Қазақстан • 17 Маусым, 2022

Ерсұлтандай ер болса

1528 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жетісудың төл перзенті, жоғары оқу орнын үздік аяқтаған жас инженер Ерсұлтан Өтеғұлұлы Бектұрғанов осы жерде партия, кеңес қызметіне жолдама алып, оншақты жыл сол салада жауапты қызмет тезінен, өмір мектебінен өтіп, ысылып, біліктілігі жоғары, іс тәжірибесі толысқан мықты маман болып шыңдалды.

Ерсұлтандай ер болса

Еліміз егемендік алып, жаңа мемлекеттік институттарды құ­ру міндеті алға қойылғанда оны іс жүзіне асыруға қабілетті Ер­сұлтан сияқты кадрларға үлкен сұраныс туды. Сөйтіп, Ерсұлтан Өтеғұлұлы 90-жылдардың басында Талдықорған облыстық халық депутаттары кеңесінің, облыс әкімшілігі басшысының аппараттарын басқарды. Кеңес Одағы ыдырап, шаруашылық бай­ланыстар үзіліп, экономика құл­дырап, халықтың әлеуметтік жағ­дайы қатты нашарлаған тұс­та, тиісті реттеу саласында күн сайын туындап жатқан проблемаларды шешумен айналыса жү­ріп, енді ғана негізі қаланған осы мекемелердің құрылымын қалыптастырып, жұмысын жолға қойып, қызметкерлер құрамын жасақтауға жетекшілік етті.

Ерсұлтан Өтеғұлұлы Сырт­қы істер министрлігінде, Қазақ­станның Германиядағы тұңғыш елшілігінде дипломатиялық қыз­мет атқарған кезде мемлекеттік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды. Екі ел арасындағы қа­рым-қатынасты қалыптасты­­рып, нығайту, Республикамыз­дың халықаралық беделін күшейту, экономика салаларына инвести­циялар тарту сияқты аса ауқымды, күрделі міндеттер оның іскерлік қарым-қабілетін одан әрі ұштап, көзқарас көкжиегін одан сайын кеңейте түсті.

Ерсұлтан Өтеғұлұлының со­дан кейінгі қызмет жолы Пре­зидент Әкімшілігінде жалғасып, 16 жылдан астам уақыт бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі бола жүріп, мемлекеттік қызмет саласының қалыптасып, дамуына молынан еңбек сіңірді.

Ертеден келе жатқан «Бәрінің кілті – кадрда» деген сөз бар емес пе, шынында да, кез келген елдің табысты дамуы оның кадрларының, яғни, жауапты мемлекеттік қызметкерлерінің даярлық деңгейіне байланысты. Сол себепті Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы күні­нен бастап осы мәселеге баса мән беріп, 1993 жылы экономикалық дағдарыс өршіп тұрса да халық­аралық «Болашақ» стипендия­сын белгілеп, талапты жастары­мызды жыл сайын бюджет қара­жатының есебінен шетелдің озық оқу орындарына білім алуға жі­беріп отырды. Сонымен қатар бұрын қолданылған кеңестік кадрлармен жұмыс жүйесінің орнына мемлекеттік аппараттың тиімділігін, еліміздегі реформалау процестерін ұйымдастырушы­лар мен жүргізушілердің кәсіби құзыретін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа қызмет жүйесін құруға қажеттілік туды. Сөйтіп, 1995 жылы үздік әлемдік практиканы зерттеу негізінде ТМД елдерінің арасында алғаш болып «Мемлекеттік қызмет тура­лы» заң қабылданды. Онда «мем­лекеттік қызмет», «мемлекеттік қызметші» ұғымдары бекіті­ліп, негізгі реттеу қағидатта­ры мен ережелері белгіленді. Осы кезеңде ел Президентінің аталған саланы реформалау бо­йынша белгілеп берген міндет­тері мен тапсырмаларының әрі қарай орындалуын үйлестіру мен бақылауға жоғарыда атал­ған заң жобасын әзірлеуге тіке­лей атсалысқан Ерсұлтан Бек­тұрғановтай білімді, жігерлі, тәжі­рибелі мамандардың келгені заңды да.

Ерсұлтан Өтеғұлұлы елімізде бірыңғай кадр саясатын іске асыратын орган – Мемлекет­тік қызмет істері агенттігін және Мемлекеттік басқару Акаде­мия­сын құру, олардың функцияларын айқындау мен жаңа құрылымдардың ережелерін да­йындау, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімі мен санаттарының тіз­бесін бекіту, бос орынға конкурс арқылы орналасу, тәртіптік жаза қолдану және басқа да қа­жетті қағидаларды белгілейтін Пре­зидент Жарлықтарының жо­ба­ларын әзірлеу, талқылау, же­тіл­діру жөніндегі жұмысқа бел­сене араласты. 1999 жылы «Мем­лекеттік қызмет туралы» екін­ші заңның қабылдануы са­ла­ның құқықтық жағынан рет­телуін сапалық тұрғыдан жаңа дең­гейге көтерді. Елдің саяса­тын айқындайтын «мемлекеттік саяси қызметші» ұғымы енгізілді. Осы санаттың құқықтық мәртебесі, өкілеттіктері, әкімшілік қыз­мет­шілерден ерекшелігі айқын­далды. Жаңа заңда көздел­ген ережелерді іске асыру үшін Пре­­зидент Жарлығымен Мем­ле­кеттік қызметті өткеру тәр­тібі туралы ереже бекітілді. Мем­лекеттiк қызметшiлердi оқыту тұжырымдамасы және басқа құжаттар қабылданды. Мұның бәрі елімізде жүргізіліп жатқан реформаның жетік және кемшін тұстарын тиянақты түрде талдап, халықаралық озық тәжірибе­ні зерделеу, соның нәтижесінде тиісті нормаларды тұжырым­дап, ғалымдармен, сарапшылармен талқылау сияқты жан-жақты жұмысты талап етті. Соның бел ортасында Әкімшіліктің кадр қызметі және оның басшысы Ерсұлтан Бектұрғанов жүрді.

Ерекең 2012 жылы Мәжіліс депутаттығына сайланып, Пала­таның Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік комитеті­не мүше болды. Ол дипломатия­лық мектептен өткен кәсіби ма­ман болғандықтан, мемлекетара­лық қатынастарды реттейтін шарттар мен заң жобаларының нағыз білгірі ретінде бірден көзге түсіп, осы салада түйткілді мәселенің түйінін тарқататын, қажет кезінде ой қосатын ақылшымызға айналды. Әріптесіміз кез келген мәселені қарағанда бір сәттік эмоцияға бой беріп, асығыстыққа салынбай, жан-жақты жете зерт­теп, бір қарағанда көзге кө­ріне бермейтін қырларын тегіс сараптап, қоғамда орынсыз кү­мән туғызатын шикілі-пісілі ше­шімнің шығып кетпеуіне баса мән беретінімен ерекшеленді. Сондықтан басқа әріптестеріміз оның көтерген мәселелерін, ұсы­ныстарын, депутаттық сауал­­дарын әрдайым қолдап, оған бірлескен автор есебінде қосы­луға ниетті болатын.

Е. Бектұрғанов депутат ретінде өте белсенді қызмет атқарды. Еліміздің басқа өңірлерін айт­пағанда, бір ғана Алматы облы­сының өзінен Жамбыл ауданында су құбыржолын тарту, Сарқан қаласы арқылы айналма жол салу, Ақсу қант зауытын қалпына келтіру, Алакөл көлінің жағасын абаттандыру, орта мектептерді компьютерлермен қамтамасыз ету, Қапал ауылының Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу, Қаратал ауданының аумағындағы әскери бөлімдер әскери қызметшілерінің мәртебесін өзгерту, азаматтар­дың әлеуметтік мәселелерін шешу, Іле ауданындағы №48 мектепке Т.Айбергеновтің атын беру, І.Жан­­сүгіровтің 120 жылдығына арналған іс-шараларды өткізу, Облыстық ардагерлер кеңесіне тұрақты көмек көрсету және бас­қа да мәселелердің дер кезінде, толық сапалы шешілуін өз бақы­лауында ұстап, қадағалап отыр­ды. Облыстық Ақсақалдар кеңе­сімен тұрақты байланыста болып, қойылған сұрақтарды дер кезінде шешуге атсалысып жүр­ді. Ел үшін атқарған еселі ең­бегін ерекше бағалаған Жетісу жұр­ты Ерсұлтан Бектұрғановқа «Алматы облысының құрметті азаматы» атағын берді.

Сондай-ақ ол өтініш, арыз-шағымдарымен келген әр азамат­тың қойған сұрақтарын шешуге, көмектесуге барлық күш-жігерін салуға тырысатын. Кейбір арыз иелерінің қолынан жетектеп жү­ріп, құзырлы органдардың басшыларымен талай кездесулер ұйымдастырып, бастаған істерін аяғына дейін жеткізіп жүрді. Осындай еңбегі үшін азаматтарды қабылдау ісінде «Үздік депутат» деген атаққа да ие болды.

Ел өңірлеріне жұмыс сапарымен барғанында сайлаушылармен кездесулер өткізіп, халықтың көкейінде жүрген ­проблемаларды билікке жеткі­зіп, тиісті шешімін табуына күш сал­ды. Парламенттің аты­на жол­данған аса өзекті мәселе­лер бо­йынша Үкіметтің және басқа мем­лекеттік органдар­дың атына депутаттық сауал жол­дап отырды.

Елбасының және Мемлекет басшысының саясатын қолдау­ға бағытталған, сондай-ақ Nur Otan партиясының міндеттері мен ұсыныстары бойынша рес­пуб­ликалық бұқаралық ақпа­рат құралдарында мақала, пікір­лер жариялап, елді бірлікке, тір­лік­ке, тәуелсіздігімізді нығай­туға ба­ғыт­талған сұхбаттар беріп ­жү­руді жұмыс тәртібіне айналдыр­ды.

Заң шығару саласында Ха­лық­аралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитеті жауапты болып белгіленген көптеген заң жобасының жұмыс тобына же­текшілік етіп, басқа да заң жо­ба­лары бойынша жұмыс топта­рына белсене қатынасып, өз ұсы­­ныстарын ортаға салды. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті 2019 жылғы 26 қа­ра­шада қол қойған «Қазақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне мемле­кеттік қызмет және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы­ның заңын жеке бастамасы бойын­ша әзірледі.

Сонымен қатар ҰҚШҰ ПА Қор­ғаныс және қауіпсіздік мә­се­лелері жөніндегі тұрақты ко­мис­сиясының, НАТО Парла­мент­тік Ассамблеясында бай­қаушы ретінде Қазақстан Рес­пуб­ликасының атынан парламенттік делегацияның, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Өзбекстан Республикасы парламент­ші­лерімен, Финляндия парламент­шілерімен ынтымақтастық жө­ніндегі парламентаралық топ­тарының мүшесі ретінде түрлі ел­дермен парламентаралық байланысты нығайтып, халықаралық өзара тиімді қатынастардың одан әрі кеңеюіне сүбелі үлес қосты. Ел ішінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Мем­лекеттік органдардың мемле­кеттік қызмет істері бойынша қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің, Nur Otan партиясының фракциясы жанындағы «Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту» бағыты бойынша ко­миссияның құрамында аталған салаларда орын алып отырған проблемаларды анықтап, шешуге, болашақта атқарылатын шараларды белгілеуге атсалысты.

Алыс-жақын шетелдерде өт­кен Президент, Парламент сай­­лау­ларына бірнеше рет елі­міздің атынан байқаушы ре­тінде қатысып, оның нәтижесінде түйген білікті тұжырымдары мен пікірлерін тиісті органдарға тапсырды.

Халқымызда «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген қанатты сөз бар. Ерекең өмір бойы мем­ле­кеттік қызметте жүрсе де өнер­ге, спортқа, ақындыққа жақын азамат. Бала кезінен сырнайы қолынан түспеген, ән салуды өзі­не күнделікті дәстүр етіп ал­ған әуесқой әнші. Бір кітапқа жүк болатын екі жүзге жуық өлең шумағын жазып жүргенін дос­тары жақсы біледі. Жаңа ел­ордаға көшіп келгеннен кейін «Сарыарқа» ардагерлер волей­бол спорт клубын құрып, көп­те­ген аза­маттың басын қосып, ұйым­дастырып, салауатты өмір салтын насихаттауға, біраз жас­тардың үлкен спорт аренасынан көрінуіне жеке үлесін қосты. Бұл еңбегі үшін «Қазақстан спорты­на еңбегі сіңген қайраткер» ата­ғы берілді.

Ерсұлтан Өтеғұлұлы мі­нез­ге бай. Сенімді. Достыққа адал. Үл­кенге ізет, кішіге сый­лас­тық­­­пен қарайтын, адамгершілік құн­­дылықтарды құрметпен ұстай­тын, тектіліктің туын биік кө­теретін, тумысынан бауыр­­ластыққа, жылылыққа бе­йім тұлға. Өмірден түйгені, біл­гені мол, кемел шаққа келген Ере­кеңдей азаматтың елге бе­рері, ізін басып келе жатқан жас­тарға әлі де үйретері көп. Сол жолда Жаратушы жар болып, денсаулығын мықты, өмір жасын ұзақ қылғай!

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері