал 2010 жылы дәл осы «Уимблдонда» Ваня Кинг пен Ярослава Шведова жұбы бас жүлдені олжалаған еді. Өкінішке қарай, өзге тен­нис­шілеріміздің ешқайсысы Шве­дованың көрсеткішін қайталай алған жоқ. Осы орайда 2014 және 2015 жылдары Зарина Диастың, 2019 жылы Михаил Кукушкиннің және 2021 жылы Елена Рыбакина мен Александр Бубликтің төртінші кезеңде өнер көрсеткенін айта кеткен абзал.

Былтыр Ұлыбританияның астанасында бес теннисшіміз күш сынас­ты. Рыбакина мен Бубликтің ширек финалға дейін жеткенін жоғарыда айттық. Бұл межеде Елена беларусьтік Ари­на Соболенкодан, Александр поль­шалық Хуберт Хуркачтан жеңілді. Юля Путинцева екінші айналымда испа­ниялық Паула Бадосаға жол берсе, За­рина Диас пен Михаил Кукушкин тұ­сау­­кесер кездесулерінде сүрінді. «Уимблдон-2021» турнирінде ерлер ара­­сында Новак Джокович дара шықты. Сер­бияның саңлағы ақтық айқаста 6:7, 6:4, 6:4, 6:3 есебімен италиялық Маттео Бер­реттиниден басым түсті. Әйелдер сайысында Эшли Бартидің бағы жанды. Аустралиялық ару чехиялық Каролина Плишковадан басым түсті – 6:3, 6:7, 6:3.