Жазғы мектептің салтанатты ашылуында Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті Ефим Пивовар, Бүкілресейлік архив ісі және құжаттану ғылыми-зерттеу институтының директоры Павел Кюнг, Өзбекстан Республикасы «Өзархив» агенттігінің директоры Ұлықбек Юсупов, Беларусь архив ісі және құжаттану ғылыми-зерттеу институтының директоры Андрей Рыбаков қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі.
Форум Қазақстан Президент Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Төлеевтің кіріспе сөзінен басталды. Тыңдаушылардың біліктілігін арттыруға, архив ісінде жаңа идеяларды жүзеге асыруға, IT-технологияларды қолдануды ілгерілетуге, қатысушы елдердің Архив қызметтері арасындағы әріптестік қатынастарын нығайтуға ықпал ететін танымал диалог және озық тәжірибе алмасу алаңына айналған жас архившілердің Жазғы мектебінің жұмысына жақсы нәтижелер мен сәттіліктер тіледі. «Бүгінде бүкіл әлем жылдам даму өзгерісі жағдайындағы аумалы-төкпелі заманда өмір сүруде. Біріншіден, бұл біздің жаңа сын-тегеуріндерге төтеп беруге зеректігімізді тексерсе, екіншіден, жаңа білімді игеру арқылы бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл тезистердің архив ісіне толықтай қатысы бар», деп атап өтті Нұрдәулет Төлеұлы.
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Мұстафина өз сөзінде қоғам өмірінің барлық саласында болып жатқан іргелі өзгерістер әр елдің архивтерінің алдына жаңа сын-тегеуріндер қойып жатқанына назар аударды. Бүгінде құжаттарды сақтау архив ісі шеңберінен шығып, әрбір мемлекеттің орнықты дамуының стратегиялық маңызды бағыттарының тізбегіне ие болды. Қазіргі қоғамдағы ақпарат рөлінің артуы архив құжаттарының тұрақты құндылығын арттырды. Осы жаңашыл бастамаларды игеру үшін жыл сайын тілек білдірушілер саны артып келеді. Егер 2017 жылы 49 адам қатысса, өткен жылы – 276, биыл 360 өтініш келіп түсті. «Бұл жас мамандардың көп бөлігі өздерінің кәсіби біліктілігін арттыруға мүдделі екенін білдіреді», деп атап өтті Әлия Құсайынқызы.
Бүгінде беделі артып, бірнеше елдің белді ғалымдарының басын бір арнаға қосқан жастар форумында жаңа технологиялар мен архив ісі саласындағы заманауи әдістерді үйрету – басты міндет. Осы мақсатта әр елдің архивтерінің үздік мамандары – ресейлік Михаил Ларин, Павел Кюнг, Филипп Тараторкин, Лада Афанасьева, Николай Цыремпилов, белоруссиялық Андрей Рыбаков, өзбекстандық Анваржон Алиев, оңтүстіккореялық Мун Хён Сук, қытайлық Лю ЮэНань мен моңғолиялық Баянбилэг Амаржавтан және қазақстандық архивші ғалымдар Әлия Мұстафина, Марс Габбасов және Қайрат Әлімғазинов дәріс оқыды.
Бүгінгі цифрлық форматқа көшу үрдісіне байланысты әлемдегі кешенді өзгерістер кезеңінде құнды ақпараттарды сақтап қалу бойынша сақтық қадамдары жасалуы қажет. Заман талабына сай архивтік құжаттың электрондық нұсқасын пайдалану оңтайлы шешім болғанымен, цифрлық трансформация технологиясын енгізуде кибер шабуылдардың құрбаны болуы мүмкіндігінің жоғары екенін естен шығармаған абзал. Сондықтан архивтік құжаттардың түпдеректерін сақтаудың жөні бөлек. Бұл жауапты жұмыстарды игеріп жүрген архившілерге деген талаптар күн санап өсіп, заманауи білікті мамандар даярлау әр мемлекеттің басым бағыттарына айналып отыр. Осы мақсатта ұйымдастырылған Жас архившілердің тәжірибе алмасуға арналған дәстүрлі жазғы форумын уақыт талабына сай кадр даярлаудың алаңы деп білеміз. Технологияның тілі қарыштап дамып жатқан заманда архивтік құжаттардың цифрлық форматының дерек қорын кәсіби меңгерген архивші мамандар даярлау – бүгінгі басты парыз.
Аталған шара жас архившілердің біліктілігін арттыруға, жаңа технологиялар мен архив жұмысындағы заманауи әдістермен танысуға, архив саласындағы халықаралық қатынастарды дамытуға бағытталған. Іс-шараға отандық архившілермен қатар, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Оңтүстік Корея секілді шет мемлекеттердің 350-ден астам маманы қатысты. Биыл өзбекстандық, қырғызстандық архившілер жиынның қадірменді қонағы болды. Қазіргі оқытудың онлайн форматы географиялық шеңберді кеңейтіп, қатысушылар құрамын түрлендіре түсті. Тұңғыш рет тыңдаушылар ретінде ТМД елдерінен тыс Қытай және Моңғолия елдерінің архив саласының қызметкерлері қатысты.
Ұйымдастырушылар архив ісін дамытуға бағытталған Жазғы мектептің жас архившілер үшін маңызы зор. Мәдениеті мен өркениеті тоғысқан елдерден келген Форумның қатысушылары келесі жылы Алматы қаласында бас қосып, әлемнің жазба тарихын сақтауда парықты ойларымен бөлісіп, парасатты жиынды жалғастырамыз деп тарқасты.
АЛМАТЫ