Қоғам • 15 Маусым, 2022

Президент 100 жастағы майдангерді құттықтады

1478 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, майдангер, өлкетанушы әрі жазушы Сергей Пресняков 100 жасқа келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент 100 жастағы майдангерді құттықтады

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Сергей Пресняковтың мерейтойына орай салтанатты жиын өтті.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысы майдангерге арнайы жолдаған алғыс хатын оқып, төсбелгісін табыстады.

«Сергей Михайловичтің есімі Солтүстік Қазақстан облысының тарихына алтын әріптермен жазылған. Сергей Пресняков – біздің ел тарихындағы көптеген оқиғалардың куәгері және қатысушысы. Ол Мәскеу түбіндегі шайқастарда соғысып, 38 атқыштар бригадасында қызмет етті. Соғыстан кейін партия органдарында жұмыс істеді, ардагерлер ұйымын басқарды. Өмірінің көп бөлігін біздің аймақтың тарихын зерттеуге арнады. Солтүстік Қазақстан өлкетануының дамуына баға жетпес үлес қосты. Студенттерге өлкетану және туған өлке тарихы курстарынан сабақ берді. Оның авторлығымен жазылған кітаптар арқылы оқырман ел тарихынан хабардар болады», деді облыс әкімі.

п

Сергей Пресняков - көптеген орден-медальдың иегері, «Құрмет белгісі» орденін қатарынан 4 рет алған батыр. 

Ол өзінің еңбек жолын 1939 жылы Омбы теміржолы Петропавл стансасында экономист болып бастаған. Бірақ қаһарлы соғыс басталып, 19 жасар Сергей Пресняков майданға аттануға бел буады.

Осылайша, ол батыс, солтүстік-батыс майдандары мен Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысады.

Соғыстан кейін әртүрлі салада жұмыс істеген, 10-нан астам кітаптың авторы.

Айта кетсек, ол 1980-ші жылдары СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, Петропавлда Жеңіс саябағын ашқан еді.