Экология • 17 Маусым, 2022

Жайық өзенін тазартатын коммуналдық кәсіпорын құру ұсынылды

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов Мәжілістегі парламенттік тыңдауда Жайық өзенін тазарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы мәлімдеп, ол үшін мамандандырылған коммуналдық кәсіпорын құру талап етілетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жайық өзенін тазартатын коммуналдық кәсіпорын құру ұсынылды

Өңір басшысы шұғыл әрекетті талап ететін бірқатар мәселелерді тізбектеп өтті. Олардың қатарында Көкжиде тұщы су кен орнының қорларын пайдалану бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу мәселесі де бар.

Сондай-ақ су ресурстарының ластануын болдырмау үшін өзендерді батып кеткен үлкен заттардан тазарту қажет екені айтылды.

Серік Шапкенов өңірдегі өзендердің түбін тереңдету жұмыстарын тұрақты негізде жүзеге асыратын мамандандырылған коммуналдық кәсіпорын құру қажет деп санайды. Бұл гидрологиялық режимді жақсартуға және Атырау облысы аумағында су деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Жайық және Қиғаш өзендеріндегі су жылдан жылға азайып келеді. Осыған байланысты өзен сағаларын тазарту және түбін тереңдету мәселесі өзекті болып қала береді. Олар болмаған кезде балықтар теңізден өзенге өте алмауы мүмкін. Бұл - уылдырық шашу үшін қолайлы жерлерге өткізетін сағалар. Балық табиғи түрде уылдырық шашады, теңізден өзендерге өтіп, бұл сағаларды айналып өтеді. Осы проблеманы шешу мерзімдерін созу Каспий теңізінің балық қорын молайту мүмкіндігін жоғалтуға әкеп соғатынын ескеру қажет», деді Серік Шапкенов.

Гидрологиялық режимді жақсарту және Жайық пен Қиғаш өзендерінің өсімін молайту үшін 2017 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, олардың ұзындығы 169 километрді құрайды. 2022-2026 жылдары жалпы алғанда 295 км-ге жалпы сомасы 21,1 млрд теңгеге қосымша жұмыс жүргізілетін болады.