Қазақстан • 17 Маусым, 2022

Ұлтымызды ұйыстырған Ұлытау

954 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ұлт ұясы Ұлытау – қашан­нан қазаққа қайырлы қоныс болған киелі мекен. Оның төрінде елдіктің еңселі рухы, бірліктің биік байрағы бар. Көне тарихқа көз жүгіртсек те қазақтың ең тағдыршешті ұлы оқиғалары осынау қастерлі байтақтан бас­тау алады. Көшпелі түркі халықтары үшін теңдессіз тұлға – Шыңғыс қағанның ұлы Жошы ханның да осы кең сахарада мәңгілік барақат табуы бекер болмаса керек.

Ұлтымызды ұйыстырған Ұлытау

Қай жағынан алып қарасақ та Ұлытау төрі – өз құдіретімен мыңдаған жылдың бай шежіресін бауырына бүгіп жатқан темірқазық топырақ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да бұл өңірге бірнеше мәрте ат шалдыруы бекер емес. Мемлекет басшысы ретінде Ұлытауға арнайы келіп, ежелгі Алтын Орданың қайнары саналатын, Ұлық ұлыстың тұғырлы төрі есептелетін іргелі жұртқа ай­рықша мән беріп келеді. Бүгін де Ұлы­таудың етегінде елдіктің еңсе­сін тіктейтін, ұлттың маңызды мәсе­ле­лерін көтеретін, жарқын бола­шаққа жаңа жол салатын Ұлттық құ­рыл­тай шақырып, аузы дуалы, айта­ры бар азаматтардың басын қосты.

Тарихта белгілі ұлы құрыл­тай­лардың көне жосығымен шақы­рылған маңызды кеңесті тәуелсіз қазақ елінің жаңа дәуір жолайрығы десе де болғандай. Мәні терең іс-шараға шақырту алған ұлтжанды азаматтар, белгілі тұлғалар тізіміне қарап, келелі басқосуды кезекті бір алқа деуге келмейді. Тұтастықты ту етуге жиылған Құрылтай Жаңа Қазақстанның ертеңгі болашағына баспалдақ бастамадай ұлы рухты оятты.

Жошы хан тарихи-мәдени кеше­нінде ұйымдастырылған Ұлт­тық құрылтайдың жұмысын Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ашты. Кіріспе сөзін Жошы хан басына Құран оқы­тып, тағзым етуден бастаған Пре­зидент Жаңа Қазақстанды құру сын­­ды мұраткерлік істің дәл осы ұлт ұясы Ұлытаудың төрін­дегі Құрыл­тайдан бастау алға­нын жақ­сы­лықтың нышанына жоры­ғанын айтты.

Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен жиынға арнайы шақы­рылған делегаттарды құттықтап, ең бірінші кезекте республикалық ре­ферендумда үлкен өзгерістерге ниет білдірген, дауыс беріп қол­да­ған халыққа зор алғысын жеткізді.

«Отбасымен барып, ел бо­лашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келе­ше­гіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты. Көпшілік Ата Заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматқа зор алғысымды айтамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұдан былай барша еліміздің жаңаратынын айтты. Алайда Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев ол үшін үлкен-кіші, жас-кәрі бәрі бір кісідей жұмылып жұмыс істеп, ерінбей еңбек етулері керек екеніне тоқталды. Мемлекет басшысы елді бір іске ұйыстыру мақсатында Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтергенін айтты.

«Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Баба­ларымыз маңызды мәселелерді осын­дай алқалы жиында талқы­лаған. Халық өзара ақылдаса оты­рып, бір тоқтамға келген. Мұн­дай шешімдер бүкіл елді бірік­тір­ген. Төл тарихымызда ұлт тағ­дырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрыл­тайынан кейін Алтын Орда дер­бес мемлекет болды. Қарақұм жә­не Ордабасы құрылтайлары жұр­тымызды ел қорғауға ұйыс­тырды. Орынбордағы бірін­ші қазақ құрылтайында Алаш пар­­тиясы құрылды. Екінші құрыл­тайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жаңа облыстың ашылуын Жаңа Қазақстан құрудағы алғашқы қа­дам­дардың бірі болғанын атап өтті.

«Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп ата­дық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады. Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталуда. Ұлт ұясы Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент жуырда өткен референдум елдегі саяси өзгерістерге ұмтылудың жарқын үлгісі екенін айта келіп, осы сая­си жоба жүзеге сәтті асқаннан кейін, баз біреулердің мемлекеттің атауын өзгерту туралы айтқан пікірін сын тезіне алды. Мұның дәл қазіргі уақытта елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жа­уапсыз шешім екенін айтты Мемлекет басшысы.

«Ең басты мәселе, біз тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісім­шартқа қол қойдық, мемлекеттік шекара­мызды бекіттік. Осындай жағ­дайда мем­ле­кетіміздің атауын өзгерту жауапсыз ше­шім болар еді. Бұл – ең алды­мен, ұлт­тық қауіпсіздігімізге және халқы­мыз­­дың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрыл­тай жұмысын бастап бергеннен кейін, іс-шараны жүргізу тәртібінің тізгінін Мем­лекеттік кеңесші Ерлан Қарин алды.

Парламент Мәжілісінің Төрағасы, Amanat партиясының төрағасы және депутаттық фракциясының жетекшісі Ерлан Қошанов, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, математик ғалым, мемлекет қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев, Мәжіліс депутаты, «Русская община столицы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Дементьева, ақын Светқали Нұржан, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым, Қазақстан жекпе-жек өнері қауымдастығының вице-президенті Сәрсен Құранбек, Qazaqstan ұлттық телеарнасының бас продюсері, Ashyq alań талдау бағдарламасының жүр­гізушісі Мақсат Толықбай сөз сөйледі.

Атап айтқанда, өз сөзінде Мә­жіліс Төрағасы Ерлан Қошанов таяуда өткен референдум қазақ халқының ауыз­бір­шілігін, ұлттық бағытта ұйыса білетінін көрсеткенін атап өтті.

«Халқымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Екінші Республика құруды көздеген стратегиялық бағытын, терең реформаларын, елді түбегейлі өзгертуге бағытталған тарихи талпынысын басым дауыспен қолдады. Еліміз рефор­малардың одан әрі жалғасуын, жалғаса беруін қалап отыр. Ел-жұртты аралап, мыңдаған кездесу өткізген кезде Мәжіліс депутаттары, Amanat-тың өңір­дегі өкілдері осыған толық көз жет­кіздік. Түптеп келгенде, «Қасірет­ті қаңтар» оқиғасынан кейін Қазақ­станның болашағына, қазақ қоғамының бірлігіне күмән келтіргендер де аз болған жоқ. Алайда тарихи референ­дум халқымыздың тұтастық пен ауыз­біршілікке, мемлекетшілдік мұраты мен тәу еткен тәуелсіздікке адал екенін айқын көрсетті. Осы тұста бір нәрсені ерекше атап өткім келеді. Ел тағдыры қыл үстінде тұрған сол сын сағаттарда аса ауыр жағдайда қандай қиын шешім­дер қабылдағаныңыздың куәгері бол­дық. Ол туралы кешегі берген теле-сұхбатыңызда өзіңіз де айттыңыз. Сол шешімдер біздің тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді сақтап қалғаны ақи­қат», деді Е.Қошанов.

Бұдан кейін ой айтуға, пікір білдіруге ниет еткен құрылтай мүшелеріне сөз берілді. Олардың бірі Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүше­сі Бауыржан Ғұбайдуллин дәстүрлі діні­міз­дің маңайына топтасудың ма­ңызына тоқталып, сондай-ақ шекаралық аймақ­тардағы адам санының азайып бара жат­қанын айтып, бұл мәселені жіті бақы­лауға алуды ұсынды.

Одан кейін сөз алған кәсіпкер, Daco-Motors жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сырымбек Тау жаңа Ұлытау облысында экономикалық еркін аймақ құру керегін айтты. «Сонда өңірге инвестиция келеді, кәсіпкерлер бұл іске құлшына кірісер еді», деді ол.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев ре­фор­малардың жалғасқанын қалай­ты­нын айтып, қазіргі мәслихаттар жұмысын шира­­ту жөніндегі өзінің сыни пікірлерін білдірді.

Алқалы жиынның қорытынды сөзін алған Мемлекет басшысы ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына сенім білдірді. Сөйтіп, алты Алаштың баласы жиналған алқалы жиында алғашқы тапсырмасын да берді.   

«Бұл жерде барлық рудың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт  бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таң­балы тас» деген. Өкінішке қарай, қас­тер­лі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел аза­маттары Ұлытауға ескерткіш қойып, тас­тағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда  қазақ­тың бірлігін әйгілейтін сәулетті ны­сан тұруы керек. Мен  Әулиетаудың ете­гінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беру. Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуға тиіс үш негізгі мәселені атады.

«Бірінші. Жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруі­міз қажет. Сонымен қатар қоғам­ды алға жетелейтін құндылықтарды қалып­­тастыруымыз керек. Біз орнықты демо­­кратиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамы­туы­мыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отан­шыл­дық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстре­мизмге тосқауыл қоямыз», деді Прези­дент.

п

Мемлекет басшысы елдің ең бас­ты құндылығы егемендік екеніне назар аударып, қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда саяси белсенділік артқанын атап өтті. Жаңа саяси партиялар мен қозғалыстар пайда бола бастағанын, түрлі алаңда әртүрлі пікір айтылып жатқанынан хабардар екенін айтты.

«Қоғам белсенділері әлеуметтік желіде түрлі мәселе көтеріп жүр. Шыны керек, кейде мүлде ақылға сыймайтын пайымдар да айтылады. Жұрт даулы мәселелерге наразылық білдіріп, көшеге шығатын болды. Заңды белден басатын азаматтар да жоқ емес. Біртіндеп демократия жолына түсу кезінде мұндай жағдайлардың болуы түсінікті. Бірақ Заң талабы мүлтіксіз орындалуға тиіс еке­нін әрдайым есте ұстау қажет. Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бір­ден-бір кепілі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ұлтты ұйыс­тыратын бірінші қасиет атаққұмарлық емес, еңбекқорлық. «Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы ай­қай шығаратын адамдар бүгінгі күннің баты­рына айналды. Депутаттар мен атқару­шы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеу­нік­тер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтар­дағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Президент жүргізіліп жатқан рефор­малардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіруді екінші маңызды міндет ретін­де атады. Қазір бұл жаңғырулар біртін­деп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастаған.

Мемлекет басшысы халықтың жаңа технологиялар арқылы ауқымды рефор­маларға қатысуын үшінші маңызды міндет ретінде атады.

«Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Біз Жаңа цифр­лы технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді бол­мақ. Мен «Құрылтай» деген арнайы мобиль­ді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол ар­қылы халық елді жаң­ғыр­ту туралы ой-пікірін онлайн режімде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын кө­руі қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елімізде сыбайлас жем­қорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатқанын айтып, мұның еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе екенін атап өтті. Сондай-ақ ол маңызды мәселенің бірі – латын әліпбиіне қатысты пікірін білдірді. «Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн. Бұған дейін біз екі рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады.

Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни тілімізге арналған орфо­графиялық қағидаларды қайта қара­ған жөн», деп түсіндірді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент елімізде ана тіліне деген құрметтің жоғары болатынын шегелеп айтты. «Жақында әйгілі Apple компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын Nickelodeоn телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен National Geographic журналы алты жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалық бар. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек», деді Мемлекет басшысы.

Ұлытауда жұмысы жоғары деңгейде өткен Ұлттық құрылтайдың құрамына 117 адам енген. Олардың қатарында барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері бар. Осы орайда, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай жұмысын ұйымдастыру жайында ой-пікірін білдіре келе: «Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идея­ларын қолдаймыз», деді Президент.

Мемлекет басшысы бейбітшілік пен тұрақтылықты еліміздің басты байлығы екенін айтты. Онсыз Қазақстанның өсіп-өркендеуі мүмкін емес екеніне назар аударды.

«Бейбітшілік пен тұрақтылықтың өзегі ел бірлігі екенін есте сақтайық, – деді Президент. – Халқымыз «Береке басы – бірлік» деген. Қазір әлемдегі ахуал құбылмалы. Оны жақсы білесіздер. Осы күрделі кезеңде ауызбіршілігіміздің мықты болуы өте маңызды. Біз қиын­дықтың бәрін ынтымақтың арқасында еңсеріп келеміз. Болашақта да осы жол­дан таймауымыз керек. Мен халқы­мыздың жасампаздық рухына кәміл сенемін. Қазақ елінің мәртебесі биіктей берсін».

Мемлекет басшысы Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне де өзгеріс енгізген жөн деп есептейді. Мәселен, Тәуелсіздік мейрамының мәнін өзгертпестен, кейінгі жылдары атаусыз қалған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«1990 жылы 25 қазанда Қазақ­стан­ның егемендігі туралы декларация қабыл­данды. Бұл еліміздің Тәуел­сіздік жолын­дағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», деді Президент.

Ел Президенті кадр мәселесі туралы да өзінің пікірін білдіре кетті. «Әлеуметтік желіде «Ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ негізінен кадр­ларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған революциялардан кейін де бұрынғы режімнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда біздегі жағдай, әрине, мүлде басқаша. Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз», деді Қ.Тоқаев.

Құрылтайдың соңына таман Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Шәм­ші Қалдаяқовқа Еңбек Ері атағының беріл­генін еске сала келе, биыл 80 жасқа толған Мұхтар Шахановтың да осы мәрте­белі атақ­пен марапатталатынын қуана хабарлады.

«Жақында Шәмшінің іні-досы Мұх­тар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құр­метке де лайықты. Ол – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шаха­новқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қой­дым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрін­де тапсырғанды жөн көрдім», деген Мем­лекет басшысы Ұлытаудың төрінде әйгілі ақынның төсіне «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының мәртебелі белгісін тақты.

п

Ал сөзінің соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі құрыл­тайды Түр­кістан қаласында өткізуді ұсынды. «Ұлы­таудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күл­төбе сияқты қастерлі жерлеріміз бар. Мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады», деп сөзін қорытты Мемлекет басшысы.

п

 

Ұлытау облысы