Театр • 17 Маусым, 2022

Жапонияда жарқыраған Арман

388 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында жапондық танымал Maki Asami Ballet труппасымен бірлесе өнер көрсетіп, қазақстандық балеттің жоғары деңгейін жат елде паш етіп қайтқан «Астана Опера» театрының жетекші солисі Арман Оразовтың таланты күллі Күншығыс елі көрермендерін тәнті етті. Оның орындауындағы Морис Жаррдың музыкасына көрнекті хореограф Ролан Петидің қойған «Париж Құдай анасының соборы» спектакліндегі Фебтің партиясы жапондықтар үшін шын мәнінде өнердің үлкен жаңалығы болды.

Жапонияда жарқыраған Арман

Жапония балет труппалары жаһанға өзінің сан алуан салтанатымен танымал. Солардың бірі – би бекзадасы Арманмен тандемде жұмыс істеген Maki Asami Ballet ұжымы. Спектакль Токиодағы беделді Bunka Kaikan Hall сахнасында өтті. «Астана Операның» жетекші солисі спектакльдегі капитан Фебтің партиясын керемет орын­дап, жапондық көрерменнің сүйіс­пеншілігіне бөленді.

– Жапондықтардың Фебтің партия­сын орындауға әдейілеп шақырғаны мен үшін зор мақтаныш. Бұл айтулы партиямен шетелде бірінші рет өнер көрсетуім емес. Осыған дейін біздің труппа Санкт-Петербургтағы әйгілі Мария театрында «Париж Құдай анасының соборы» балеттік спектаклін ұсынған болатын. Әрине, күнде көріп жүрген әріптестеріңмен өнер көрсету, бір сахнада билеу басқа да, бейтаныс әртістермен жұмыс істеу мүлде бөлек. Әсіресе бұл жас әртіс үшін теңдессіз тәжірибе. Осы сапарымда мен өз өнеріммен Қазақстанды, төл театрымды таныстырғаннан кейін, маған бұрынғыдан да зор жауапкершілік артылды, бойымдағы барлық кәсіби шеберлігімді көрсетуге тырыстым. Маған білдірген қолдауы үшін балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды театрдың жетекші солисі Арман Оразов.

Бұл отандық дарынды әртістің Күншығыс еліне алғашқы баруы болса да, ол өнерде шекара жоқ екенін, шетелдік әріптестерімен алғашқы дайындықтан кейін-ақ достасып кет­кенін айтып, жапондықтардың қонақ­жайлығына бас иіп қайтқандығын да тамсана жеткізді. Екі күн қатарынан көрермен назарына ұсынылған спектакльде отандасымыз Maki Asami Ballet труппасы, сондай-ақ Франция мен Италиядан шақырылған солистермен тамаша тандемде өнер көрсетті. Әлемнің әйгілі балет бишілерімен бірге билеуге Арманды  Ролан Петидің ассистенті, әйгілі балетмейстер Луиджи Бониноның өзі арнайы шақыруы да – ұлттық балет өнері үшін зор табыс екені сөзсіз. 

– Біз Луиджи Бониноны көптен бері білеміз. Ол өте керемет адам және бидің егжей-тегжейіне дейін жіті мән беретін кәнігі кәсіби маман. 2016 жылы ол «Астана Операға» Ролан Петидің хорео­графиясында «Париж Құдай анасының соборы» әйгілі спектаклін алып келді. Одан кейін осы көрнекті хореографтың қойылымында Лео Делибтің әйгілі «Коппелия» танымал балетін ұсынды. Жапонияда мені Луиджи Бонино күтіп алып, екеуіміз бірге он күн бойы өнер көрсетуге дайындалдық, – деп жапон сапарындағы әсерімен бөліскен әртіс отандық балет өнерінің болашағына қатысты да ойын ортаға салды:

– Бүгінде қазақстандық балет әлемдік деңгейде тұр деп нық сеніммен айта аламын. Біздің әртістердің шет елдерде өнер көрсетіп, спектакльдер мен гала-балеттерге қатысуға шақырту алып жатқаны – осының айқын дәлелі. Бұған дейін Оман, Италия мен Испанияда табысты өткен гастрольдік өнер көрсетулеріміз кезінде, сондай-ақ осы жолғы сапар барысында да бұған анық көз жеткіздім, – деп ойын түйіндеді биші. 

 Бұл алыс-жақын шет елдерді өнерімен тамсандырып жүрген «Астана Операның»  дарынды әртісі Арман Оразовтың актерлік шеберлік пен техникалық дайындық тұрғысынан жат елді таңдай қаққызып келген  алғашқы сапары емес. Оның қоржынында Қазақстаннан бөлек, Германияның беделді халықаралық байқауларының да жеңістері бар. Жапонияда жарқырап жүріп жарқын өнер тудырған талантқа тамсана қол соққан көрермен қошеметі – риясыз көңіл ризашылығы еді.

а