Үкімет • 16 Маусым, 2022

Премьер-Министр БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен кездесті

671 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰДБ Әкімшісінің көмекшісі Уша Рао-Монаримен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Премьер-Министр БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен кездесті

Нью-Йорктегі БҰҰДБ Атқарушы агенттігінің кеңесшісі Дерек Пайпер, БҰҰДБ Еуропа және ТМД бойынша өңірлік бюросы директорының орынбасары Марина Уолтер мен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш қатысқан кездесу барысында БҰҰДБ-ның Қазақстандағы қызметі аясында ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

з

Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстан 1992 жылғы 2 наурызда, тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай БҰҰ-ға мүше боп кіргенін еске салды.

«Содан бері біз БҰҰ-ның қолдауын ұдайы сезініп келеміз, ал оның жаһандық саясаты мен бағдарламаларына қатысу – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі», деді ҚР Премьер-Министрі.

Үкімет басшысының айтуынша, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы қызметі айтарлықтай дәрежеде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Осылайша, агенттіктің қатысуымен және қолдауымен Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында табиғатты қорғау жобалары іске асырылды, сондай-ақ жалпы ауданы 2 млн гектардан астам алты ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылды.

Премьер-Министр Қазақстан  БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламасын қолдайтынын атап өтті.

«Бағдарлама «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген елдегі жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар тұрғысында өзекті болып табылады», деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Уша Рао-Монари БҰҰ-ның Қазақстанның тұрақты дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

«ТДМ-ға қол жеткізу даму жолын түбегейлі өзгертуді талап етеді. 2030 жылға дейін бар-жоғы сегіз жыл ішінде дамуды қалпына келтіріп, алға жылжу үшін көп күш-жігер салуымыз керек. Бұл үшін адамдарға инвестициялар салу, әлеуметтік қорғауды жетілдіру, сапалы білім беруді қамтамасыз ету, лайықты жұмыс орындарын құру, жаңартылатын энергия көздеріне көшу және барлығы үшін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мұндай батыл әрекеттер ТДМ қаржыландыру жүйесін қайта қарастыруға алып келеді», деді Уша Рао-Монарин.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР ҰЭМ мен БҰҰДБ арасында Тұрақты даму мақсаттары саласындағы 2030 жылға дейінгі күн тәртібін және БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасын іске асыру аясындағы ниеттер туралы хаттамаға қол қойылды, ол Қазақстан мен БҰҰДБ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ететін болады.

Аяна Тоғанбек