Қоғам • 16 Маусым, 2022

Ұлттық Банк алаяқтардың белсенді әрекетке көшкенін ескертті

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) өздерін инвестициялық компания ретінде көрсетіп жүрген алаяқ топтардың белсенді әрекетке көшкенін ескертті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық Банк алаяқтардың белсенді әрекетке көшкенін ескертті

Қаскөйлер мобильді қосымшалар, сайттар мен жарнамалық роликтер жасауға бейімделіп алған.  Олардың мазмұны жеке тұлғалардың қаражатын басқаруға тарту секілді бағдарламаларды сипаттайды және оны екінші деңгейлі банктермен, ҚҰБ-пен немесе басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген деп көрсетеді. Мұндай жарнамалар – фейк.

«Анықталған алаяқтық пиғылдағы ресурстар мен телефон қосымшалары Қазақстанның «мемлекеттік қорынан», «Ұлттық ресурстардан» немесе қаржы нарығын динамикалық болжаудан тез пайда табуды ұсынады, алайда, мұндай мүмкіндіктер тек төлем жасаған қолданушыға ғана беріледі. Сондай сайттарға өтініш қалдырған интернет-қолданушылар ақшасынан айырылатындай тәуекелге барады: алаяқтар алдымен оның жеке деректерін қолға түсіреді, сөйтіп телефон арқылы хабарласып, ақшаны өз реквизиттеріне аудартып алуға әрекет етеді. Әрі қарай, ақша аударылғаннан кейін оны кері қайтару процедурасы ұзақ та күрделі болуы мүмкін. Сөйте тұра салынған қаражатты кері қайтару үшін қосымша ақша салуға қолданушыны тағы мәжбүрлеуі ықтимал», деп түсіндірді Ұлттық банк.

Сондай-ақ Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жасамайтынын, мемлекеттік қорларда табыс табу үшін қандай да бір платформалар әзірлеуге қатыспайтынын айтты.

Осындай сайттарға, мобильді қосымшаларға тап болғандар немесе телефон-алаяқтарының құрбаны болғандар – алаяқтық фактісі бойынша құқық қорғау органдарына арызбен жүгінуі қажет.

Оған қоса, Ұлттық Банктің ресми байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Аяна Тоғанбек