Әрине, жетістіктеріміз бар. Дегенмен кемшіліктеріміз де жеткілікті. Біз соны көрсек те байқамай, білсек те білмегендей болып жүрдік. Ең өкініштісі, қаңтарда қан төгілді.
Ел Президенті еліміздегі наразылықтың негізінде өткір әлеуметтік мәселелер, тұрғындардың тұрмыс деңгейінің өте төменде жатқанын ашық айтты. Себебі экономикамыз шикізат тәуелділігінен құтыла алған жоқ. Ерте ме, кеш пе бәрібір таусылатын қазба байлығымыз шет елдерге ағылып, ірі, мамандандырылған жұмыскерлерді талап ететін заманауи кәсіпорындар салынған жоқ.
Ал көршілеріміз көп мәселені шешуде бізден әлдақайда көш ілгері кеткендігі байқалады. Өзбекстан әлемдегі ең ірі әрі ең үздік технологияны пайдаланатын газ өңдеу зауытын іске қосты. Ташкенттегі ЛРТ-ны айтпай-ақ қояйық. Мұнайы мүлдем жоқ Қырғызстан, Тәжікстан үш-үштен мұнай өңдеу зауыттарын бірнеше жыл бұрын салып алған.
Ел Президенті Қ.Тоқаев біздің үлкен идеологиялық қате жібергенімізді де ашық айтты. Бұл – жастарды еңбекке баулу, еңбекқорлыққа үйрету, еңбекті құрметтеу туралы тәрбие жұмыстарын босаңсытып алғанымыз. Құқықтық нигилизмнің тамырын терең жайғаны тағы бар. Жастардың дені заң білмейді, білмеген соң орындамайды да. Жұртшылықта саяси, әсіресе құқықтық мәдениет өте төмен. Қаңтар оқиғасында алаңға шыққан наразылық білдірушілер «халық» деген қасиетті ұғымды түсінбесе, басқа не айтуға болады?
Алаңдаушылық білдіретін тағы бір мәселе – қылмыскерлердің арасында әйелдердің көбейіп бара жатқаны. Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған жағдайға тап болып отырғанымыз өте өкінішті. Ана деген ұғыммен біз ең қасиетті, ең ардақты, ең таза, ең қымбат сезімді байланыстырамыз. «Әйел әлемді тербетеді» деп, ананы «бейбіт», «тыныштық», «келісім», «сабырлылық» деген құндылықтарды қорғайды деп түсінеміз. Ал қаңтар оқиғасындағы бір бейнежазбадан көпбалалы, оның үстіне жүкті әйелдің күйеуімен бірге қару-жарақ сататын дүкенді тонап жатқанын да көз көрді...
Қылмыстың күйін, қолданылып жатқан шараларды, кылмыстыққа қарсы күрестің нәтижелерін БАҚ тұрғындарға күнделікті жеткізіп отыру керек. Бұл орайда құқық қорғау органдары мен соттардың баспасөз қызметтері белсенділігін арттыруға міндетті. Идеология жұмыстары ең алдымен тұрғындармен кездесулерді жиі өткізуден, еңбек ұжымдарында болумен, БАҚ-ты белсенді қолданумен байланысты.
Соңғы жылдары қазақстандықтар шетелдерге қоныс аударып жатыр. Өткен жылы 7 мыңға жуық негізінен техникалық мамандық иелері, көбісі жас қазақстандықтар шет елдерге қоныс аударыпты. Сарапшылардың болжауынша, 2022 жылы өзге жұртқа қоныс аударатындардың саны 240 мыңға жетуі мүмкін. Қазақстан сияқты халқы аз мемлекет үшін бұл өте көп.
Әрине, Солтүстік Америка, Батыс Еуропа елдері жастарды тұрмыс деңгейінің жоғарылығымен, мәдениеті, адамдардың бір-біріне ізеттілігімен, қоғамдық қауіпсіздігі, елді мекендерінің тазалығымен қызықтырады. Қоныс аударушылар шет елдерде сұлтан дәрежесіне жетпесе де, өз елінде ұлтан болғысы келмейді. Бір ғана Алматы облысынан 21 мыңға жуық жас шетел асқан көрінеді.
Шетел университеттерінің бірінде оқып жүрген жас жігітпен өмірлік жоспары туралы сөйлесіп едім. Ол оқуды бітірген соң сол елде жұмысқа орналасатын ойы бар екенін айтты. Себебі оны қызықтыратын компаниялар, өндірістер Қазақстанда жоқтың қасы. Сонымен қатар оны ең қатты алаңдатын мәселе – жемқорлық. 2021 жылғы Transparency International халықаралық ұйымының мәліметіне сәйкес Қазақстан сыбайлас жемқорлық рейтингі бойынша 180 мемлекеттің арасында 102-орынға түсіп кетті. Озық мемлекеттер айдай алыс.
Президент жаппай тәртіпсіздікке енді ешқашан жол бермеуіміз қажет деп қадап айтты. Билік жүйесінде, оның ішінде құқық қорғау органдарында реформалар жүріп жатыр. Ішкі істер органдарында патрульдік полицияның өкілеттігін кеңейтіп, қару-жарақты сақтау, қорғау, қолдану туралы заңдарды, ережелерді жетілдіру – заман талабы. Полиция қызметкерлерінің дербестігін кеңейту керек. Ол үшін полиция қатары кәсіби біліктілігі төмен қызметкерлерден тазартылуға тиіс.
Құқық қорғау органдарына, сот жүйесіне ашықтық, жариялылық жетіспейді. Мәселен, Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды, иә болмаса лауазымы төмендетілді. Бұл осыған дейінгі он жылдағы көрсеткіштен үш еседей артық», деп өтті. «Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Бұрын мұндай істердің 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін. Ал қазір тең жартысында «сотқа арызданушылар жеңіп шығуда» деген деректер келтірді.
Не себептен 174 судья ең жоғары мәртебеге лайық бола алмады, олар кімдер, 7 мың азаматтың құқықтарын бұзған шенеуніктер кімдер, қандай жауапқа тартылды – қоғам бейхабар. Дербес мемлекеттік орган ретінде бірнеше жыл бұрын құрылған Жоғары Сот Кеңесінің үні шықпайды.
Президент Қ.Тоқаев өкілеттігін атқаруға кіріскен сәтте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет болу керек» деген ұстанымын жариялады. Мемлекет дегеніміз – билік қана емес. Мемлекет – ол бүкіл халық. Сондықтан билік – тұрғындарға, тұрғындар – билікке және бір-біріне құлақ асуы керек.
Тәуелсіз мемлекеттің азаматы болу – ең үлкен бақыт. Мемлекет басшысы халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат екенін үнемі ескертіп келеді. Басымызға бақ қонған, жүрегімізге құт қонған бақытты халықпыз. Алайда Тәуелсіздікті қадірлей білмейтініміз, басымызға қонған бақты түсінбейтіндер, бағалай алмайтындар бар.
Әбіш Кекілбайдың «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген асыл сөзі бар. Қонған бағымызды ұшырып, қонған құтымызды қашырып алмайық, ағайын!
Оңалсын ЖҰМАБЕКОВ,
прокуратура органдарының ардагері,
2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі