Жошы өзінің ғаламдық ұлы жорықтарына дәл осы қасиетті Ұлытауда ұлысымен баталасып, жолға шыққан. Берісі Ресейде, әрісі кәрі құрлықта атының ауыздығын ағытқан Батый да Жошының байрағын осы Ұлытауда қолына алған.
Алып шаһарларды отқа ораған Алтын Орданың ханы Тоқтамысқа, ер Едігеге мәңгілік жер бесік болған мекен бұл. Түбі бір түркі көсемдерімен ымыраға келе алмай кеткен Әмір Темір өзінің тағдырын Алтыншоқыдағы тасқа қашап қалдырды.
Қасқа жолы жарғыға айналған Қасым ханның ақтық асы өткен Ұлытау бұл.
Алатаудың арғы қапталында қапыда Кене ханның басы иығынан домалап бара жатқанда бір түйір топырағы бүлк ете қалған Ұлытау!
Ұлытау – біздің ата-бабаларымыздың мыңдаған жыл рухани аңызына айналған, ақындар жырына арқау еткен, сын сағатта пәтуа мінбері болған қасиетті төр! Қырым мен Үрімнің үрейін алған көшпенділердің көшін бастаған хандар мен билердің жолы дәл осы Ұлытаудан басталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол қасиетті төрде елдік пен бірліктің байрағын желбіретіп, Ұлттық құрылтай шақырған еді. Сол сәттің мезгіл сағаты соқты. Салтанаты жарасқан байсалды Мәжілістен халықтың күтетін үміті мен сенімі мол.
Ұлытау байтағындағы Жошы хан кесенесінің іргесіне Ақ шатыр тігіліп, байрағы желбіреген Ұлттық құрылтай Қазақ еліне, ел-халыққа қайырлы болғай!
Жанарбек ӘШІМЖАН,
Мәжіліс депутаты