Ғасырлардың сыры мен мұңы сіңген өңірде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құрудың негізі де осы жиынмен астасып жатқанын аңғартты.
Бүгінде еліміздің баянды болашағы үшін атқарылып жатқан ауқымды шаруалар аз емес, бірлесіп бітіретін тірліктер де жетіп артылады. «Елу жылда ел жаңа» деген сөздің парқын түсінетін кез жетті. Біздің басты байлығымыз – Тәңір тарту еткен ғажап құтқа айналған азаттық. Президенттің өзі Екінші Республика, Әділетті Қазақстан идеяларын жүзеге асырудың маңызын айтудай-ақ айтып келеді. Топқа да, отқа да түскен отыз жылдық тарихқа үңіле отырып, жаңа биіктерді бағындыратын уақыт келді.
Құрылтайдың бір міндеті түрлі қоғамдық топтар арасында диалог орнату болып отыр. Алқалы жиында кемел келешегімізді бағдарлайтын баянды бастамалар сөз болды. Жалпы, Ұлттық құрылтайдың құрамына әртүрлі жастағы азаматтың енгеніне қарап, ұрпақтар арасындағы сабақтастық сақталғанын айқын аңғарамын. Алқалы жиынға қатысу мен үшін үлкен сенім, жауапкершілік деп біле-
мін.
Айсұлу ЕРНИЯЗОВА,
«Қазақстан волонтерлері лигасы» қоғамдық қорының төрағасы