Аймақтар • 16 Маусым, 2022

Бірлігі бекем ауыл

504 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Арқадағы он екі қазылықтың ішіндегі Кент пен Боқты қазылықтарының нулы, сулы, шұрайлы өлкесін жайлаған Бақты ауылы биыл көктем туа үлкен бір шаруаны қолға алды. Бұған түрткі болған басты себептің бірі – биыл аталған ауылдың құрылғанына 60 жыл толған еді.

Бірлігі бекем ауыл

Мерейтой қарсаңында ауыл іші және мазарат маңайы күл-қоқыстан мұқият тазаланды. Ішкі жолдардың табанына қиыршық тас төселіп, ой-шұң­қыры тегістеліп, бірқатары күр­делі жөндеуден өткізілді. Осы ауқымды істің барлығы өн­дірісте жұмыс істейтін ауыл азамат­тары­ның жеке бастамалары бойынша жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, жақсы істің жаршысы, бастамашысы болған Серғазы Түйте, Әлфараби Стам­құлов, Теміржан Исин сынды атпал азаматтар бұл іске білек сыбана кірісіп, халықты жұмылуға үндеді. Оларды қолдаған ауыл тұрғындары Мей­рам Жәбдік, Аманғазы Стам­құлов, Марал Орын­беков, Алдан Жақсылықов жігерлі жастарды игілікті істерге бастады.

Сонымен 25 мамыр «Бақ мекенім – Бақты» ауыл күні болып белгіленіп, құрылғанына 60 жыл толып отырған ауыл мере­кесін өткізу бастамасы осылайша көтерілген еді. Туған өлкені көркейту, әлеуетін арттыру, мәде­­ниетін дамыту сынды ізгі іс-шара­лар қолға алынды.

Мұндай үлкен шаруаға қо­мақты қаржы керек екені белгілі. Бұл мәселені ауыл азаматтары өздері шешіп, әркім шама-шар­қынша бұл іске үлесін қосты. Со­ның нәтижесінде, мерейтойды өткізуге жеткілікті қаржы жи­налды.

Іс-шараны өткізу қамына кіріс­кен белсенді топ әп-сәтте той бағ­дарламасын жасап та тас­тады. Ең алдымен, ауылдың ішкі-сыртқы тазалығы қолға алын­­ды. Бұл іске «Кентөбе» кені­­шінде, «Қазақмыс» корпо­рация­сында, «Қармыс», «Бай­батыр» компанияларында ең­бек ететін ауыл азаматтары бі­рі­гіп, белсене кірісті. Азғана уақыттың ішінде бірнеше миллион теңгенің ауқым­­ды жұмысы атқарылды. Бә­рі­нен бұрын айтарымыз, осы жұ­мыс­тарды ат­қарған азаматтар қаржы, жа­нар-жағармай шы­­ғындарын өз мойындарына алған еді.

Сонымен қатар әр жылдары мектеп бітірген түлектер ауыл үшін ізгі істерге бастамашы бола бас­тады. Атап айтсақ, ауыл қақ­пасын тұрғызу мектептің 36-шы түлектерінің ұйымшылдығы мен ерен еңбектерінің арқасында іске асты. Бұл шаруаның басы-қасында ауыл азаматы Мақ­сұт Нұр­ғалиев жүрді. Сондай-ақ «Бақ мекенім – Бақты» әні жазылып, оған қазіргі уақытта АҚШ-та тұратын ауыл тумасы Нұрлан Сарбасов демеушілік жасады.

Той өткізу барысында безен­діру ісімен айналысқан дизайнер, ауылымыздың түлегі Баян Жәбдікованың еңбегін де атап өтуге болады. Жалпы алғанда, ор­тақ іске тартылмай қалған адам бол­мады. Жас­тар­дың жанкешті ең­бегімен қатар, сабақтан тыс уа­қытта оқу­­­шылардың да тазалық жұ­­мы­сы­на қатысқанын айтқан ләзім.

Бақты ауылының 60 жыл­дық мерейтойы аясында дүние­ден өткен кісілерге Құран бағыш­талып, ауыл қақпасының сал­та­натты ашылу рәсімі өтті. Бұл сал­­танатта ауыл әкімі Ақ­қали Сейт­­­хазин құттықтау сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы Тілеу­қабақ Орын­беков бата берді.

Мерейтойдың көрігін Қарқа­ралы мәдениет бөлімінің қыз­меткерлері, ауылымыздың тумасы Еркебұлан Қанатұлы зайыбы екеуі қыздыра түсті. Әуелеген әсем ән, күмбірлеген қоңыр күй көңілді көтере түскені анық. Той үстінде ауылымыздың тумасы, белгілі ақын Мирас Асанның сөзіне жазылған «Бақты меке­нім» әнінің тұсаукесері болып, жұртшылық ол туындыны жылы қабылдады. Шығарманың әнін белгілі сазгер, балқантаулық Аман­гелді Ахметжанов шы­ғарса, орындаушысы Бақты­дан шыққан белгілі әнші Сәкен Омаров болды.

Ұлттық спорт түрлерінен өт­кен сайыстар мерекелік іс-шара­лар­дың қызығын еселеді. «Арқан тарту» сайысы командалық жүйеде өткізіліп, жеңісті ауыл ко­мандасы жұлып алды. «Қой кө­теру» сайы­сында қойды 55 рет көтерген ауыл балуаны Ол­жас Әзімбаев жеңіске жетті. Ұлдар және қыздар арасындағы жүгіруден жарыс та өте қызықты өтіп, жеңімпазды облыстық «Са­ры­­арқа» телеарна­сының жур­налисі, ауыл азаматы Мақсат Бей­сенаев жеке өз атынан 50 мың теңге жүлдемен марапаттады. «Серке көтеру» сайысы да өте қызықты өтті. Бұл сында да ауылымыздың тумасы Дос Әбіл­мансұр ешкімге дес бермеді.

Сонымен ел асыға күткен ат жарысына да кезек келіп жет­ті. «Тай жарысы», «Құнан бәй­ге» сынының әрқайсысында жиыр­ма-жиыр­мадан жүйріктер бақ сы­нады. Бес орынға жүлде тігі­­­ліп, бас бәйгеге мотоцикл берілді.

Ал жұрттың делебесін қоз­дырған «Аламан бәйгеде» әр қиыр­дан келген 28 сәйгүлік сынға түсті. Бәйгенің 21 шақы­рымнан тұратын қашықтығында мәре сызығын Осакаров ауда­нының аты бірінші болып қиды. Же­ңім­пазға жүлдені мектеп бітір­гендеріне 45 жыл толған тү­лектер атынан ауыл мұғалімі Бо­лат Тәңірбергенұлы тапсырды.

Міне, осындай айтулы іс-ша­раны береке-бірлігі жарасқан ауыл халқы өз күшімен атқарып шық­ты. Мерейтойға еліміздің әр қиы­рынан келген меймандар ая­­дай ғана ауылдағы ағайынның ын­­тымақты тірлігіне бек риза бол­­­ды деп сеніммен айтуға бола­ды.

 

Болат АСАН,

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі,

Ы.Алтынсарин медалінің иегері

 

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы,

Бақты ауылы