Жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымдарды халыққа қайтару ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, ауыл әкімдері және жергілікті қоғамдастық арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылып отыр. Дәл осындай меморандумдарға Жамбыл облысының Байзақ ауданында да қол қойылды. Алдағы уақытта аманаттықтар мұндай тәжірибені бүкіл еліміз бойынша енгізуді жоспарлап отыр.
Түймекент ауылының тұрғыны Айдар Иманбаевтың айтуынша, партиялықтар халық пен бизнес арасындағы көпірге айналып, түйткілді мәселенің сындарлы шешімін ұсынды.
«Аулада жеке малды жаю мәселесі еліміздің барлық өңірінде өзекті. Бүгінде жайылым тапшылығы шамамен 22 млн гектарды құрайды. Осы мәселені жедел шешу мақсатында Amanat партиясы бір апта ішінде ауыл тұрғындарына уақытша пайдалану үшін ақысыз негізде жер беру бойынша жергілікті атқарушы органдармен және ірі шаруа қожалықтарымен жұмыс жүргізді», деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Ол мәселені жүйелі түрде шешу үшін партия қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуге әрекет жасайтынын айтты. Атап айтқанда, жайылымдардың тозуына және шөлейттенуіне қарсы күрес жөніндегі бюджеттік бағдарламаны облыстық деңгейден ауылдық округтер әкімдерінің деңгейіне беру, мал басын ескере отырып, жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеме нормаларын жаңарту, елді мекен шекарасынан 5 км радиуста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жайылым беруге тыйым салу және т.б. қажет.